Шарайна
Сенбі, 5 қаңтар 2013 7:43
Аралдарды қайтаруды талап етті
Аргентина президенті Кристина Фернандес те Киршнер ханым Британия газеттерінде хат жариялады. Онда ол Ұлыбританиядан Фолкленд аралдарын қайтаруды талап етеді. Президент өзінің талабын Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімін орындау қажеттігімен түсіндіреді.
Сенбі, 5 қаңтар 2013 7:43
Аралдарды қайтаруды талап етті
Аргентина президенті Кристина Фернандес те Киршнер ханым Британия газеттерінде хат жариялады. Онда ол Ұлыбританиядан Фолкленд аралдарын қайтаруды талап етеді. Президент өзінің талабын Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімін орындау қажеттігімен түсіндіреді.
Киршнердің бұлай сөйлейтін жөні бар. 1960 жылы БҰҰ арнайы қарар қабылдап, онда отарлау саясатын оның кез келген пішіндері мен көріністерінде тоқтату туралы мәлімдеген еді. Бұған қоса, Аргентина басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 1965 жылғы қарарын қаперге салады. Онда екі елдің мәселені ушықтырмай, келіссөз арқылы шешулері тиістігі көлденең тартылады. Ұлыбритания премьері Дэвид Кемэрон проблеманы арал тұрғындарының өздері референдум арқылы шешсін дейді.
Чавестің денсаулығы нашарлай түсті
Венесуэла басшылығы ел президенті Уго Чавестің денсаулығы нашарлап кеткенін хабарлады. Ол Кубада емделіп жатқан болатын. Елдің ақпарат министрлігі басшысының мәлімдемесінде Чавестің инфекция жұқтыруына байланысты жағдайы ауырлай түскені айтылады.
Қазіргі кезде президент өкпесі жасанды желдету аппаратына қосылған сыңайлы. Ал 58 жастағы Чавес өткен жылдың 11 желтоқсанында қатерлі ісік ауруына байланысты Куба астанасы – Гавана клиникаларының бірінде ота жасатқан болатын. Кейбір дерек көздері Венесуэла президенті жасанды комада жатыр дегенді көлденең тартады.
Қысқа қайырып айтқанда:
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ауруханадан шықты. Ол оған өткен жылдың 30 желтоқсанында миы шайқалуына байланысты түскен болатын. Х.Клинтон бүгінде 65 жаста.
Францияда Баскілердің ұлттық «Батасуна» партиясы өзін-өзі таратып жіберді. Көрші Испанияда бұл партия ЕТА-ның саяси қанаты болып саналады және оған 2003 жылы тыйым салынған. Ал ол Францияда қызметін жалғастырып келген-тін.
Пластик ыдыстардың экологияға зияны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мәселен, АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Конкорд қаласының тұрғындары 1 қаңтардан бастап пластик бөтелкеге құйылатын су саудасына тыйым салуға қол жеткізді.
АҚШ-тың Орегон штатында туристік автобус апаты салдарынан тоғыз адам опат болып, жыирмадан астамы жараланды. Осындай жол-көлік оқиғасы Ресейдің Ярославль облысында орын алды. Онда үш шетелдік автокөліктің соқтығысуы салдарынан жеті адам қаза тапты.
Жиырма шиитті жарып жіберді
Иракта жанкешті жиырма шиитті жарып жіберді. Оқиға Ирактың орталық бөлігіндегі Әл-Мусайиб қаласында орын алды. Рөлінде жанкешті отырған мина қойылған автомобиль кісі ығы-жығы автобус стансасына барып соғылған.
Шииттер өздері үшін қасиетті саналатын Кербала қаласынан қайтып келе жатқан көрінеді. Олар онда имам Хусейннің қаза тапқанын аза тұту аяқталуына байланысты барса керек. Мұхаммед пайғамбардың немересі Хусейн 680 жылы Кербаладағы соғыста қаза тапқан екен. Осы оқиға шиизм мен сүннизмнің ықтимал бөліну нүктесі ретінде қарастырылады. Конфессияаралық дүрдараздық салдарынан елде жыл сайын көптеген бейбіт тұрғын қаза табады.
Он бір адам – лаңкестік құрбаны
Сирияның астанасы – Дамаск қаласындағы май құю стансасында жасалған жарылыс салдарынан кем дегенде 11 адам опат болып, 40-тан астамы жараланды. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Жарылыс Сирияда басым тұратын көпшілік – сүнниттермен қатар аз көлемде өмір сүретін өзге де діни азшылықтар өкілдері жиналған жерде жасалғаны белгілі болып отыр. Ал бұл елде азамат соғысы жүріп жатқалы көптеген айдың жүзі болды. Осы аралықта Сирияда қаза тапқан адамдар саны 60 мың адамнан асып кетті. Бірақ соғыстың аяқталар түрі көрінбейді. Өйткені, тайталасушы тараптар мәмілеге келе алар емес.
Немістерден өтемақы сұрап отыр
2009 жылы немістердің авиасоққысы салдарынан қаза тапқан Ауғанстан азаматтарының отбасылары Германиядан өтемақы талап етіп отыр. Тұтастай алғанда, Бремен заңгерлері 10 топтық арыз түскенін қуаттайды.
Авиасоққыны жасауға полковник Кляйн бұйрық беріпті. Ол жанармай әкеле жатқан жүк көліктерінің жанында көптеген бейбіт тұрғындар бар екеніне қарамастан осындай бұйрық беруден танбаған. Жарылыс салдарынан 137 адам қаза тауыпты. Енді олардың отбасылары ГФР-ден жалпы сомасы 3,3 млн. еуро көлемінде өтемақы талап етіп отыр. Әр адамға келтірілген зардабына байланысты 30 мың мен 90 мың еуро аралығында өтемақы сұралады.
Зейнет жасындағыларға орын жоқ
Тәжікстанда мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істейтін зейнеткерлерді жұмыстан босатқан жөн деп шешілді. Мұндай бұйрық республиканың президент аппаратынан түскен. Оны берген президент аппаратының басшысы Бахтиер Худоеров екен.
Жоғарыдан келген хатқа сәйкес, мемлекеттік мекеме басшылары өткен жылдың 25 желтоқсанынан бастап, зейнет жасына жеткен адамдармен еңбек шартын тоқтатуы тиіс. Ал бұл шараның нәтижесі туралы басшылар 5 қаңтарға дейін есеп берулері керек көрінеді. Хат министрліктер, басқа да мемлекеттік мекемелер, облыс, аудан, қала әкімшіліктері басшыларына жіберілген.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.