Руханият • 22 Мамыр, 2019

Ертегілік ес әлемінің өкілі

2051 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Адамзат деп аталатын қауымның Әдебиет деп аталатын ұлы майданының қазақ қана­тында қол бастаған Әмірхан Балқыбектің өзіндік орны бар.

Ертегілік ес әлемінің өкілі
Әдебиет әлемінің, Мәдениет әлемінің, Руханият әлемінің ережесі күйбең тір­лік­тен ерекше. Ол жерде «өлі арыстаннан тірі тышқан артық» болмайды. Ешқашан. Арыстан арыстан күйінде, тышқан тышқан күйін­де қала береді.

Ең өкініштісі, Әмірхан енді жаңа шы­ғар­ма жазбайды. Сол ғана қиын.

*  *  *

(Әмірханның әулеті)

Әмірхан ҚазМУ-дің журналистика факультетіне 21 жасынан асып, оң-солын таныған кезінде түсті. Оңы-солын танығаны былай тұрсын, Әмірхан сол кездің өзінде дайын әдебиетші болатын. Әдебиет, поэзия туралы түсінігі қалыптасқаны, әдебиетші болсам деген айқын мақсаты болғаны бүгінгі уақыт биігінен тіпті анық байқалады. Әскер қатарында жүргенде-ақ оны жолдастары «поэт» (ақын) деп атап кетіпті.

– Әмірхан, әлем әдебиетін, ондағы түрлі ағымдарды, кімнің кімге әсер еткенін жақсы білесің. Осының бәрін қайдан үйрендің? – деп сұрадым бірде.

– Мені әкем тәрбиеледі. Маған арнап кітапхана жинады. «Әуелі мынаны оқы, содан кейін мына ақын-жазушылармен танысып шық» деп маған бағыт-бағдар берген әкем Жұмабек, – деген еді Әмір.

...Қарап отырсаңыз, Әмірхан әкесі туралы көп жазыпты. Омар Һаям, Сағди, Жәми, Хафиздің жырларын ұлының санасына жасынан сіңіріп; «Жырдың пірі – Жұмекен» деп жасөспірім жырқұмарды ойлы өлеңге бұрып; «Ақыннан елге 2-3 жыр қалса болғаны» деп санға емес, сапаға назар аудартып; «алаңсыз әдебиетпен айналыс, бауырларың аман болса, күнкөрістен тарықтырмас» дейтін Жұмабек ақсақалға қазақ әдебиеті қарыздар шығар. 

Ертеректе Қадыр Мырза Әлі баспаға келіп түскен бір ақын қолжазбасы туралы рецензия-пікірінде: «Сағат Әбдуғалиевке қызмет ету – әдебиетке қызмет ету» деп жазған екен. Сол сияқты Әмірханға, яғни әдебиетке оның бауырлары да бір кісідей қызмет қылды. Әмірханның көзінің тірісінде көзің тойып, уысың толып ұстайтын жалғыз жинағы – «Қасқыр Құдай болған кез» кітабын шығарып берді. «Осы кітаптың шығуына рухани қолдау, қаржылай демеушілік жасаған туған бауырларым Сапар, Ақжол, Ауажан, Ербол інілеріме шексіз алғысымды білдіремін. Нанын адал еңбекпен тауып жүрген оларға Тәңірімнің нұры жауғай!» деп еді ақын.

*  *  *

(«Ақынның құлағы өзінен 40 жыл бұрын туады»)

Әмірханды білетіндердің бәрі оның білімін, интеллектуалдық багажы мол болғанын мойындайды. 

«Әдебиетші болам деген бала өз ұлтының және әлемнің ертегілерін, мифологияны, ежелгі грек аңыздарын, қасиетті кітап сюжеттерін кішкентай ке­зінде-ақ оқып тастауы тиіс. Өйткені сәби сана аңыз-мифті басқаша, шына­йы қабылдайды, әсері өмір бойы ұмы­тыл­май­ды. Әлем әдебиетіндегі ең мықты деген дүниелердің, мысалы Нобель сый­лы­ғын алған шығармалардың сюжеті ешқандай да тың нәрсе емес, бар болғаны қасиетті кітаптардың оқиға желісін ғана қайталайды...» дейтін. Әмірханның өзі дәл осылай өскені айтпаса да сезіліп тұратын.

