Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Ерлік ешқашан ескірмейді

852 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл құрылғанына 30 жыл толғалы отырған жергілікті «Саланг» әскери-патриоттық клуб мүшелері ширек ғасырға жуық халықаралық экспедицияға үзбей қатысып келеді. Осы уақыт аралығында майдан даласынан табылған 400-ге жуық жауынгердің сүйегі қара жердің қойнына тапсырылыпты.

Ерлік ешқашан ескірмейді

Жуырда кезекті еске алу вахтасынан оралған клубтың жетекшісі Александр Азеговпен сұхбаттасудың сәті түсті. Ресейдің Новгород облысы аумағында қазба жұмыстарын жүргізіп, Отан үшін ерлікпен қаза тапқан марқұмдардың денелерін іздес­тіру, арулап қою – біз үшін қа­лып­тасқан салт, қасиетті борыш. Новгород бағытындағы қанды шай­қас­тар мен кескілескен ұрыс­тар­ға қазақстандықтардың, оның ішінде жерлестеріміздің көптеп қа­тысқаны тарихтан белгілі. Осы себепті таңдаудан қателеспегенімізді жылдағы әр сапарымыз дәлелдеп жүр, дейді десантшы, интернационалист-сарбаз.

 Осы жолы халықаралық «Долина» экспедициясына жеті ерікті аттанып, Парфин ауданы төңірегінде шейіт болған боздақтардың денелерін іздеумен айналысқан. Олжасыз емес. Он адамның сүйегі, жарылғыш заттар, ыдыстар, каскалар, листовка парақшалары табылған. Бірнешеуін облыс орталығындағы музейге ала келіпті.

 – Аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы жазылған медальон сақтал­ма­ғандықтан, қаңқасы ғана қалған сүйек­тер­дің кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін емес. Десек те осы сапарымыз Новгород қаласын жаудан азат етудің 75 жылдығымен орайлас келіп, кеңінен атап өту салтанатына қатысқанымызға қуаныш­тымыз. Сөз арасында кейбір құнды зат­тарды кезіктіргенімізді айта кете­йін. Мәселен, немістің керзі етігі...табаны темірленген, шегелер­мен бекітілген. Сапалы етіп жасалғаны бірден білінеді. Әлемге әйгілі «Nivea» компаниясы шығарған крем ыдысын да жолықтырдық. Шамасы, неміс әскері суықтан қорғану үшін пайдаланған секілді, деген ол біздің марқұмдардың денесі қайда жерленеді деген сұрағымызға былай жауап берді. – Біз Ресей жақтан келген 20-ға тарта қызыл ізшілдер тобымен қоян-қолтық жұмыс істедік. Мендегі мәліметтер бойынша барлығы 30 мыңға жуық жауынгердің сүйегі Ясная Поляна селосындағы бауырластар зиратына қайта жерленіп, 1500-нің аты-жөні жазылып қойылған.

 Кейбіреулер барды, қайтты, онда тұрған не бар десе, қатты қателеседі. Экспедицияның өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары аз емес. Біріншіден, қоғамдық ұйым болғандықтан қаржы табу – үлкен мәселе. Екіншіден, әр мәйіт үшін акт толтырылып, қашан, қай жерден, қандай тереңдіктен қазылғанына дейін тәптіштеп жазылып, тиісті орындарға тапсырылады. Сосын ғана бауырластар зиратына аурулап қойылады. Тағы бір айтарым, жыл өткен сайын іздестіру шаралары күрделеніп келеді. Өйткені, майдан далаларын шөп, жыңғыл басып кеткен. Тұрғындардың көп көмегі тиді. Металл іздегіш құралдарды қол­дан­ған­ның өзінде тығырыққа тірелетін жайттар аз ұшыраспайды, дейді клуб жетекшісі.

 Бүгінде «Саланг» әскери-пат­риот­тық клуб музейінде зұлмат со­­ғыстың күндей күркіреген еле­сін­­дей екі мыңнан астам жәдігер сақтаулы тұр.

 

 Солтүстік Қазақстан облысы