16 Наурыз, 2010

“ТАҢ САМАЛЫ” ТЕРБЕТТІ

655 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бейбітшілік және келісім сарайында КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Еркеғали Рахмадиевтің 80 жылдығына орайлас “Таң самалы” атты концерт өтті. Кеште композитордың әндері орындалып, жиналған жұртты бір желпінтіп тастады. “Таң самалы” десе дегендей, әдемі әндерді бірінен соң бірі қалықтатқан әншілер қатары да осал емес. Атап айтқанда, Қайрат Байбосынов, Серік Оспанов, Гүлнар Хамзина, Ғалия Байғазинова, Азамат Жыл­тыр­гөзов, Нұрай Танабаев, Жұпар Ғабдуллина, Клара Төленбаева, Медет Шотабаев, Бәтима Изе­на­­е­ва, Бибігүл Жанұзақ, Ербол Сә­дуа­қасовтар ән шырқап, клас­си­ка­лық әндердің сұлулығын тың­дар­ман жүрегіне жеткізе білді. М. Мақатаев, К. Салықов, Т. Мол­даға­лиевтардың өлеңдеріне жа­зылған Е. Рахмадиевтің әндері қанша уақыттан бері сынын жо­ғалт­пай, сол сұлу күйінде жи­нал­ған­дарды баурап алды. Сонымен қатар, опералардан да ариялар орындалды. Мысалы, А. Жыл­тыр­гөзов “Ал­памыс” опера­сынан Алпамыстың, Би­бігүл Жа­нұзақ Гүлбаршынның ар­ия­сын нақы­шы­на келтіре орын­даса,  “Қа­мар сұлу” операс­ы­нан Қамар мен Ах­мет­тің дуэтін Ғалия Бай­ғазинова мен Қияқбай Асамбаев нәшіне келтіре шырқады.  Концертті Айтқали Жайымовтың дири­жерлігімен бастан-аяқ қазақ халық аспаптары оркестрі сүйемелдеді. Кеш соңында композитор концертті ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді. “Еліміз тыныш болсын, Елбасымыз, атқа мінген аза­маттар аман болсын”, деген ақ­сақалдық тілегін білдірген Е.Рах­­мадиев орындалған кей ән­дер­дің бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазыл­ған­дығын еске салды. Кешке Пар­ла­мент Мә­жі­лі­сі­нің Төрағасы Орал Мұ­хам­ед­жанов қатысып, концертті тама­ша­лады. Венера ТҮГЕЛБАЙ.