«Сасықсай» жабылады
«Атыраудың нөмірі бірінші проблемасы не?», десек, әрине, бұл – экология. Қалаға тым жақын орналасқан ірі кәсіпорындардың ауаны таза сақтаудан айыппұл төлеуді қолайлы көретін деректері аз кездеспейді. Жергілікті жұртшылықты ел арасында «Сасықсай» аталып кеткен бу алаңынан шығатын күлімсі иіс те жиі алаңдатады. Тазартылмаған кәріз суы талай жылдан бері жерасты сулары мен топырақты, ауаны ластап келді. Енді бұл мәселе шешімін табады деген үміт бар. Биыл облыс орталығының сол жағалауында жаңа кәріз тазарту кешені іске қосылады. Бас кәріз стансасы мен кәріз тазалау нысандарының алаңынан, биологиялық тоғандар мен булану алқаптарынан тұратын кешеннің құрылысына 10 млн теңге бөлінген. Жаңа нысанда тәулігіне 70 мың текше метр кәріз суы тазаланады. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов: «Қаладағы кәріздік желілер осы қондырғыға қосылады. Атырауда бұрын-соңды мұндай тазарту қондырғысы болмаған. Басты мақсат – экологиялық ахуалды жақсарту, халықтың денсаулығын сақтау. Кешеннен техникалық су шығарылады, ал қатты қалдықтардан тыңайтқыш дайындалады», дейді. Соңғы жылдары облыс орталығында қолға алынған жақсы жобаларды аудандарда да жалғастыру дәстүрге айналып келеді. Аудан орталықтарында да көпқабатты тұрғын үйлер мен заманауи әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Соның айғағындай, жаңа үлгідегі кәріз тазарту кешені Құлсары қаласында, Махамбет, Құрманғазы, Доссор, Аққыстау ауылдарында бой көтереді.
Атыраудағы кешен іске қосылғаннан кейін «Сасықсай» жабылады. 1978 жылы салынып, содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген булану алаңы туралы әңгіме осымен тәмамдалады. Алдағы уақытта оң жақ жағалаудан да осындай кәріз тазалау жүйесі мен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу орнын салу жоспарда бар.
Жайық жағасында – жайлы демалыс
Атырауға келген қонақтың Жайық жағасына бармайтыны кемде-кем. Қала тұрғындары да жылдың төрт мезгілінде демалуға осы жерді қолайлы көреді. Өзен жағасын абаттандыру туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен жылғы халық алдында берген есептік кездесуінде айтқан болатын. «Тұрғындар тарапынан Жайық өзені жағалауының жағдайына байланысты көп шағым түседі. Атыраулықтар жағалауды абаттандырып, жақсартуды сұрайды» деген аймақ басшысы жаңа жағалау қаланың басты символына айналатынын атап өткен еді. Қазір Бейбарыс даңғылынан Жастар саябағына дейінгі жағалауда айрықша демалыс орнын жасау бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Мердігер мекеме өкілі Мөңке Шлықовтың айтуынша, жағалау үш учаскеге бөлінген. Бұл жерде жағажай, суға түсетін орындар мен балалар алаңы, веложолақтар, халықтың тынығуына қажет барлық жағдайлар жасалады. Жайық жағасына 155 көше шамы орнатылады. Шағын сәулет мүсіндері мен гүлдер, жасыл алаңқайлар, тал-теректер де қарастырылған. Келісімшарт бойынша құрылыс 2020 жылдың сәуір айында аяқталады. Келер жылдың көктемінде атыраулықтар тамаша демалыс орнында қыдыруға мүмкіндік алады.
Орталық алаңда – мәрмәр домбыра
Атыраудың көрікті жерлерінің бірі – Исатай-Махамбет атындағы орталық алаң. Алаңды қайта жаңғыртудан өткізу жұмыстары жоспарға сай жүруде. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың сөзіне сүйенсек, жаңартылған алаң биыл қазан айында өтетін Қала күні мерекесінде пайдалануға беріледі. «БатысАльянсСтрой» ЖШС бас директоры Әділ Жұбановтың айтуынша, жоба құрылысына алдыңғы қатарлы инженерлік технологиялар қолданылған. «Алаңға 50 мың шаршы метр автоматты суару мүмкіндігі бар 2000-ға жуық гүлзар орнатылады, осылайша адам факторы толығымен алынып тасталады, суару жүйесі компьютермен басқарылады. Алты бассейн мен субұрқақ та осы технологиямен жұмыс істейді. Қазір қаптау, монтаждау жұмыстары жүруде», дейді Әділ Жұбанов.
Орталық алаңда, сондай-ақ алтын түстес әшекейлермен безендірілген мәрмәр домбыра түріндегі сәулет композициясы орын алады. Әуен ырғағына қарай түрлі түске боялатын ғажайып субұрқақ, қызыл-жасыл гүлге толы алқап қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы демалыс сыйлары сөзсіз.
Жастарға жақсы мүмкіндік
Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алып, азамат болып қалыптасулары. Осы ретте Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы мұнайлы өңірдегі біраз игі істердің бастау алуына септігін тигізді. Биыл облыс орталығында оқушылар және жастар сарайы ашылады. Құрылыс жұмыстарымен танысу барысында төрт қабатты ғимараттың соңғы үлгіде және сапалы салынып жатқанына куә болдық. Жастардың бос уақытын тиімді өткізулеріне арналған орында спорт залдары, интернет-орталық, медиа-кітапхана, компьютерлік графика бөлмесі, көрме музейі, галерея, жаттығу, хореография залдары, мәжіліс залы мен бассейн, театр студиясы, биохимиялық зертхана, түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер болады. Ең қызықтысы, төртінші қабат. Мұнда балалар әуе мен зымыран модельдеу зертханаларында ғылым мен техника әлеміне, кеме модельдеуге, компьютерлік техникаға, электр және радиотехникалық зертханаларға, бейне, фото студияларға барып, жаңа дағдыларды меңгере алады. «ARSM» құрылыс компаниясының маманы Жәнібек Шәріповтің айтуынша, қазір құрылыс басында 120 адам жұмыс істеп жатыр. Ішкі сылақ жұмыстары аяқталған, ендігі кезекте ғимарат сырты абаттандырылады. Осылайша, атыраулық оқушылар мен жастар бос уақытында тіл үйреніп, спортпен шұғылданып, өнер-білім түрлерін меңгеретін болады.
Тутұғыр алыстан көрінеді
Биыл құрылысы бітетін тағы бір ерекше нысан – тутұғыр мен мемлекеттік рәміздер алаңы. Жангелдин – Құлманов көшелерінің қиылысынан орын алған тутұғыр кешенінің аумағы 57 шаршы метр, биіктігі 91 метр. Тутұғырдың екі жағына субұрқақ салынады. Ал артына мәрмәр тастан салынған сәулет композициясы Қазақстан картасы орнатылады. «Кастатор» ЖШС жобалық инженері Асхат Әлианов: «Қазір инженерлік коммуникацияларды жүргізудеміз. Құрылысқа бетон, топырақ, төсеу жұмыстарына гранит пен мәрмәр қолданылады», дейді. Айта кетейік, тутұғыр Атыраудың ең биік нүктесі болады. Қаланың барлық жағынан анық көрінетін рәміздер алаңы мұнайлы шаһарға сән мен салтанат сыйлайды.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын айтқан болатын. Ғимараттардың сапасы, экологиялық тазалығы мен энергиялық тиімділігі де баса мән беруді қажет етеді. Атырауда қарқын алған құрылыстың қай-қайсында да қазіргі заманғы игіліктер қолданысқа ие. Сәні мен сәулеті күн санап артып келе жатқан Жайық жағасындағы жасампаз істердің жалғасы осындай мысалдардан да көрінеді.
АТЫРАУ