Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Сапалы қызметке сұраныс көп

910 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл пайдалануға берілген офтальмологиялық орталық қызметіне солтүстікқазақстандықтармен қатар, көрші Ресей елінің азаматтары да жүгіне алады.

Сапалы қызметке сұраныс көп

35 жатын орынға лайық­талған медициналық ны­санға толықтай заманауи құ­рылғылар қойылған. Жы­лына 5 мыңдай науқасты қа­был­дауға қауқарлы. Клини­каның жұмысымен танысқан Парламент Мәжілісінің депутаттары Сергей Звольский, Құралай Карекен, Кәрібай Мұсырман, Артур Платоновқа осындай мәліметтер ұсы­нылып, енді шетелге шық­пай-ақ еуропалық деңгейде жұ­мыс істейтін жоғары мамандан­дырылған офтальмологиялық диагностикалық кешен жайлы басқа да деректер көлденең тартылды. Мәселен, қант диабеті бар адамдардың көз аурулары лазер арқылы тез-ақ анықталады. Сол сияқты көздің тор қабығын, көру жүйкесі дімкәстігін жедел емдеу жолдары да қарастырылған. 

– Тәулік бойы емдеу, күн­дізгі стационар, жедел жәр­дем қызметі, ота, лазерлік ота, диагностика қызметтерінің бір жерде болуы жағынан бірегей орталық еліміздің өзге өңірлерінде жоқ. Аз қамтылған жандар үшін отаның тегін жасалатыны әлеуметтік зор көмек екенін атап өткім келе­ді. Мекеменің өте жақсы жаб­дықталғаны, емделушілер үшін барлық жағдайдың туды­рылғаны сапалы ем-дом алудың тамаша мүмкіндіктері саналады, – деді ұжыммен кездесу кезінде А.Платонов.

Орталықтың меңгерушісі Жанна Лахина жарты миллиард теңгеге бой көтерген меке­меде қызметтер тәулік бойы көрсетілетінін, ақылы негізде де жүргізілетінін, көп оталар мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін берілетінін, бұл мақсат үшін 340 миллион теңге бө­лінгенін жеткізді. Алдағы уақытта мұнда балалар офтальмология бөлімшесін іске қосу белгіленген. Жеке инвестордың қаржысына тұрғызылған кешен кейін мемлекеттің меншігіне өтеді. 

Бүгінде өңірде глаукома, миопия, катаракта секілді көз ауруларына шалдыққан 7 мың науқас есепте тұрса, 2,5 мыңдайы – жасөспірімдер мен балалар.

Солтүстік Қазақстан облысы