Сұхбат • 24 Мамыр, 2019

Сәбит Құрманбеков: «Композитор» – достық туралы фильм

675 реткөрсетілді

Өткен жұмада елорда төрінде қазақ-қытай бірлесіп түсір­ген «Композитор» атты ал­ғаш­­қы толықметражды көркем фильм­­нің тұсаукесері өт­ті.­ Ш.Айманов атындағы «Қа­зақ­­фильм» киностудиясы мен қы­тайлық «Shineworks Pictures» компаниясының ортақ жұмысы саналатын туын­ды­ қытайлық әйгілі композитор Сянь Синхайдың Кеңес Ода­ғында, оның ішінде Ал­матыға эва­куацияланған кезі мен қазақ­тың аймаңдай ұлы, композитор Бақытжан Байқадамовпен дос­тығынан сыр шертеді. Фильм­нің тең режиссері, белгілі қазақ­стан­дық кинорежиссер, суретші Сә­бит Құрманбековпен фильм ту­ра­­сында аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

– Аға, фильміңіздің тұсау­ке­сері құтты болсын! Ең әуе­лі «Ком­пози­тормен» қа­лай табыс­қан­­ды­ғы­ңыз­ға тоқталайық­шы. Идея, ұсы­­ныс қай тараптан келді?

– Рахмет. Бұл енді әу баста Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба болатын. «Композитор» – достық туралы фильм. Екі елдің дарынды ұлдарының от пен оқ кешкен сын сәт­тегі адамгершілік қасиеті мен тағы­лымды істерін, ұлы достығын келешек ұрпаққа көрсет­кіміз келді. Мен әуелде аталған фильм­нің суретшісі болып бекітілгенмін. Ал картинаның режис­серлігі қытайлық Шерзат Якубқа тап­сы­рылды. Бірақ өздеріңіз біле­тіндей, түсірілім жұмыстары екі елде қатар өткендіктен, кейін шығар­машылық құрам міндеттері қайта қа­ралып, Қазақстандағы түсірілімге жауапкершілік маған жүктелді. Осы­лайша «Композитор» фильміне әрі режиссер, әрі суретші болып келіп қалдық. 

– Жалпы, көркем фильм түсі­рудің өз қызығы, өз қиындығы бар. Десе де, өмірде болған тұлға жайында фильм түсіру, оның өзінде композитор Бақытжан Байқадамовтың көзін көрген замандастарының әлі де ор­тамызда жүргендігін ескерсек, сценариске де, режиссерге де, актерлерге де үлкен жауапкершіліктің жүк­телгені сөзсіз. Бұл тұрғыда қан­дай да бір қиындықтарға кезік­тіңіздер ме? 

– Әлбетте, ондай қиындық, қор­қы­ныштың болғаны рас. Қандай жұ­мысты қолға алсаң да толқу сезімінің болуы заңдылық қой. Бұл фильмде де дәл солай болды. Түсірілімге кі­ріспес бұрын ең алдымен қос ком­позитордың өмірбаянын жан-жақты оқып, зерделеуден бөлек, өнер ие­лерінің көзін көрген адамдармен кез­десуге, естеліктерін тыңдауға барынша көңіл бөлдік. Бізге аталған кино­туындыны түсіруге Бақытжан Байқадамов ағамыздың туған перзенті Балапан Бақытжанқызы мен фильмде сөз болатын қарындасы Данаштың қызы Қаламқас апаларымыздың үлкен көмегі тиді. Ізденісімізді ең әуелі сол кісілермен әңгімеден бастадық. Үйіне арнайы барып, фотосуреттерін алып, бірталай құнды деректерге қанықтық. 

Иә, өзіңіз айтып отырғандай, тұлға жайлы көркем дүние шығарудың және бір қиыншылығы бар. Ол – сын-ескертпелер. Мәселен, фильмдегі басты кейіпкер Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың қарындасы Данаштың қоштасатын тұсына қатысты «Композитор мен анамның арасында сүйіспеншілік сезімі болған емес» деп Қаламқас апамыз өзінің ескертуін жасады. Бірақ біз ол эпизодта тіпті де махаббатты емес, сұрапыл соғыстың қиын-қыстау кезеңінде бір шаңырақ астында бірге тұрып, бір-біріне бауыр басып, туысқанға айналған жандардың адами аяулы сезімдерін көрсеткіміз келген еді. Әрине, жұмыс процесі, оның үстіне шығармашылық дүние болғандықтан ондай пікір қайшылықтарының болып тұруы заңдылық, тіпті қалыпты дүние дер едім. Ең бастысы – фильм бар. Басты жеңіс – сол. 

– Басты рөлге актерлік құрам қалай таңдалды?

– Кастинг жұмыстарымен толы­ғы­мен Қытай жағы айналысты. Біз­дің тарап Бақытжан Байқадамов пен қарындасының рөлін ойнауға лайық­ты деген актерлерді жинадық. Түскен фильмдерін көрсеттік. Ішінен іріктеп, саралай келе, режиссер бас­ты рөлге Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Берік Айтжанов (Бақыт­жан Байқадамов) пен Аружан Жазыл­бекованы (Данаш) таңдап алды. Сянь Синхай бейнесін қытайлық танымал актер Ху Цзюнь сомдады. 

