Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішевтің айтуынша, сайлауға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде. Барлық кандидаттардың облыс деңгейінде жұмыс істейтін сенімді өкілдері тіркеліп, оларға тиісті куәліктері тапсырылған. Ал жергілікті жерлерде, елді мекендердің тұрғындарымен тікелей жұмыс істейтін сенімді өкілдер аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан тіркелді. Сайлау учаскелері заман талабына және Орталық сайлау комиссиясы бекіткен нұсқаулыққа сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жергілікті атқарушы органдар аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесе отырып, үгіт-насихат материалдары орналастырылатын орындарды белгілеген.
Шетелдік байқаушылар, әсіресе, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі мәселесін назардан тыс қалдырмайтыны мәлім. «Орталық сайлау комиссиясы мүгедектердің дауыс беру құқығын жүзеге асыруына барынша қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Осы мәселеге қатысты нұсқаулық ереже Орталық сайлау комиссиясының арнайы қаулысымен бекітілді. Түркістан облысында тіркелген 1 миллион 181 684 сайлаушының 67 741-і белсенді дауыс беру құқығына ие мүгедектер. Оның 63 582-сі сайлау учаскесіне келіп дауыс береді. Біз осы азаматтардың құқықтарын қорғау үшін барлық сайлау учаскелерін пандустармен жабдықтадық. Мұнан бөлек сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы кабиналар мен бұрыштар, сурдоаудармашылар, лупалар мен құлаққаптар, басқа да қажетті құрал-жабдықтар болады. Сондай-ақ сайлау күні инватаксилер мүмкіндігі шектеулі азаматтарды сайлау учаскелеріне тегін әкеледі», дейді Ә.Әлішев.