Спорт • 20 Мамыр, 2019

Өмірде өз жолын тапқан балуан

1164 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атам қазақ «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деп тегін айтпаған. Осы бір ұлағатты сөздің бүгінгі кейіпкерімізге тікелей қатысы бар. Жетісу өңіріндегі күрес өнерінің шынайы жанкүйерлері Қайрат Матаев есімді балуанды әлі де ұмыта қоймағаны анық. Тоқсаныншы жылдардың басында жарқ етіп көрінген жалынды жас көп ұзамай көпшілік назарынан тыс қалды. Жастық пен атақтың буына мастанды ма, әлде заманның желімен ығып кетті ме? Көпке дейін осы сауал барша жанкүйердің көкейінде жүрді.

Өмірде өз жолын тапқан балуан

Қайрат 1973 жылы Талдықорған қаласының дәл іргесінде орналасқан Еркін ауылында дүниеге келді. Ауылды жердің өз қызығы өзінде ғой. Ол да  көрші-қолаңның өзі құрыптас балаларымен алысып-жұлысып өсті. Ойынның қызығына берілген сондай сәттердің бірінде құрдасының қолынан бірде пышақтың қырындай ғана кітапты көріп қалады. Парақтап көрсе, неміс тілінде жазылған екен. Сөзін түсінбесе де, не туралы екенін бірден ұқты. Әр суретті асықпай қарап шықты. Кітаптың орта тұсында дзюдо күресіндегі әдіс-тәсілдердің қалай жасалатыны бейнеленген екен. Осы оқиға Қайраттың өмірін күрт өзгертті. Ауылда күрес үйірмесі болмағандықтан балалардың біразы үйдің маңында жиналған шөптің үстінде алысуды әдетке айналдырды. Барлығы да өз шама-шарқыларына қарай сол кітап бетіндегі суреттерде көрсетілген әдіс-тәсілдерді жасауға талпынуда.

Ауылда мал дәрігері болып еңбек етіп жүрген Замантай Матаевқа 13 жасар ұлының бұл ермегі бірден ұнады. Оның ептілігі мен шапшандығы, қайсарлығы мен өжеттігіне риза болды. Қауырт жұмыстан қолы бір босағанда ұлын жетектеген әке Талдықорған келді. Оны облыс орталығындағы спорт мектептерінің бірінде жас өрендерді жаттықтырып, оған дейін де талай дарынды жастың томағасын сыпырған самбо күресінің білікті маманы Сәрсенбек Шәрапиевке табыстады. 

Қайрат самбоға тез-ақ бейімделді. Екі-үш жыл аралығында облыс деңгейіндегі додаларда дараланып, республикалық жарыстарда жүлде алып жүрді. Әрине, ондай дарынды балуанның майталман мамандардың қырағы назарынан тыс қалмайтыны анық қой. Көп кешікпей ол Алматы қаласында орналасқан Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа қабылданды.

– Тоқсаныншы жылдардың басында Жетісу өңірінде аса мықты балуандардың қалың шоғыры өсті, – деп бастады өз әңгімесін Қайрат Матаев. – Ержан Кенжебаев, Рүстем Смағұлов, Ерлан Алпысбаев, Сержан Омаров, Бауыржан Молдахметов, Айдын Смағұлов, Берік Жетпісбаев, Ерлан Тәжіков және тағы басқа жігіттердің қай-қайсысын алсаңыздар да нағыз «сен тұр мен атайындар» еді. Сол сайыпқырандармен иық тіресе жүріп, менің де шеберлігім шыңдалды, деңгейім өсті. Оның үстіне Алматыдағы интернатта Бауыржан Жаналин, Алексей Атаев, Саламат Жексембаев сынды майталмандардан жақсы тәлім-тәрбие алдым. Әрине, осындай сүзгіден өткен балуанның осал болуға құқы жоқ. Мен де ағаларымның үмітін ақтау үшін барымды салуға талпындым.

Иә, Қайраттың осал балуан болмағаны анық. Самбо мен дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы бірқатар республикалық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерліп, жастар дуына еркін қосылды. 1992 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған Азияның клубтық чемпионатында бас жүлдені олжалады. 1993 жылы Өскеменде өткен ел біріншілігінде 52 кило салмақ дәрежесінде белдесіп, күміс медальді мойнына ілді. Финалда ол кейіннен еліміздің белді балуандарының біріне айналған Айдын Кемпірбаевтан ұтылды.

Жоғарыда аталған қос бірдей қомақты табыстың арқасында Қайрат Матаев жастардың әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Самбо күресінің орталығы саналатын Ресейдің Кстово қаласында өткен айтулы доданың алғашқы айналымдарында төрт бірдей қарсыласын тізе бүктіріп, жартылай финалда Моңғолияның өкіліне есе жіберді. Ал үшінші орын үшін тартыста Түркіменстан спортшысына сан соқтырған Жетісудің өрені қола медальді мойнына ілді.

