16 Наурыз, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

554 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Дағдарыста байлар байиды Американың “Форбс” жур­на­лы әлемдегі байлардың тізімін жа­риялады. Өткен жылдың қо­ры­тындысы бойынша байлар ті­зі­мін 53,5 миллиард доллар бай­лығы бар мексикалық телемагнат Карлос Слим бастап отыр. Ол бірінші орыннан атақты аме­ри­калық Билл Гейтсті (53 мил­ли­ард) ығыстырды. Үшінші орында – тағы да бір америкалық Уоррен Баффет (47 миллиард). Бір қызығы – дағдарыс ке­зін­де Ресейде миллиардерлер кө­бейіп­ті. “Форбстың” тізіміне бұрын 32 ресейлік бай кірсе, енді олардың саны – 64. Азаров – премьер-министр Басқа жерде биліктегі екінші тұлға саналатын премьер-ми­нистр­лердің кім болғанына мән беріле бермейді. Ал Украинада – өзгеше. Бұл президент В.Яну­ко­вич­тің бағытын білдіреді. Бұрын Ю.Тимошенко атқарған қызметті енді Н.Азаров атқарады. Демек, президент өз адамдарына сенім артады. Үміткердің бірі С.Тигипко премьердің көп орынбасар­ларының бірі ғана болды. Ата заңда ақау көп Молдавия басшылығы ел кон­ституциясына өзгерістер ен­гізу үшін бүкілхалықтық рефе­рен­дум өткізу жөнінде шешім қабылдады. Оның да жөні бар: сол ата заңдағы ақаулықтарға байланысты. Республика біраздан бері өз президентін сайлай алмай отыр, тіпті қажетті уақытында парламент сайлауын да өткізе алмайды. Сондай-ақ қазір президент міндетін атқарушы Михай Гимпу референдумға мемлекеттік тілді молдаван тілі дегеннен румын тілі деп атауға өзгертуді ұсынып отыр. Коммунистер бұл рефе­рендумға бойкот жарияламақ. Соғысқа дайын КХДР үкіметі өз әскерін жоғары жауынгерлік дайындыққа қойғанын мәлімдеді. Мұны олар Оңтүстік Кореядағы АҚШ-пен бірігіп өткізіліп жатқан әскери жаттығуларға жауап деп отыр. Сол жаттығуларды олар Сол­түс­тікке шабуылдың репетициясы санайды. Солтүстік жағының әскери қолбасшысы Оңтүстік Ко­реяны АҚШ-ымен қоса қо­па­рып тастауға дайын екендіктерін хабарлады. Қорқытуға да болар, бірақ шамалап айтқан да жөн ғой. Чилиде – жаңа президент Жер сілкініп, астан-кестен болып жатқан Чилиде жаңа президент Себестьян Пиньера қызметіне кірісті. Бұған дейін 20 жыл солшылдардың билігінде болған бұл елде аса бай адамның президент болып сайлануы да чилиліктердің бір өзгеріс күткені шығар. Дегенде, соңғы президент әйел азамат Мишель Бачелет ха­лыққа жағымды болды. Тек оның қайта сайлануын заң көтермеді. Пиньераға билік тізгінін ұстау оңайға соқпас. Ақпандағы жер сіл­кінісі елге 30 миллиард доллар зиян келтірді. Бір қызығы – жаңа президенттің инаугура­ция­сы өтіп жатқанда да 7,2 балл жер сілкінісі болыпты. Дос болу қиын ел Иранның көлік министрі Хамид Бехбахани сол елде нан тау­ып жүрген ресейлік ұшқыш­тар­ға екі айда табандарыңды жал­тыратыңдар деп нұсқау берді. Себебі – өзімізде ұшқыш жетеді дейді. Жетсе, бұрын неге жұмыс­қа алған?! Мұның шын себебі басқада. Ресей амалсыз АҚШ ұсы­нып отырған Иранға қарсы санкцияны қолдауға мәжбүр. Со­нан соң Иранға С-300 зымыран-зинит кешенін берсе де абыройы төгіледі. Иран оны түсінгісі келмейді. Жалпы, Иранмен дос болу қиын. Лаңкестер орны – түрме Тәжікстанда “Таблиғи Джа­маат” мұсылман қозғалысының мүшелері мен жақтастарына сот болды. Айыбы – экстремистік ұйым­дармен байланысы барлы­ғы. 23 адам үш жылдан алты жылға дейін сотталса, 33 адамға ақ­шадай айып белгіленді. Жалпы Тәжікстанда “Таблиғи Джамаат­тың” қызметіне тыйым салынған. Қарақшылар құрықталды Францияның әскери теңізші­лері Сомали жағалауында күзетте жүрген кезінде 35 сомали қарақ­шысын қамауға алыпты. Бұл – соңғы екі жылдағы қарақшы­ларға қарсы күрестегі ең үлкен “олжа”. Сомали қарақшылары бүкіл әлемді шулатып жүр. Бұл маңмен кемесі өтпейтін ел аз. Қарақшылар кемені ұстайды да, босатқанға ақша сұрайды. Бер­ме­сең, адамыңды өлтіріп, кемеңді қарық қылады. Көп ел беріп құтылады. Әзірлеген  Мамадияр ЖАҚЫП.