Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Мектептерге электронды оқулықтарды енгізу жөніндегі қанатқақты жоба қорытындыланды

1443 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда «Мектептегі білім беру үрдісіне электронды оқулықтарды енгізу» туралы қанатқақты жобаның қорытындысы шықты.

Мектептерге электронды оқулықтарды енгізу жөніндегі қанатқақты жоба қорытындыланды

Биыл ақпан айында «Алматыкітап баспасы» www.opiq.kz платформасында электронды оқулықтарды енгізуге байланысты байқау жариялаған еді. Бұл баспа электронды оқулықтарды енгізуді 2018 жылы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанның 11 мектебінде қолға алған-ды. Астана қаласындағы №85 мектепте өткен алғашқы сабаққа Елбасы қатысып, жақсы бағалаған болатын.

Сонымен, бүгін бұл жоба мәреге жетіп, оны жылжытуға атсалысқан жеңімпаз мұғалімдер мен оқушыларды марапаттау рәсімі өтті.

Өз кезегінде еліміздің 6 облысындағы (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстары) 12 мектепте электронды оқулықтар сынақтан өтті. Байқау кезеңінде мектеп басшылығы, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қауымы opiq.kz платформасындағы электронды оқулықтардың (информатика, математика, әдеби оқу) тиімділігін  бақылап отырды. Пилоттық жобаға 3, 6 және 8-сынып оқушылары қатысты.

Жалпы байқауға 350 үміткер қатысып, нәтижесінде «Цифрлық технологияны жақсы меңгерген Үздік оқушы», «Инновациялық оқыту идеясын қолдаушы Үздік мектеп басшысы» аталымдары бойынша марапатталды.

Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсіміне «Алматыкітап баспасының» президенті Гаухар Саймасаева, EDTECH.KZ халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев, ЮНЕСКО мектептерінің ұлттық координаторы Леонид Ким қатысты.

Осы арада Opiq.kz электронды оқулықтарды «Алматыкітап баспасы» эстониялық AVITA компаниясымен бірлесе отырып жасағанын атап өту керек.

Opiq.kz платформасында электронды оқулықтардың негізгі мазмұнына көптеген қосымша материал, яғни аудио, видео, графика, слайдтар беріледі. Бұл электронды оқулықтар барлық заманауи құрылғыларға  лайықталған (ноутбук, компьютер, смартфон, планшет) және қосымша бағдарламалық құрылғыларды қажет етпейді.

Тәжірибе көрсеткендей, электронды оқулықтар оқушы мен мұғалімге ғана емес, ата-аналар үшін де тиімді. Бұл оқулықтағы тапсырмаларды баланың білім деңгейіне лайықтап құруға болады. Екінші бір артықшылығы, оқушы өзіне ұнаған бір тақырыпты терең зерттеуіне мүмкіндік береді.

Электронды оқулықтар көркем безендірілген, мультимедиялық қосымшаға бай, еліміздің мемлекеттік оқу стандарты мен пәндік бағдарламаларға (бастауыш және орта білім) толық сәйкес келеді деп есептейді мамандар.

Сонымен, бас жүлдеге Нұр-Сұлтан қаласындағы №79 мектеп-лицейінің ұстазы Айман Рыспаева лайық деп танылды. Бірінші орынды Алматы қаласындағы №110 мектеп-гимназиясынан Гульмера Розиева, екінші орынды Қарағанды қаласындағы №93 мектеп-гимназиясынан Елена Мартемьянова мен Тараз қаласындағы «А-Status» мектебінің мұғалімі Лариса Гилева, үшінші орынды Кентау қаласындағы №14 мектеп-гимназиясынан Қамажай Байсымақова, Нұр-Сұлтан қаласындағы №62 мектеп-лицейінен Аягөз Кенбейлова мен Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп- лицейінің ұстазы Динара Әлиева алды.