«Менің ақырғы өтінішім: құлпытасыма өз есімімді жазғызсаңыздар екен»
Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 1:33
1941 жылдың күзі. Ұлы Отан соғысының шешуші кезеңдері еді. Самара қаласындағы құрбысына екі-үш күнге келген Нағым ауылға жүретін көліктің иесінен екі-үш сағатқа сұранып, орталық базарға келді. Алдынан жүгіріп шығып, ылғи қарсы алатын екі қарындасын қуантып, оларға базарлық алмақ.
Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 1:33
1941 жылдың күзі. Ұлы Отан соғысының шешуші кезеңдері еді. Самара қаласындағы құрбысына екі-үш күнге келген Нағым ауылға жүретін көліктің иесінен екі-үш сағатқа сұранып, орталық базарға келді. Алдынан жүгіріп шығып, ылғи қарсы алатын екі қарындасын қуантып, оларға базарлық алмақ.
Дүкендерді аралап, енді қайтамын дегенше, айқай-шу басталып, базарды солдаттар қоршап алды да, ер адамдардың құжаттары тексеріліп, кейбіреулерін әзір тұрған машиналарға зорлап отырғыза бастады. Нағым құжаттарының арбадағы бешпетінде қалғаны есіне түсіп, жүрегі мұздап сала берді. Жанына жетіп келген екі-үш солдат әй-шәй жоқ Нағымның қолын қайырып, жабық машинаның біріне отырғызды. Бұл 1941 жылдың қыркүйек айының басы еді.
Нағым сол кеткеннен комендатурадан бір-ақ шықты. Нағымның айтқандарының бәрін жоққа шығарған тексеруші Нағымды «соғыстан қашқан дезертир» деп, әдейі бөлек тізімге жазды. Иесіз үйде өздері ғана қалған екі кішкентай қарындастарының тағдыры Нағымның жанын жегідей жеді. Ауыр қара жұмыста жүріп, бір күні қайткенде де елге бір барып келу жоспары іске аспай, жазаның үстіне жаза алып, Сібірге айдалды.
Ленинград қаласының қоршауда қалуы, Мәскеу, Сталинград қалалары үшін қырғын қантөгіс қосымша тосын күштерді керек етті. Маршал К.К.Рокоссовский түрмелерде қатаң режімде жазасын өтеп жатқандардан «айып батальонын» құрды. Солардың біріне Нағым да ілікті.
Шабуылға шығарда әдейі келген саяси жетекшілер бұларға түсінік жұмыстарын жүргізіп, егер де немістердің осы бекінісін алсаңдар, өзін көрсете білген «штрафник» жоғарылатылып, жауынгер қатарына өтетіндігін ескертетін. Бұл алдын ала артиллерияның соққысынсыз, тосыннан лап берген өзін өлімге тіккен 750-800 адамның шабуылдан кейін тек 50-60 ғана тірі қалатын.
Шабуылға көтерілгенде, әншейінде айтылатын «Ура!»-ны бұларға айтуға болмайтын. «Ураның» орнына айтылатын көмейден шығатын ышқына ыңыранған дауыс, жаралы аңның соңғы жанайқайы іспеттес еді. Бірнеше жүздеген адамның бұл айқайы немістердің де зәресін алатын. Нағымдар шабуылға шыққанда, олардың ең артында бірқатар солдаттар да автоматтарымен ілесе жүретін. Олардың міндеті – кейін шегінген «штрафникті» сол орнында атып тастау еді.
Бір биіктікті немістерден азат етуде Нағымның өлгісі де келген. Өне бойы тұқырту, кемсіту жас жігітті әбден ашындарған-тын. «От ішінде мақта, мақтаны құдай сақта» демекші, Нағым ерлік көрсетіп, басқа батальонның 4-ші ротасына жіберіліп, қатардағы жауынгерлікке қабылданды. Үй-ішіне, ауылдағы туысқандарына хат жазып, хат алысу мүмкіншілігіне ие болды. Бастан кешірген адам төзгісіз қорлаудан кейін қолына қару алып, өзінің елін жаудан қорғау Нағым Хасанов үшін үлкен бақыт еді.
1943 жылдың тамыз айының орта шенінде Белгород қаласының маңындағы бір шайқастан кейін, взвод командирі бұларға аз ғана демалыс берді. Түн ортасында сол офицер бұларды оятып, қолдарындағы винтовкаларын тапсыруларын, ал олардың келесі бекініске баратындықтарын, сол жерде взвод жауынгерлерінің барлығына автомат берілетінін айтты. Бұлар түнімен жүріп отырып, таң ата тоғай арасындағы алаңға демалуға тоқтады. Алаңсыз демалысқа жайғасқан жауынгерлерді сол сәтте немістердің автомат ұстаған солдаттары қоршауға алды. Қарсылық көрсетіп, тапаншаларымен қарсы көтерілген бірен-саран офицер сол орнында атылды.