Қазақта Мұрат Мөңкеұлы деген ала­пат ақын өткен. Мұрат ақынның «Үш қиян», «Сарыарқа», «Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», т.б. толғауларында қазақ хал­қы­ның 5-6 ғасырлық тарихы шебер баяндалады. Ақын өзі жырлайтын тарихи кейіпкерлермен алты ғасыр бойы тізе қоса бірге жүргендей, егжей-тегжейлі төпей береді. Қиналмайды, күмәнданбайды, екіұштылыққа салынбайды. Жалпы, қазақ жырауларының көбінің тарихи жады талай ғасырға кете береді. 

Әмірхан да солай. 

Әмірхан шығармаларының тақырып аясы – он сегіз мың ғалам, уақыт кеңістігі – дүниенің жаратылысынан заманның ақырына дейін деуге болады.

Әмірхан бұл деңгейге оқумен, ізде­ну­мен – көл-көсір еңбекпен һәм ақындық түйсікпен жетті.

*  *  *

(«Әмірхан әлемі»)

Әмірхан ақын ба, ғалым ба? 

Өзі пір тұтқан, көп жазған, талай мақаласын арнаған Олжас Сүлейменов туралы Әмірхан былай дейді: 

«Бізде: «Басқаң тоқтап, ғалым айтсын» деген қисық ұғым бар ғой. «Олжекең бар болғаны ақын, болмаса аудармашы, ары кеткенде қоғам қайраткері. Ол неге лингвистикаға, неге арғы тарихқа барады?» деген секілді қасаң түсініктер бар. Олжекеңнің көтеріп жүрген тақырыптары өте күрделі. Адамзат тарихының түп негізін іздеу, соның негізінде түркінің де түп төркінін іздеу. Оған бара алатын ғалымдар қазақта жоққа тән. Өзбектер, мысалы: «Сендерде Олжас бар, қырғыздарда Шыңғыс Айтматов бар. Бізде ондай тұлға болмай қалды», дейді. Интеллектуалдық ортада, әдеби ортада, әлемдік әдеби ортада өзінің бағасын алып қойған ақын ол. Болашақта қазақ ақыны ретінде, қазақ ойшылы ретінде тарихта қалатынына ешқандай күмәнім жоқ...»

Шындығында Әмірханның өзі де адамзат тарихының, соның негізінде түр­кі­нің де түп төркінін іздей алатын санаулы қазақ ғалымының бірі еді.

«Олжекең тасада қалып қойды. Еңбек­те­рі насихатталып жатқан жоқ. Уақытында «АЗиЯ»-сы үлкен дүмпу тудырған болса, кейінгі жазған сүйекті еңбектеріне әде­биетшілер тарапынан да, ғылыми орта­лардың тарапынан да ешқандай пі­кір айтылып жатқан жоқ. Не тісі батпай­ды, не жәй әншейін әуесқойлық деп есеп­тей­ді. Мысалы, соңғы шыққан, орысшасы «Тюрки в доистории», қазақшасы «Атам­за­манғы түркілер» деген кітабы мүлдем елеу­сіз қалды. Ал бұл сол «АЗиЯ»-ның жаң­ғырығындай еңбек екенінде дау жоқ» деп еді Әмірхан. 

Жұмекен, Олжас Сүлейменов, Өтежан Нұрғалиев, Әуезхан Қодар, Зира Нау­рыз­бае­ва, Серікбол Қондыбай сынды интеллектуал ақындар мен ғалымдар түрен салып, түгендеген қазақы дүниетаным, миф­тік мінез, ертегілік ес әлемінің бір өкілі – Әмірхан Балқыбек екендігі сөзсіз. 

«Солай, ақын,
Сенiң сәби өлеңiң
Дүниенi өзгертердей көремiн.
Өзiм соған сәбидейiн сенемiн –
Мен де өйткенi

Түнгi аспандай көнемiн».

*  *  *

(«Ақын ажалы»)

Түгел түркінің түп-тамырына тарта­тын көкбөрі мифі мен қасқыр тотемі қайдан шықты? Түркі ұғымындағы құрт­қа мен Римдегі Капитолий қаншық қасқы­ры­ның арасында қандай байланыс бар? Қи­сапсыз қолымен келіп Римді қамаған Еділ патшаның алдынан қол қусырып шық­қан римдіктер туындағы қайқы қылыш таңбасының мәнісі не? Мұса пай­ғамбар мысырлық па? Мүде туралы фильм­ді кім түсіреді? Иуда кім, Иисус кім? Жамұха неге Шыңғысханға жау болды? Дос­тоев­с­кий рухани жаңаруды Еуропаның сән­қой ілімсымақтарынан емес, неге өзінің қарапайым орыс халқынан және бір кезде бабалары мекен еткен қазақ даласынан күтті?! Махабхаратаның дүниеге келуіне мұрындық болған бабалары үшін қазақ балалары мақтана ала ма? Эхнатонның Күн­ге мадақ жыры Тәуратта қайдан жүр?!

Әмірханның әр жылдары жазылған мақа­лаларынан алынған бұл сауалдарға жауап беру, тақырыпты түсіну үшін де көп білім керек. 

Сөз жоқ, Әмірханның әр мақаласы қазақ тілінде жазылғанымен, оның ныса­на­сы – берісі түркі жұрты, арысы адам­зат тарихына қатысты болатын. Әттең, ат төбе­лін­дей қазақтың ішінде бұл жазбаларды түсінген адам аз болды. Шәкәрім қажының Абай ағасы тура­лы айтқанындай, 

«...тұрағы қазақ іші болған­дықтан қадірі азы­рақ білінді. Олай болма­ған­да данышпан, хаким философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті.» Аудиториясы кең тілдерге аударылса, ақын ұсынған гипо­те­залар назарға ілініп, талқыланып, талданар ма еді? Ақынға керегі де сол еді ғой. Ме­ніңше, Әмірханды немқұрайдылық өлтір­ді. 

*  *  *

(«Азанама»)

Әмірхан қапияда қаза болғанда көзі­қа­рақты қазақ жұрты оқыс оқиғадан сең соқ­қандай сенделіп кетті. Бар кезінде бай­қамай, жоқ кезінде жоқтайтын адами бол­мы­сымыз көрінді. 

Сол бір көңілсіз күндері Зира Наурыз­бае­ва «Убить поэта» деген эссе жазды. Жа­ра­­лы жүректің диагнозын дәл қойған сол шы­ғарманы қазақшалап едім:

«Карл Маркс капиталистік қоғамды «Жаппай жезөкше қоғам» деп атаған, өйт­кені инженер де, ғалым да, суретші де, тігінші де өз қабілетін, өз талантын, өз еңбегін сатады. Маған 80-жылдардың орта­сында бұл сын күлкілі көрінген. Өйткені біз өз талантымызды еңбек нары­ғын­да сата алған жоқпыз, біз құл едік. Идеология майданы жауынгерлерінің бола­шағы КПСС ОК-нің съездері мен пленум­дарында шешілетін. Одан кейін ашқұр­сақ еркіндік жылдары келді, сосын… «Жаппай жезөкше қоғам» да жетті...

