23 Мамыр, 2019

Өзге тілді үйретушілердің тірлігі мықты. Ал біздікі ше?

1210 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өзге тілді үйретушілердің тірлігі мықты. Ал біздікі ше?

Тіл – әр ұлттың қорғаны. Кеудесінде жаны барда кез келген ұлт өз тілінің жойылуына жол бермейді. Бүгінде әлемдегі мен деген ұлттар арасында өз тілін ауқымды түрде өрістетіп, дамытуда ашық бәсеке басталғандай көрінеді. Әлбетте, дәл қазіргі таңда әлемдік тіл деп ағылшын тілін білеміз. Бірақ уақыт өте келе тіл тағы үшін тартыс күшейе түсетін сыңайлы. Зерттеуші мамандардың пікірінше, 2050 жылы бүгінде бәсі жоғары тұрған ағылшын тілінің орнын қытай тілі басуы мүмкін.

Қытай тілі әлемде, соның ішінде Қазақстан сияқты бұрынғы кеңестік мемлекеттер арасында расымен күш алып келе жатқаны байқалады. Бұл өздігінен туындап жатқан процесс емес. Қытайлықтар бұған бірнеше онжылдық бойы мақсатты түрде дайындалды. Соңғы он бес-жиырма жылдан бері Қытайда қытайдан басқа аз ұлттарға балабақшадан бастап орта мектептерде қытай тілін толық біліп шығу міндеттеле бастады. Ханзу тілін жете білмеген, мектепті ханзуша бітірмегендерге жұмыс табу, қызметтік сатыларда көтерілу мүмкіндігі мүлдем азайды. Осылайша, өз елінде қуатты күшке ие болған қытай тілі енді әлемге өз үстемдігін орнатуға кіріскендей.

Қазір елімізде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған Конфуций институты жұмыс істейді. Бұл институттың құрылғанына да он жылдан асып кетсе керек. Оқу орнының негізгі мақсаты –Қазақстан мен Қытай арасындағы білім-ғылым бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, қытай тілін үйрету. Сондай-ақ қытай мәдениеті мен әлеуметтік өмірі, экономикасы туралы ақпараттар беру және екі елдің достық қарым-қатынасын нығайту екен. Құп делік! Өзге елдің салтын, тілін, мәдениетін білген көкірек көзіңді кеңейтпесе, дүниетанымыңды арттырмаса, кері әсері болмасы анық. Бірақ Қытайдағы Конфуций институттарының Бас Басқармасы Қытай тілі кеңсесінің (Ханьбань) тарапынан Қазақстандағы филиалына жіберілетін білікті мамандардың жұмыс қарқыны ерен. Бұл мамандар елімізде жылына екі рет емтихан өткізіп, үздік шыққандарға Қытай тілі кеңсесінің келісімімен арнайы куәлік береді. Келушілердің тілді меңгеруге деген ынтасын арттыру үшін жазғы тілдік лагерьлер мен арнайы байқаулар өткізуге мұрындық болады. Мұндай байқаулар және жай әншейін өткізіле салатын көз алдау шаралары емес. Осы байқауларда жеңімпаз болғандар Қытайдағы халықаралық «Қытай тілі көпірі» деп аталатын байқауға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, қытай тілін үйренуге кіріскен адамға қырық түрлі қолдау бар. Еріксіз қызығып-ақ кетесің.

Осындай белсенді жұмыстардың әсері шығар, Алматыдағы Конфуций институтына жылына 200-ден астам адам келіп, тіл үйренуге тілек білдіреді екен. Конфуций институтының директоры Рахымжан Асылбековтың айтуынша, қытай тілін үздік оқыған бакалавр, магистратура студенттеріне жарты және біржылдық бағдарлама бойынша жыл сайын гранттар бөлініп отырады. Байқасаңыз, қарқынды жұмыс деген көзге ұрып тұр. Ал біз болсақ, әлем түгілі өз елімізде қазақ тілін үйрену ісіне қарқын бере алмай отырмыз. Әлемде әр ұлт өзінің тілін алға шығаруға тырмысып жатқанда, бізде баяғыша бейқам тірлік.

Әлем елдерінің тілін дамыту бағытындағы жұмыстарын тәжірибе ретінде алу қажет болса, бізге экономикасын ілгерілете отырып, сол арқылы тілді де дамытқан, осы жолда жетістікке жеткен Жапонияны үлгі етуге болады. Ұлттық табысының біраз мөлшерін өз тілін көркейтуге жұмсап отырған мемлекет өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері өздері шығаратын компьютер техникасын тек жапон тілінде дамытып келеді.

Саны жағынан аса көп болғанына қарамастан, бірыңғай ағылшын тілінде сөйлейтін Үндістан да өздерінің хинди тілінің беделін көтеруге кірісіп жатыр. Халқының жартысы ғана сөйлейтін хинди тілін мойындату үшін жаңа заң жобасын шығарған. Хинди тілін Ұлттар Ұйымының ресми тілдер қатарына енгізу үшін аударма қызметтеріне 14 миллион доллар қаражат жұмсамақ. Бір кездері Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди мемлекеттік қызметкерлер мен барлық министрліктердің және ведомстволардың шенеуніктері, барлық корпорациялар мен банктер Twitter, Facebook, Google, YouTube сияқты әлеуметтік желілер мен блогтарды пайдалануда өздерінің ата-баба тіліне басымдық беруі тиіс деп, соған арнайы өкім шығарған еді. Бұдан әрі хинди тілінде сөйлесетін мемлекеттік қызметкерлерге қосымша сыйақы тағайындау жолға қойылды.

Хинди тілінің әлемдік тілді ығыстыра алатынына сенбесек те, осы бастама, ниеттің өзі үлгі аларлық. Жоғарыда саны жағынан әлемдегі ең көп ұлттарды ауызға алдық. «Көп қорқытады, терең батырады» дейді халқымыз. Басқа басқа, әрі саны көп, әрі экономикасы қуатты тап солардың тілі жоғалмас еді, бірақ, жаһандану процесінде бұл елдер де өздерін өзгелерге мойындату амалын жасап бағуда. Бізге туған тілді төрге шығару бағытында бұрынғы бағдарламалардан бөлектеу, нақты іске құрылған өміршең жоба қажет. Сонда ғана туған тілді тұғырында сақтауға мүмкіндік туады.



Меңдолла ШАМҰРАТОВ