Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясы өтті

1525 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім формуласы: бірлік пен жаңғыруға» тақырыбындағы I сессиясы өтті.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясы өтті

Жиынға Шымкент қаласының әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, сондай-ақ басқарма басшылары,қалалық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің, діни конфессиялардың, саяси партиялар мен ҮЕҰ мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жалпы 1000-ға жуық адам қатысты.

29 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ҚХА-ның XXVII сессиясында ұлт болып ұйысу арқылы алға қадам басудың нақты бағыт-бағдары айқындалған еді. Өңірлік сессияда республикалық мәжілісте айтылған ой-пікірлер тағы бір сараланып, оны іске асырудың жолдары нақтыланды.

Сессияда қала әкімі Ғ.Әбдірахымов қалалық ассамблеяның алғашқы сессиясының ашылуымен құттықтап, елдегі бейбітшілік пен татулықты орнықтырудағы ҚХА-ның маңызды рөлі мен берекелі бірлігімізді нығайтуда алға қойып отырған міндеттерге тоқталды. Сонымен қатар, тиісті мекемелер мен ұйымдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Ассамблея елімізде бейбітшілік пен татулықты орнықтыруда бітімі бөлек институт болып қалыптасты. Шымкент 100-ден астам этнос өкілдерін бауырына басқан ірі мегаполис қалаға айналды. Қаладағы 15 этномәдени бірлестіктер қоғамдағы сан қырлы мәселелерге үн қатып, бейбітшілік пен татулықтың орнауына үлес қосып келеді. Қалалық ҚХА соңғы 5 айдың ішінде кешенді жұмыстар атқарды. Жетістікке жетуіміз үшін қазір бізге бірлік, сабыр, бір-бірімізге деген сенімділік керек. Ассамблея қоғамдық келісімді нығайту мақсатында да ауқымды істер атқаруда. Атап айтар болсақ, «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар» сынды қайырымдылық шараларын жоғары деңгейде өткізді. Медиация кабинетінің және қаладағы медиаторлардың ықпалымен туындаған 146 дауға нүкте қойылып, тараптар келісімге келді. «Мектеп медиациясы» жобасы аясында 157 педагог-психологқа медиацияның негізі үйретілді.  Ассамблеяның «Қазақтану» жобасы аясында өткен биылғы «Наурыз керуені» жобасы жұртшылық тарапынан жағымды қабылданды»,  деді қала әкімі.

Сондай-ақ, жиында ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Данияр Сасыков, Ә.Қуатбеков атындағы ХДУ студенті Азиз Абдувахи, Шымкент қалалық әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова, жас кәсіпкер, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Данияр Мамирханов өз жетістіктерімен бөлісті.

Сессия соңында «Бірлігі жарасқан берекелі Шымкент» тақырыбындағы бейнефильм мен қалалық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дайындалған концерттік қойылым көрсетілді.