Саясат • 20 Мамыр, 2019

Инвестициялар ағыны толастамайды

933 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ХІІ Астана экономикалық форумы аясында Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен Жаһандық инвестиция­лар жөніндегі үшінші қазақстандық дөңгелек үстел өтті. Оған әлемнің 41 елінен 600-ге жуық шетелдік маман жиналды.

Инвестициялар ағыны толастамайды

Пленарлық сессияда бәсекеге қабілеттілікті арттыру, көлік-ло­гистика, агроөнеркәсіп әлеуетін, қаржы нарықтары мен технологияларды дамыту, мемлекеттік активтерді жекешелендіру мәсе­лелері талқыланды. Сессияны Global China журналының бас редакторы және Financial Times дамушы нарықтар жөніндегі редакторы Джеймс Кин жүргізді.

«Инвестициялар – біздің экономиканың дамуы мен өсімінің іргелі факторы болып қала береді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан экономикасына 300 млрд доллар инвестиция тар­тыл­ды. Бұл жетістіктеріміз аймақ­тағы бәсекеге қабілетті әрі ірі эко­номикаға ие болуға мүмкіндік берді. ІЖӨ өткен жылы 4 пайызға өсті. Сыртқы сауда 20 пайызға артып, оның әсері экспорт көлемін 26 пайызға арттыруға септігін тигізді. Осы қарқынды сақтай алсақ, жылдың соңына дейін экономикалық айналым 100 млрд долларға жетіп қалуы керек», деді А.Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, инвестициялар – Қазақстан экономикасының өсімі мен да­муының іргелі факторы. 2018 жы­лы Қазақстанға 24 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетел­дік инвестиция салынды. Бұл көрсеткіш Орталық Азия­дағы тікелей ше­тел­дік инвес­тициялардың жалпы көлемінің 90 пайыздан астамын құрайды.

Халықаралық капитал ағынын одан әрі күшейту мақсатында Үкімет инвесторларды жан-жақ­ты қолдауды қамтамасыз ететін жаңа тәсілдерді енгізіп жатыр. Мәселен, Үкімет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы шетелдік тікелей инвестицияларды тартуда шешуші рөлге ие болатынын айтты. «Біз қалыптастырып отырған қаржылық және инвестициялық экожүйе Қазақстанды аймақтық және халықаралық қаржылық орталық етуге жол ашары даусыз. Шикізаттық емес секторға инвес­тиция салу жүйесін жеңілдету үшін біз Шетелдік тікелей инвес­тициялар қорын құрдық. 1 млрд доллар көлеміндегі капиталдану мүмкіндігіне ие болған қор қар­жылық ресурстарды келешегі мол экспорттық салаларға бағыттай отырып, жергілікті нарықтағы акциялардың дамуына негіз болуы тиіс», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы қатысу­шы­ларды Қазақстанда бизнес жүр­гізуге және инвестиция салуға, со­ның ішінде жекешелендіру бағ­дарламасы аясындағы тиімді мүм­кіндіктерді қарастыруға ша­қырды. 

Пленарлық отырыста саясаткер және экономист, Түркияның экс вице-премьері Мехмет Шім­шек, ЕДҚҚБ банктік операция­лар бойынша вице-президенті Алан Пию, BCG-ның төрағасы Ханс-Пол Бюркнер, Азиялық ин­фра­құрылымдық инвестиция­лар банкінің Саясат пен стратегия жөніндегі вице-президенті Йоаxим фон Амсберг, China CITIC Bank Corporation Limi­ted Директорлар кеңесінің төра­йымы Ли Цинпин, Bitfury Group көпсалалы блокчейн компа­ниясының бас директоры және негізін қалаушылардың бірі Валерий Вавилов сөз алды.

Форум қорытындысы бойын­ша елеулі инвестициялық ке­лісімдерге қол жеткізіліп, жалпы құны 8,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 43 коммерциялық келісімге қол қойылды.