1994 жылы Қайрат ересектер арасындағы жарыстарға қатыса бастады. Бұл ретте де ол көш соңында қалған жоқ. Бірқатар республикалық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан чемпионатында күміс медальді иеленді. Финалда еліміздің маңдайалды балуандарының бірі, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлде алып, Азияда алдына жан салмаған Зекен Шаймерденовтен жеңілді.

Еліміздің дарынды балуандарының бірі Қайрат Матаевтың жеңісті жолы осылай жалғасып келе жатқан еді. Дуалы ауыз мамандардың өздері бұл жігіттің келешегі зор екеніне қылаудай да күмән келтірмеді. Бірақ «Адамның емес, Алланың дегені болады» екен. 1995 жылы кейіпкеріміз қапияда жол апатына түседі. Ауыр жарқаттар алып, өкпесіне дейін жыртылып кетеді.

Ұзақ уақыт ауруханада жатқан жігіттің бар ойы – бауыры ыстық боз кілемге қайта оралу еді. Әлем және Азия чемпионаттарында Қазақ елінің туын биікте желбіретуді армандайды. Денсаулығы біраз түзелгеннен кейін жаттығу залына қайта келеді. 1997 жылы Бішкекте өткен халықаралық турнирде бас жүлдені олжалады. Сол тұста жанкүйерлердің біразы «енді Матаевтың жеңісті жолы қайта жалғасады» деп жорамалдайды. Алайда содан кейін-ақ ол боз кілемде көрінбеді.

– Жол апатында алған жарақаттар менің арман-қиялымның барлығын көкке ұшырды. Ол кезде небары 22 жаста едім. Араға екі жыл салып, боз кілемге қайта оралдым. Бірақ өкпе бүлінгеннен кейін бұрынғыдай кең тыныстай алмайды екенсің. Бішкекте өткен өзімнің соңғы жарысымда бас жүлде алғаннан үлкен спортпен қош айтысуды құп көрдім. Себебі, «алысқа шаба алмайтынымды» түсіндім. Ал көптің бірі болып қалың топтың арасында жүруді жаным қаламады. Иә, өкініштен өзегім өртеніп, қан жылағаным рас. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ, – деп Қайрат өткенді еске алып, терең бір күрсінді.

Бірден жаңа өмірге бейімделу атақты спортшыға оңайға соққан жоқ. Оның үстіне, тоқсаныншы жылдары жөнді жұмыс табу да қиын еді. Қайрат та өз нәпақа табу үшін талай істің басын шалды. Базарда қол арба итерді, ет сатты, басқа да майда-шүйде тірлікпен айналысты. Кейіннен кеден саласында еңбек етті. Ақыры әкесімен бірігіп, өз аулының маңынан шаруа қожалығын ашты. Мал мен құс асырады, жер септі, бордақылау орталығын ашты. Сол кездерді еске алған Қайрат «Бастапқыда тірлігімізді 10 күрек тауықпен бастаған едік» деп жылы жымияды.

Алғашында олардың көп қиналғаны рас. Бірақ ерең еңбектің еш кетпейтіні анық қой. Матаевтардың маңдайынан сорғалап аққан тер ақыры ақталды. Арада біраз жыл өткенде Әке мен бала өздері бастаған істі дөңгелетіп әкетті. Бүгінде айтулы отбасы 2,5 мың гектар жерді игеріп отыр. Мал саны 150 жылқы, 400 бас ірі қара, 450 бас қойға жетті. Ең бастысы, сол ауылдың 30-дан аса тұрғынына айтулы шаруа қожалығында жұмыс табылды. Олардың алатын жалақылары да мардымды, одан бөлек сіңірген еңбектеріне қарай сыйақы да алып тұрады. Бүгінгі таңда қожалықты арды ақсақал Замантай Матаев басқаруда. 

Былтырғы жылдың желоқсан айында Қайрат Матаев Талдықорғанның іргесіндегі Еркін ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Бұл округке Еркіннен бөлек, Көктал және 3 бөлімше елдімекендері кіреді. Тұрғындардың жалпы саны 18 мыңнан асады. Жауапты қызметтің тізгінін ұстағанына аса көп уақыт болмаса да, бұл іске Қайрат Замантайұлы ерекше бір ыждақаттықпен кірісті. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, барлық мәселелерді оңды шешу жолдарын қарастыруда. Оған таңдануға да болмас. Қалай дегенмен өзінің туған ауылы, кіндік қаны тамған жері ғой...

Иә, кезінде Қайрат Матаевтың қандай мықты балуан болғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Оған ешкімнің де күмәні жоқ деп ойлаймыз. Ал енді айтулы азаматтың қандай әкім болатынын уақыт көрсетеді. Оның да бағасын беретін халық!...     

Соңғы жаңалықтар