– Қазақ пен қытай кино түсіру ше­бер­ха­насында айтарлықтай айыр­ма­шы­лықтар бар ма екен?

–  Әр елдің өз жұмыс істеу жүйесі, тәртібі бар ғой. Мәселен, дәстүрлі қытай өнерінің өзіндік ерекшелігі бар. Ол әсіресе актерлік ойында да, актерлермен жұмыс істеуде де анық көрінеді. Қытай фильмдері эмоцияны өте ашық көрсетуге ұмтылады. Жек көрсе – жек­ көргені, ұнатса – ұнатқаны ашық, әсіре эмоциямен берілуі керек. Режис­сердің біздің актерлерге қойған ең бірінші талабы осы болды. Сол жағы біраз қиындау болған секілді. Тіпті, аздап өрескел де көрінді. Бірақ бара-бара ортақ келісім, түсіністікке ке­ліп, актерлер өз рөлдерін сәтті алып шықты деп ойлаймын. 

Одан кейін тағы бір айта кетерлік жайт – қытай кинематографистері өте жедел екен. Біздегідей жайбарақаттық жоқ. Олардың кино алаңындағы жұмыс уақыты да өте ұзақ, тіпті 14-16 сағатқа дейін созылады. Осы жағы біздің мамандарға біраз қиын болды. Мәселен, түсірілімнің алғашқы күні мынадай бір ыңғайсыз жағдай орын алды. Қытайлар жұмысқа таңғы сағат 5.00-де жиналып алыпты. Ал біздің жақ 30 минутқа кешігіп келді. Соны көрген қытайлық түсірілім тобы: «Бұлай жалғаса берсе, жұмысты белгі­ленген уақытта аяқтай алмай қала­мыз» деп алаңдаушылық білдірді. Осы­дан кейін біз де жиналдық (күлді). Фильмнің тең режиссері ретін­де өзімнің тағы бір кезіккен қиын­шылығым – ол көпшілік сахна мәселесі. Қытайлар массовкаға 2000-3000 адамға дейін сұрайды екен. Ал бізде ондай масштаб жоқ. Ең көп дегенде 200-300 адамды әзер жинаймыз. Соны көріп: «Адамдарыңыз қайда? Неге келмейді?» деп режиссер де, продюсер де біраз ренжігендей болды. Кейінірек жағдайға қанығып, күліп жатыр.

– Тіл мәселесі қалай шешілді? Бұл­ жағынан қиындық болған жоқ­ па?

– Жоба қолға алынған сәтте-ақ біздің ең үлкен қаупіміз осы бол­ды. «Бір-бірімізбен түсінісу үшін қасы­мызда қанша аудармашы жүру керек?» деп қорықтық. Бірақ нақты жұмыс процесіне келген кезде барлы­ғы оңай шешілді. Шерзат Якуб қы­тай­лық режиссер болғанымен, ұлты ұйғыр ғой. Қазақ тілін жақсы біледі екен. Оның үстіне, Қытайда қазақтар туралы 3 фильм түсірген тәжі­рибесі бар. Мұның өзі үлкен көмек болды. Одан кейін менің ұсы­нысыммен операторлыққа да Қы­тайдан атажұртқа оралған бауырларымыз тартылды. Нәтижесінде бір-бірімізбен тез тіл табысып, өнімді жұмыс істедік деп ойлаймын. 

– Фильм қанша уақытта түсіріл­ді? 

– 2017 жылы басталған түсірілім жұмыстары жыл мезгілдерінің ерек­шелігіне байланысты үзіліп жүрді. Оның біраз бөлігі Қазақстанда түсі­рілсе, жартысы Қытайда өтті. Фильм­нің бастан-аяқ түсірілімі 1 жылға созылды. Ал музыка, компьютерлік өңдеу, графикасы бар, яғни жалпы фильм монтажына 1 жарым жылдай уақыт кетті. Өйткені монтаж жұмыстары толықтай Қытай студия­сында орындалды. Біз қатыспадық. Қытай киногерлері компьютерлік өңдеуге қатты көңіл бөледі екен. Адамдарды көбейту, табиғатты қосу, көшелерге заман атмосферасын беру, қаланы өзгерту мәселелері тікелей техниканың көмегі арқылы жүзеге асты. Жалпы фильмнің сапасы жаман болмаған сияқты. Кинотуындының премьерасы мамыр айында Бейжің қаласында өтіп, 17 мамырдан бастап прокатқа шықты. Ал қазақстандық жалпыхалықтық прокат маусым айына жоспарланып отыр. 

– Әңгімеңізге рахмет.
Баннер
Соңғы жаңалықтар

Көш басында - Канело

Спорт • Кеше

Ауылда да субұрқақ бар

Аймақтар • Кеше

Шыңға біткен шынардай Шыңғыс еді!..

Руханият • 14 Маусым, 2019

Мерейі тасыған отбасы

Руханият • 14 Маусым, 2019

Бірлесіп күресуге шақырды

Саясат • 14 Маусым, 2019

«Реал» 303 миллион еуро жұмсады

Футбол • 14 Маусым, 2019

Олимпиада жолдамасын иеленді

Спорт • 14 Маусым, 2019

Еуропа ойындары басталады

Спорт • 14 Маусым, 2019

Демалыс аймағы ашылды

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мұражайлар фестивалі

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мейіргер Шархат

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Робот арқылы операция жасайды

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар