Сеулде ота жасаған қазақ хирургі
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:03
Осы күні қоғамда «медицина саласындағы жоғары білім ақылы болғалы бері, жас дәрігерлердің біліктілігі төмендеп кетті» деген пікір де бар. Біздіңше, мәселе оқудың ақылы, не ақысыз болғанында емес. Жас дәрігерлердің арасында да небір талантты жандар бар. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты аурухананың қан тамырлары хирургі Берік Қайкенов. Қостанай облысындағы Рудный қаласында туған Берік шын мәніндегі өз ісінің шебері. Бірде, аяғы мүлдем қарайып, кесуге келісімін беріп келген бір азаматты Берік бауырымыз: – «Жоқ, емдеп, жазуға болады. Аяқсыз қалай жүресіз. Тәуекел, сіздің өз көмегіңізбен сырқатыңыздан айықтырып көрейін»,
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:03
Осы күні қоғамда «медицина саласындағы жоғары білім ақылы болғалы бері, жас дәрігерлердің біліктілігі төмендеп кетті» деген пікір де бар. Біздіңше, мәселе оқудың ақылы, не ақысыз болғанында емес. Жас дәрігерлердің арасында да небір талантты жандар бар. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты аурухананың қан тамырлары хирургі Берік Қайкенов. Қостанай облысындағы Рудный қаласында туған Берік шын мәніндегі өз ісінің шебері. Бірде, аяғы мүлдем қарайып, кесуге келісімін беріп келген бір азаматты Берік бауырымыз: – «Жоқ, емдеп, жазуға болады. Аяқсыз қалай жүресіз. Тәуекел, сіздің өз көмегіңізбен сырқатыңыздан айықтырып көрейін», деп ауру жанның жанына медеу тауып, емге кіріскені бар. Содан, араға айлар салып, әлгі азамат Беріктің шипалы қолының, сәтті емінің арқасында құлан-таза сауығып, еліне қайтты.
Небәрі отызға да толмаған жас жігіттің шеберлік шыңына көтерілгенін осындай жүздеген мысалдардан көруге болады. Былтырғы жазда Берік Талғатұлы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында біліктілік тәжірибесінен өтіп, сондағы орталық емханалардың бірінде күрделі ота жасауға қатысып қайтты. Сеулдіктер қазақтың жас дәрігерінің өз мамандығын жоғары деңгейде игергеніне ризашылықтарын білдірді. Жас хирург кабинетінің алды қашанда емделушілерге толы. «Берік Талғатұлы келді ме екен, ол кісінің қолы босады ма екен?» – деген халықтың қарасы қашанда көп. Беріктің дәрігерлік тағы бір жақсы қыры – алдына қиналып келген сырқаттардың сөнуге айналған үмітін бірден тұтатып жібере алуында. «Соғыста әке-аталарымыз қол-аяқтарын оқ жұлып кеткенде де Отан үшін алға деп шабуылға шыға берген. Сіз де денсаулығым үшін деп, сырқатыңызбен шайқасқа тайсалмай қарсы тұруыңыз керек. Қандай кеселді де адамның өзі бастап, емдеуші дәрігері қостап, жеңуіне болады. Сіздің сырқатыңыздың да емін табамыз. Тек, сабырлылық пен төзімділік және емделіп шығамын деген шын талабыңыз керек», – дейді алдына келгендерге Берік Талғатұлы.
Жас хирургтің осылайша өмірден күдерін үзуге шақ қалған жүздеген жандардың жанына жігер ұялатып, көңіліне қанат бітіргенін ризалықпен айтқымыз келеді. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын үздік бітірген жас хирургке қаралуға, емделуге келушілер жалғыз Астана қаласынан ғана емес, Қазақстанның бүкіл аймақтарынан да бар.
– Қай сырқаттың да емі бар. Тек, ең бастысы – уақытын өткізіп алмауға тырысу керек. Бізге кейде адамдар ем алу мерзімінің қолайлы уақыттарынан кешігіп келеді. Сонда да, медицинаның ең соңғы жетістіктерін жұмылдыра отырып, жазылып кетулеріне жол ашамыз. Өз басым алдыма келген адамдардың көңілін жабырқатқан емеспін. Әрине, ауруы жайында ақиқатын айтамын, бірақ, үмітін үкілеп, жанына медеу, жігеріне от тастауды ұмытпаймын. Егер сырқат жазыларына сенбесе, дәрігердің бүкіл емі еш кетеді. Емдеуші маманның өзі сырқатпен қосыла байбалам салса, нәтиже болмайды, – дейді жас хирург. Оның осы байламдарының өзінен-ақ қандай маман екенін аңғаруға болар.
Беріктің тағы бір қасиеті – мейлінше кішіпейілділігі, мәдениетінің соншалықты жоғарылығы. Үнемі ізденіс үстіндегі Берік Талғатұлының өз білімі мен тәжірибелерін жетілдіре түсу жолындағы талмас еңбектері де жас қауымға мектеп.
– Мен өмірден күдерімді үзіп, аяқ астынан тап болған кеселімнен енді айықпаспын деп жүргенімде, таныстарымның айтуымен осы жас хирургке алыстан ат арытып жеттім. Кейбіреулердей бәлсінбей, бірден қабылдап, емдей бастады. Жаныма шипа болар сөздері қандай еді десеңізші, Берік айналайынның. Содан бір жылда құлан-таза жазылып, ауылыма оралдым. Облыстағы хирургтердің аяғымды кесу керек деген байламын Берік Талғатұлы өзінің сәтті емімен жоққа шығарды. Қазақта осындай өз ісінің шын шеберлерінің болуы мемлекетіміздің де өскен өркенін көрсетеді екен, – дейді жас хирургтің шапағатына бөленген қостанайлық ел ағасы.
Білікті басшы Сәуле Дүйсебекқызы Қисықова жетекшілік ететін аталған аурухана ұжымындағы өз мамандығының айтулы шебері атана бастаған жас хирург Берік Қайкенов осы күндерде адам ағзасындағы қан тамырларының жаратылыс ерекшеліктері мен тіршіліктік маңызды қызметтерін жақсартудың жолдарына қатысты ғылыми ізденістер үстінде.
– Еліміздің медицина саласы Елбасының қамқорлығының арқасында бұрын-соңды болмаған деңгейлерге көтерілді. Астанадағы емханалар мен ауруханалардағы әлемдік үлгідегі ең озық техникалық жарақтандыруларға дәрігерлеріміздің біліктіліктері де сай болуда. Ел болашағы – халықтың денсаулығында, – дейді астаналық жас хирург.
Айтары жоқ, Елбасымыз өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір қазақстандық үшін құндылық – өзінің денсаулығы. Сондықтан да, Тәуелсіздіктің барлық жылдарында мен халық денсаулығына ерекше көңіл бөліп келемін. Бұл тақырып қашанда менің бақылауымда», – деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының халықтың денсаулығын сақтау саласындағы осынау қажырлы еңбегінің ақталуына өзінің білікті маман ретіндегі адал еңбегімен үлес қосып келе жатқан жас хирург Берік Қайкенов – Тәуелсіздігіміз түлеткен, өсірген, жеткізген өршіл өркендеріміздің бірі.
Смағұл РАХЫМБЕК,
журналист.
АСТАНА.