Дүбірге толы дүние
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:00
Пәкстанға революция келе жатқандай
Бұл елдегі естіліп жатқан хабарлар құлақ жарғандай. Жоғарғы сот ел үкіметінің басшысын тұтқындауға ордер берсе, діни қайраткер саяси реформалар жасауды талап етіп, ел астанасына шерумен кірген.
Екі хабардың бір-бірімен байланысы бар ма? Бар деуге де, жоқ деуге де келеді. Бар болатыны – екеуі де Пәкстанда тұрақтылықтың жоқтығын аңғартады. Белгілі дәрежеде екеуіне де әскери күштердің қатысы, мүддесі барлығы айтылады. Жоқ дейтіндер екеуінің басын біріктіргендей ортақ саяси күштердің ауызға алынбауын алға тосады. Екі оқиғаны да ақпарат құралдары жеке қарастырады.
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:00
Пәкстанға революция келе жатқандай
Бұл елдегі естіліп жатқан хабарлар құлақ жарғандай. Жоғарғы сот ел үкіметінің басшысын тұтқындауға ордер берсе, діни қайраткер саяси реформалар жасауды талап етіп, ел астанасына шерумен кірген.
Екі хабардың бір-бірімен байланысы бар ма? Бар деуге де, жоқ деуге де келеді. Бар болатыны – екеуі де Пәкстанда тұрақтылықтың жоқтығын аңғартады. Белгілі дәрежеде екеуіне де әскери күштердің қатысы, мүддесі барлығы айтылады. Жоқ дейтіндер екеуінің басын біріктіргендей ортақ саяси күштердің ауызға алынбауын алға тосады. Екі оқиғаны да ақпарат құралдары жеке қарастырады.
Елдің премьер-министрі Раджу Первез Ашрафты тұтқындауға ордер беру де төтенше оқиға. Жоғарғы сот өзінің мұндай қадамының саяси мәнін де жақсы білетіні даусыз. Бұл елдің конституциясы бойынша да үкімет басшысының соттық тергеуден иммунитеті бар. Оны жоғарғы соттың белден басуы да түсініксіз. Сарапшылардың, сондай-ақ премьердің кеңесшісі Фавад Чодридің айтуларына қарағанда, мұндай шешім елдегі әскери элитаның тапсырысына орай жасалған. Ашрафтан бұрынғы премьер-министр Юсуф Реза Геланиді де өткен жылдың маусымында жоғарғы сот президент Асиф Али Зардариге қарсы шараға қатысудан бас тарттың деп айыптаған шешім қабылдаған соң, ол отставкаға кеткен болатын.
Қазіргі премьерге осыдан екі жыл бұрын федералдық су ресурстары және энергетика министрі болған кезде біреулердің мүддесі үшін үкіметтік тапсырыс берді деген айып тағылып отыр. Оның анық-қанығына әлі ешкімнің көзі жеткен жоқ. Қалай болғанда да, елдің беделін, жоғарғы қызметтің салмағын ойлап, үкімет басшысы қызметін атқарған адамға шара қолдану жолын парасаттылықпен шешсе жарасар.
Ислам оқымыстысы, уағызшы Тахир ул-Кадиридің Лахор қаласынан басталған шеруінің де сипаты бөлегірек. Жол-жөнекей оған көп адам қосылып, Исламабадқа кіргенде, шерушілер саны 50 мыңға жеткен. Шеру басшысының айтуынша, көшеге 2 миллиондай адамды алып шығуға мүмкіндігі бар көрінеді.
Үкімет өкілдері бұл шерудің заңсыздығын айтқанымен, одан шын сескеніп отырғандай. Ул-Кадиридің өзін тұтқындамақ ойлары болғанымен, оған шамалары келмепті. Ул-Кадиридің қорғаушылары, оның маңындағылар үкімет күштерін жақындатпаған. Енді олар шерушілермен қақтығыс болмауын қадағалап жүрген көрінеді. Бұған 10 мыңдай полицей тартылған.
Шерушілер орталық, жергілікті үкіметтердің қызметтерінен кетуін, орнына уақытша үкімет құрылуын талап етеді. Өздерін адам құқы, жоқшылықты жою, заңның үстемдігін орнықтыру, жемқорлықты аластау жолындағы күрескерлер санайды. Оларды халықтың қолдауы да айтарлықтай. Биліктегілер содан қорқады.
Тахир ул-Кадиридің әрекеті белгілі дәрежеде Ирандағы аятолла Хомейни бастаған ислам революциясын еске түсіреді. Хомейни ұзақ уақыт шет жақта жүріп, елге келіп революцияны жариялағанда, халық Пехлеви шахтың билігін құлатқан. Ул-Кадири де ұзақ уақыт Канадада жүріп, елге өткен жылдың желтоқсанында оралды. Бұл да аятолла Хомейни сияқты революция жариялады. Бірақ халықтың қолдауы Ирандағыдай болған жоқ.
