Саясат • 22 Мамыр, 2019

Мәжіліс қаржы нарығына қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады

885 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар заңнамалық құжат мақұлданды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліс қаржы нарығына қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдау тапты.  Заң жобасының негізгі мақсаты - қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын бөлу, тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін шектеу бойынша тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу.

Құжаттың нормалары қаржы нарығын реттеу мен дамыту, қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен жеке мемлекеттік органға беруді заңнамалық тұрғыдан бекітуге, сондай-ақ микроқаржылық қызмет саласындағы   қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

 Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын ұстап тұруға шамамен 10 млрд теңге мөлшерінде шығыс шығаруға әкеп соғады. Осы заңнамалық құжат бойынша Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин:

- Бүгін еліміздің әлеуметтік-экономикалық бағытын күшейту үшін тағы бір    нақты қадам жасалынды. Себебі, осы заң жобасы арқылы елімізде қаржы нарығын реттейтін жаңа мемлекеттік орган құрылатын болады. Ол барлық қаржылық қызметтерді тиімді  жүзеге асыруға жол ашады, - деді.

Сонымен бірге, Н. Нығматулин несие алатын, басқа да қызметтерді пайдаланатын  азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз ететін өте маңызды заң жобасын екінші оқылымға дейін  жан-жақты пысықтау қажеттігін айтты.

Осы күні депуттаттар «Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнаманы жетілдіруге және атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату саласында қалыптасып отырған қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

Сондай-ақ, осы заң жобасын қабылдау арқылы жеке сот орындаушыларының қызметін жетілдіру және атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін, атап айтқанда сот орындаушысы қабылдайтын процестік құжаттарды, әрекеттерді оңтайландыру арқылы арттыру және осы әрекеттердің дәйектілігін айқындау; заманауи технологияларды енгізу, атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін мәжбүрлеп орындату жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру; жеке сот орындаушыларының тәртіптік практикасын жетілдіру; «Астана» халықаралық қаржы орталығының» сот актілерін атқарушылық құжаттар тізбесіне енгізу; мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің жалақы төлемеу мәселелері бойынша берген ұйғарымдардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету сияқты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Е. Бектұрғанов, Ж. Нұрманбетова, А. Перуашев.