Ол кезде Нағым өзінің Отанына сатқындық жасаған генерал Власовтың армиясында жүргендігін білмейтін де еді. Талай лагерьлерде болып, ауыр азап көрді. 1944 жылдың мамыр айында тұтқындардың бір тобы Германияға айдалды. Қол күшінің тұтқындар есебінен көбеюі, олардың кейбірін жергілікті фермерлерге көмекке жіберуге мүмкіншілік берді.
Нағым Дрезден қаласының маңындағы фермерге тап болды. Күйеуі соғыста опат болған неміс әйелінің едәуір үлкен шаруашылығы бар екен. Кәсібі – етке тапсыратын ірі қара малын өсіру. Қарауындағы екі-үш неміс қартымен бірге Нағым да жұмысқа кірісіп кетті. Өзінің тумысынан үйренген кәсібі. Алғашқы күннен-ақ шаруашылықты дөңгелетіп жүре берді. Жақсы адамның айналасына әр уақытта да көп кісі жиналады. Немістер де Нағымнан көмегін аямады. Лагерьден жүдеп-жадап келген ол бір айдың ішінде қатарға қосылды. Бұл кезде немісше едәуір біліп қалған еді.
Бір күні шаруашылығын қарауға Элли ханымның өзі келді. Нағымның жұмысына риза болған Элли ханым кетерінде шаруашылық меңгерушісіне әдейі тапсырмалар беріп кетті. Бастығы сол күні Нағымды моншаға жіберіп, үстіндегі киімдерін де ауыстырды.
Бірер күннен кейін Элли ханым ферма меңгерушісімен Нағымды өз үйіне шақырып, үйдің айналасын ретке келтіруді тапсырды. Екі қабатты үй өте әдемі және ашық жерде орналасқан екен. Жұмысына тындырымды, сұрамасаң, ештеңеге алаңдамай өз шаруасымен ғана болатын бұл «азиат» Элли ханымға ұнады. Еңгезердей, екі иығына екі кісі мінгендей, шаршау дегенді білмейтін.
Екі-үш күннен кейін Нағымға үй астындағы қойманы ретке келтіру тапсырылды. Екі қабат үй асты түгелімен қойма етілген. Бәленбай қатар тізілген 3-5 литрлік шөлмек, қаңылтыр ыдыстарға жеміс-жидек, сиыр, шошқа, тауық еттері тұздалып, консервіленген. Әр жыл бөлек-бөлек сақталған. Нағымның таңғалғаны – консервіленген еттердің көбісіне 3-4 жыл болған.
Жұмыстың барысын тексеруге келген Элли ханым Нағымға өзіне ұнаған ыдыстардағы тағамдардан пайдалана беруіне рұқсат етті. Осынша дүниенің жесір әйелге не үшін керек екеніне Нағым түсінбеді. Қора-қопсының айналасына күніне бір барып келгені болмаса, Нағымға үй ішіндегі, ауладағы жұмыс та жетерлік еді. Элли ханым тындырымды жұмысшысына бірінші қабаттан бір бөлме берді.
1945 жылдың сәуір айының алғашқы күндерінен-ақ немістердің жеңілісі айдан анық екені белгілі болды. Тұтқындағы Кеңес Одағының жауынгерлері тұтқыннан құтылудың жақын қалғанын үлкен үмітпен күтті. Мамыр айының басында 2 мың Америка ұшақтары Дрезден қаласын аяусыз бомбалады. Қаладағы машина және прибор жасау зауыттарының, қару-жарақ, бомба қоймаларының жарылысы Нағымдар тұрған жерлерге де естіліп жатты. Қора-қопсыдағы жұмыстарын реттеп, үйге қайтқан Нағым үй орнындағы үлкен шұңқырға тап болды. Дәл түскен бомба Элли ханымнан да, үйден де ештеңе қалдырмапты.
Кеңес Армиясы Дрезден қаласын 8 мамырда азат етті. Ал тұтқында жүрген отызшақты қазақ жауынгері Дрезден қаласының комендатурасына бет алды. Қайдан келгені белгісіз біреулер бұларды Америкаға, не Түркияға баруға көндірмек болды. «Сендер елдеріңе қайтсаңдар, тұтқында болғандықтарың үшін 20 жылға Сібірге айдаласыңдар», – деп қорқытты. Кейбір тұтқындар олардың арбауына түсті. Ал Нағым жолдастарымен комендатураға барып тіркелді. Үш күннен кейін бұлар Варшава-Киев бағытына пойызға отырғызылып, Донбастағы №15 шахтаға жұмысқа жіберілді. 1945 жылдың 30 мамыр күні Нағым Донбасқа келіп, шахтер болып шыға келді. Шахтаны Кутулядзе деген грузин басқарады екен. Жұмыс ауыр болғанмен, тамағың тоқ, өз еліңде жүргенге не жетсін.
Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Нағым көп кешікпей жолдас-жораларының, шахта басшыларының алдында беделге ілікті. 1946 жылдың тамыз айында оған бір айға демалыс беріліп, үйіне барып келуге рұқсат етілді. Ауылына келгенде Нағым қайыр сұрап, ауыл-ауылды кезіп жүрген екі қарындасына тап болды. Не істерін білмей, кешкісін өзімен бірге өсіп, бірге оқыған Николай Орлов деген досына барып ақылдасты. Николай әскери комиссариатта жұмыс істейтін.
Бір уақытта Николай:
– Егер сен кетсең, мына екі қарындасың суық үйде аштықтан осы қыстан шықпайды. Өледі. Ендеше, сен былай істе, – деді.
– Не ақыл бермексің? – деген Нағымға:
– Жақында Самара қаласындағы Ворошилов зауытынан келген Сұңғат Сайфуллин деген азамат қайтыс болды. Төрт жыл соғысқа қатысқан, орден, медальдары бар. Мен соның құжаттарын саған берейін, сен әуелі оның осындағы әйелімен келіс, – деді.
– Коля, сенің денің дұрыс па? Үкімет біліп қойса, сен Сібірден бір-ақ шығасың.
– Нағым қорықпа, сен барған Сібірге мен де барып қайтайын. Әйтпесе, мына қарындастарымыз қорлықпен, жастай өледі. Ал сен құжаттарыңды алған бойда Қазақстанға, не Өзбекстанға кет, – деді.
Нағымның қарындастарына деген аяныш Николайды көзсіз ерлікке итермеледі. Ол Нағымға: «Егер Донбастан сені сұраса, ауырып өлді дермін», – деді.
Нағым ертеңіне бір қой тауып, бір қап астық алып, Сұңғаттың жесіріне барды. Ақырының қайыр болсынын айтып, жағдайын жасырмады. Сұңғаттың жесірі аяныш білдіріп, күйеуінің барлық құжаттарын, орден, медальдарын Нағымға тапсырды. Не деген мәрттік десеңізші.
Николайдың көмегімен Нағым Хасанов екі-үш күннің ішінде Сұңғат Сайфуллин болып шыға келді.Нағымның әкесі Хасан Игенов 1945 жылдың күзінде 83 жасында қайтыс болды. Ал ағасы Зәй 1901 жылы, Жәмпиіс 1913 жылы, Нағым 1916 жылы, інілері Мақай 1919 жылы, Қойшекен 1923 жылы туған болатын. Бұлардың барлығы да Ұлы Отан соғысына қатысты. Мақай 1943 жылдың 20 наурызында, Қойшекен 1942 жылдың 15 мамырында мерт болған еді.
Сұңғат Батыс Қазақстан облысының Приуральный ауданындағы Красный Клин, Карл Маркс атындағы колхоздарда қой бақты. Қатипаш Көшеноваға (1918-1985) үйленіп, олар 4-5 перзентті болды.
Оншақты жыл колхозда жұмыс жасап жүріп, ол бір күні өзі аудандық милиция бастығына барып, барлық жағдайды жайып салды. Өзі соғыстан жаралы оралған милиция майоры:
– Сұңғат, сен көп уайымдама. Отан алдындағы міндетіңді түгел атқардың. Ал егер тума-туысқандарыңның бірі болмаса бірі әңгіме ететін болса, маған келеді ғой. Колхоз басқармасының төрағасына айтармын, сені шет аймақтағы қыстақтардың біріне жіберер, – дейді.
«Колхоз басқармасының төрағасы Чеботарев өле-өлгенше менен көмегін аямады. Өз тумаларымнан көрмеген жақсылықты Орлов пен Чеботаревтен көрдім. Бұл өмір жақсы адамдардан кенде емес қой», – деп Сұғат ағамыз әңгімесін аяқтады.
Жақында балалары соғыс және еңбек ардагері, қайынағам Қайролла Қуанышалиевке арнап ас берді. Шақырылған қонақтардың ішінде Сұңғат ағамыз да болды.
Қоштасарда ол:
– Інім, ұмытып кеткен жоқсың ба? Менің соңғы өтінішім: құлпытасыма өз есімімді жазғызсаңдар екен. Мен – Нағым Хасановпын ғой», – деді.
– Аға, неге ұмытайын. Сіз Тайпақ ауданының Базартөбе елді мекеніненсіз. Екеуміз жерлеспіз ғой, – дегенімде:
– Сондықтан да саған айтып отырмын. Қазір 98 жастамын. Бүгін-ертең кете қоймаспын. Балаларым хабарласып тұрар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер алай-бұлай болып кетсем, ағаңның соңғы өтініші есіңде болсын, – деді.
– Иә, аға. Жақсылықта кездесіп тұрайық, – деп мен оны жеңіл машинасына отырғыздым.
Амангелді Бек-Құрақ.
Орал.