Серікбол Қондыбайды аударған кезде 3-4 сағат жұмыстан соң миыңмен тас көтергендей шаршасаң да, уақытың бос кетпе­геніне қуанып тұрасың. Мың­жыл­дық­­­тарға саяхат жасап келіп, біздің әлемге қайта оралғандай боласың. Мейлі, аударған кітаптарың жылдар бойы шықпай жатсын, мейлі, еңбегің үшін тиын-тебенді екі жылдан кейін аларсың. Бірақ бұл Серікбол ғой. Ал кей кезде аударма жасап отырып, өзіңді интеллектуалдық жезөкшелікпен айналысып жүргендей сезінетінің бар. Клиент – қияли импотент, нақұрыс біреу. Бетіне бір түкіргің келгенмен, ақша да керек. Өзіңнен жиіркенесің, аяйсың өзіңді… сосын Марксті еске аласың. Сосын өзіңнің бірнеше мамандығың барына, өйтіп-бүйтіп күн көре алатыныңа шүкір дейсің.

Бірақ біздің қоғамдағы мұндай кеңістік жыл өткен сайын тарылып барады. Күнде қалған тулақтай тырысып барады. Қазақ ақындары үшін, нағыз ақын үшін бұл тір­шілік әуелден тар еді. Бірақ қазақ газет­те­рі орыстілділерге қарағанда қазақ тарихы, әдебиеті мен тілі жайлы жазудан еш­қа­шан қорыққан жоқ. Әрдайым жаңа газет­тер ашылып, ара-тұра кітаптар басылып жатты. Ақындар да өзінше бақытты еді – үй-күйсіз, кедей болса да бақытты бола­тын. Ал соңғы 5-6 жыл ішінде газет­тер тек жабылып жатыр – дағдарыс, сая­си моно­полия, себеп көп қой. 

Жақында бір ақын өмірден өтті. Шал­қып сөйлеуді ұнатпаймын, сондықтан да «ақын» дегенді кіші әріппен жазып отыр­мын. Ақын өмірден өтті, өзінің сұм­дық шеші­мін жасады. Жалпылама жезөк­ше­лік­пен айналысып жатқан қоғамға, жалпы­ла­ма тұтынушы қоғамға ақын керек емес, жарна­малық шумақ жазатындар ғана қа­жет. Ақындарды жөргегінде жатқанда-ақ өлті­ру керек. Балаңның бойындағы ақын­дық­ты ертерек өлтір, замандас!», деп жазыпты З.Наурызбаева. 

*  *  *

(«Нүкте»)

Әмірхан туралы мақаланы, ақынның 50 жылдығына арналған естелікті дәл мұндай көңілсіз нотада аяқтауға болмайды. 

Ақын өмірден кеткелі 5 жыл өтіпті. Қайғырдық, қайта тұрдық. Ойландық. Жақсы-жаманды безбендедік.
Бір тәуірі, Әмірхан Балқыбекті ерекше құрметтейтін, төбесіне көтеретін жас қаламгер көп. Ақын мұрасына адалдық танытып, еңбегін ескеріп, шығармаларын жинақ­тап, мерейтойлық мақалалар жазып, халық жадында жаңғыртып жатқан дос­та­ры, әріптестері де аз емес. Бұл жақсы.

Қазақстан Жазушылар одағындағы жаңа бастамалар, тың өзгерістер қуантады. Енді Әмірхан сынды талантты тұлғалар жалғыз қалмасына, аянышты тағдыр кешпесіне сенгіміз келеді.

Сөз басында айтқанбыз: әдебиет әле­мін­де өлі арыстан болмайды. Әмірхан мәңгі тірі. Енді оны әлем әдебиетінде одан әрі тірілтудің жолы – еңбектерін әуелі түрік, ағылшын, орыс тілдеріне тәр­жі­ма­лау керек. Бұл бір жағынан Әдебиет деп ата­­латын ұлы майдандағы қазақ филиа­лының тұсаукесері болмақ.

Әмірханды жақсы көретін, баһадүр ағасын сүйетін жас қаламгер Әмірхан әлеміне, Әмір­хан кіндігімен байланған әлемдік білім кеңістігіне жалғануға тырыссын. Сонда Әмірхан арсалаң қағып алдынан шығады. Арқа-жарқа әңгіме, әсерлі сұхбат болады. Сөзсіз.