Аймақтар • 18 Мамыр, 2019

Қостанайда әлемдік деңгейдегі ғалымға ескерткіш ашылды

1184 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің алдына белгілі академик, әлемдік деңгейдегі ірі ғалым Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазинге ескерткіш орнатылды.

Қостанайда әлемдік деңгейдегі ғалымға ескерткіш ашылды

Оның ашылу салтанаты білім ордасының 80 жылдық мерейлі тойына орайластырылды. Салтанатқа белгілі академик Кенжеғали Сағадиев, ғалым, сенатор, Түркі елдері математика қоғамының президенті Бақытжан Жұмағұлов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Есжанов және Өмірзақ Махмұтұлының жұбайы Райхан апай, балалары, немерелері, ғалымның көзкөрген замандастары мен ауылдастары қатысты. 

Ескерткіштің ашылу салтанатында академик Кенжеғали Сағадиев Өмірзақ Сұлтанғазиннің ғылымға сіңірген еңбегін, оның дүниежүзі деңгейіндегі ғалым екенін айтты. 

«Академик Өмірзақ Сұлтанғазинді дүниежүзіндегі ғылыми қоғамдастықтардың білмейтіні кемде кем. Ғалым артында өте көп ғылыми мұра қалдырды. Оның еңбегімен дүниежүзіндегі әйгілі физиктер, математиктер санасады. Больцманның теориясымен дүниежүзінде көптеген ғалымдар айналысқан. Осы теорияның бір бағытын Өмірзақ Сұлтанғазин шешкен болатын. Бұл қазақ ғалымының ашқан жаңалығы еді. Қостанай жеріндегі кішкентай Қараоба ауылынан ұшқан түлек әлемнің көптеген елдеріндегі университеттерде өзінің ғылыми мектебін құрды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Ол Америкада, Англияда, Францияда, Жапонияда, Чехияда, тағы басқа елдерде болып, үздік университеттерде сабақ берді. Ол санақ техникасымен айналысты, Қазақ ұлттық ғылым академиясын басқарды. Өзінің артында ғылыммен айналысқан, өзі тікелейжетекшілік етіп, ұстаздық еткен көптеген шәкірттері қалды. Ол космосты зерттеумен айналысты. Тәуелсіз елдің екі ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ғылыми жетекшісі болды. Олардың бағдарламалық атқарған жұмысы дүниежүзілік ғалымдар арасында жоғары бағаланды, ал оны Өмірзақ Сұлтанғазин жасаған болатын» деді Кенжеғали Әбенұлы тебірене сөйлеп. 

Ғалым, сенатор Бақытжан Жұмағұлов Өмірзақ Сұлтанғазиннің әлемдік деңгейдегі ірі ғалым болуымен қатар, адамгершілік биігіндегі зиялы адам, үлкен ұстаз болғанын тілге тиек етті. 

Ғалымның ескерткішіне Қостанай әкімдігі мен түрлі ұйымдардан тағзым гүлі қойылды.

 

Қостанай