Лаңкестер Африкада да қауіпті
Францияның әскери күштерінің Орталық Африкадағы Мали мемлекетіне түсіріліп, ондағы лаңкестерге, сепаратистерге қарсы ұрысқа араласуы екіұдай пікір тудырды: біреулер оны басқа мемлекеттің ішкі ісіне араласқандық санаса, екіншілері әлемдік ортақ мүддеге сай қадам деп есептейді.
Әрине, басқаның ішкі ісіне араласпаған жөн саналады. Тіпті, жай адами қарым-қатынаста да көршінің ісіне араласқан айып. Бірақ сол көршінің мүддесіне қайшы әрекет жасалып жатса, бейтарап қалу да айыпталады. Көршіңді пәлекеттерден неге арашаламадың деп кінәлайды. Бір жағынан француздарды осылай ақтауға да болғандай.
Рас, Мали Францияға көрші емес. Бірақ бұл елдердің арақатынасы жұртқа белгілі. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Мали өз тәуелсіздігін Франциядан алған. Әлі де саяси, экономикалық байланысы бар. Басқасын былай қойғанда, мемлекеттік тілі – француз тілі. Белгілі дәрежеде Еуропаның беделді державасы бір кездегі өзінің отары болған елге қолұшын беруді парыз да санайды. Ал Малиде жосықсыз әрекеттер болып жатыр.
Өткен жылдың наурызынан бастап бұл елде тыныштық жоқ. Әскерилердің қолдауымен көтерілісшілер президент сарайын, әскери казармаларды, үкімет телевизиясын басып алып, мемлекеттік төңкеріс жасап, президент Адаму Тумани Турені тақтан тайдырды. Ал сәуірде туарег-сепаратистер елдің солтүстігіндегі тарихи астана саналатын Тимбукту қаласын басып алып, өздерінің Солтүстік Мали мемлекетін жариялады. Мұның бәрі Африка елдері тарапынан наразылық тудырып, Батыс Африка елдерінің экономикалық қауымдастығы (БАЕЭҚ) Малиге көмек беруін тоқтатты. Жалпы, халықаралық қоғамдастықтың қысымымен, талабымен Дионкунд Траоре елдің уақытша президенті болып сайланды.
Бірақ бұл елдегі экстремистік, сепаратистік, лаңкестік топтар өздерінің ресми үкіметіне қарсы әрекеттерін тоқтатқан емес. Бұл жерде өздерінің белсенділігімен көзге түсіп жүрген, айтарлықтай күшке ие үш топты бөліп айтқан жөн болар. Олар – исламдық Магрип елдеріндегі «Әл-Каида», сепаратист-туарегтердің «Аңсар-әд-Дин» ұйымдары, Бірлік жолындағы қозғалыс және Батыс Африкадағы жиһад деп аталатын Mujao ұйымы. Олар елдің солтүстігінде өз тәртіптерін орнатып, мұндағы ескі мәдени ескерткіштерді қиратып, өздерінің талаптарын мойындамағандарға қарсы тағылық жазаларды жүзеге асырды.
Соңғы кезде олар өздерінің әрекеттерін елдің солтүстік аймағымен шектелмей, өрістерін кеңейтіп бара жатқандарын ескеріп, президент Дионкунд Траоре биылғы 10 қаңтарда елде төтенше жағдай жариялап, БҰҰ және Франциядан жедел әскери көмек көрсету жөнінде өтініш білдіруге мәжбүр болды. Ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Францияның ұсынысымен Малиді ислам экстремистерінен тазарту мақсатында оған бітімгерлік күш контингентін орналастыру жөнінде былтырғы 20 желтоқсанда-ақ шешім қабылдаған еді. Сондықтан да Францияның Малидегі әрекеттері заңдық шеңберде.
Малидегі қазіргі әскери әрекеттердің барысына келсек, ол алғашқы күндерде әртүрлі сипат алуы мүмкін. Жалпы, халықаралық бас ұйым – БҰҰ қолдап, оған әлемнің жетекші елдері қатысатын болса, жеке бір елдердегі экстремистік, лаңкестік күштерді ауыздықтауға толық мүмкіндіктер бар. Ал сол мүмкіндік қалай жүзеге асырылады, бұл – екінші мәселе.
Лаңкестер Африкамен шектелмейміз, Еуропаны да ойрандаймыз, француздар бізден қашып құтыла алмайды деген мәлімдемелер жасап отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».