Туризм • 23 Мамыр, 2019

Туризмді дамытудың бағыттарын ұсынды

1439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары оқу орнының талантты, шығармашыл студенттерімен бірлесе отырып, «7 жаңа туристік маршрут» жобасын қолға алды.

Туризмді дамытудың бағыттарын ұсынды

Жобаның мақсаты – отандық және жергі­лік­ті туризмді дамыту жолдарын қарастыру, аймақтық киелі жерлер мен жәдігерлерді насихаттау. Жаңа маршруттардың желісін құру орайында студенттер мен магистранттар арасында конкурс ұйымдастырылды. 

«7 жаңа туристік маршрут» стартап таныстырылым байқауына қатысуға өтініш білдірген 19 топтың ішінен алдын ала іріктеуден өткен 8 топ финалға жолдама алды. Атап айтқанда, жарысқа Жаратылыстану факультетінен «Құрлықтар жұлдызы», «Жалынды жас­тар», «Қыран» және «Сириус», Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінен «Асу», «Жетісу», Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінен «7Qaz» және «Сұңқар» топтары қатысты.

Сайыс барысында әр команда көпшілікке ке­ңінен таныла қоймаған, алайда туристік әлеуеті жоғары нысандардың өзіндік ерекшелігін айтып, бизнес-жоспарын қорғады. Қазылар алқасы әрбір жұмыстың ерекшелігін, мәні мен маңызын жете са­рап­қа салды. Нәтижесінде, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттерінен құралған «Жетісу» тобының «Жетісу – жер жәннаты» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылды. Екінші орынға Жаратылыстану факультетінің студент­те­рі­нен құралған «Қыран» тобының «Сырға толы Сыр елі» атты жобасы ие болды. Аталған факультеттің «Жалынды жастар» командасының «Рухы бекем киелі мекен Жетісу» атты жобасы үшінші орынды місе тұтты. 

Алдағы уақытта үздік деп танылған маршруттар бойынша арнайы экспедиция ұйымдастырылмақ. Экспедиция барысында сайыс жеңімпаздары өздерінің құрастырған маршруттарымен жүріп, туристік нысандар мен киелі жерлерді гид ретінде таныстыратын болады. 

– Туризмді дамыту үшін елімізде бар­лық алғышарттар бар. Десе де Қазақстан бай туристік-рекреациялық әлеуетке ие болғанымен, елдегі туризм саласы жет­кілікті деңгейде дамымай отыр. Неге? Сауал көп. Қазақстанға келетін туристерге «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» курорт­тық кешені, Шарын шатқалы, Көлсай, Бурабай сияқты туристік нысандар таныс болғанымен, ұлттық рухтың қайнар бұлағына айнал­ған киелі де қасиетті орындар туралы біле бермейді. Сондықтан да бүгінде осы тақілеттес қасиетті мекендердің аймақтық желісін жасап, бір жүйеге келтірудің маңыздылығы артып отыр, – дейді университет ғалымдары.

Жандар АСАН,
Қазақ ұлттық қыздар университетінің баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы