Руханият • 24 Мамыр, 2019

Сауаптан құр қалмаңыз

1505 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

...1957 жылы жаңадан салынған кеңшар орталығынан қашықтау қоныс тепкен біздің Керегелі ауылында су қат болыпты. Қыз-келіншек 3-4 шақырым жерден иінағашпен шелектеп су тасиды. Малдың жайымен отырған шағын ауылды түбі орталыққа көшіру жоспары болғандықтан су мәселесі шешілмейді.

Сауаптан құр қалмаңыз
Каналды бұруға рұқсат жоқ. Мәселені Сапарбай ағамыз ептеп қулықпен шешеді. Түбінде ағыс алып, үлкен арнаға айналатынына көз жеткен ол, басшылардан мақталық, жүзімдік суына да нұқсан келмейтін кішкене «құлақ-жылға» жыруға рұқсат алыпты. Тумысынан диқан, гидротехник ағамыз тиісті тұсынан бес-алты кетпен тастағаннан су атқақтап еңіске, ауылға қарай аққан екен. «Сапарбай құла­ғы» үлкен беларыққа айналып, ауыл халқы басын Өгем-Шыр­шық­тан алатын тұщы ауыз суға да, аяқ суға да қарық болады. Сол сумен есік алдарында бау-бақ­ша жайқалып, тіршілік түлеп сала береді. Ауылға тартылған беларық баяғыша, «Сапарбай құла­ғы» деп аталады.Үздіксіз сауапқа кенелген жанның бірі мар­құм Сапарбай ағамыз шығар дей­мін, іштей.

Сауап демекші, садақа беру де үлкен сауап. Садақаны сауыңда бер. Садақа бәлені көтереді, қауіп-қатердің алдын алады. Бұл жө­нінде жиі естиміз. Бірақ та мән бере бермейміз. Керісінше, бір қиындыққа тап болғанда, тығырыққа тірелгенде ғана сада­қа береміз. Абзалы алдын ала берген.

Садақаны кімге беру керек? Әдетте, садақаны беру үшін жұма күнін күтеміз. Сосын мешіт жаға­лап, кемтар, қайыршы іздей­міз. Әлбетте, жұма ізгі амалдар мен құлшылықтың еселенетін күні. Бірақ садақаны міндетті түрде қайыршы-тіленшіге беру шарт емес. Айналамыздағы кез келген адамға, әрине бірінші кезекте мұқтаж жандарға берген дұрыс. Ең бастысы ниет. Нәпсіңізді жеңіп көңіліңіз қалаған қаржыны берге­ніңіз. «Мұсылманның бір құрманың не бір түйір жүзім көле­міндей болса да қайыр қыл­ғаны сауап» деген бар хадис­тер­де. Садақаны міндетті түрде қаржы­лай беру шарт емес. Қол қайыр, сөз жәрдем, жылы сөз, тіпті кү­лім­сірей қарап, кісінің көңілін өсі­ріп, шуаққа бөлеу­дің өзі – са­да­қа. Бастысы – ниет, Алланың разылығы. Сада­қаңызды бергенде (мейлі жәшікке, мейлі қолға) іштей дұға етіңіз: «Аллам, сенің разылығың үшін садақа жасауды нәсіп ете гөр».

Садақа жария және жасырын болады. Абзалы, құпия садақа. Себебі садақа Алла мен пенденің арасындағы сыр дейді ислам тәпсіршілері. Жасырын болған садақаның сауабы мол болмақ. Себебі рия мен мақтан Алла таға­ланың ең бір сүймейтін мұғ­жи­­заларынан дүр.

Өзіңе қатты ұнайтын мүлкіңді, киіміңді, қымбат телефоныңды, астыңдағы атыңды бір мұсылман қалап сұрады делік, сіз соны қиып беруіңіз керек. Қиындау сынақ, әлбетте... Бірақ берген сауап.

Өмірден өткен жақын адам­да­ры­мыздың атынан садақа беруге болады. «Қамшының сабындай қысқа ғұмырында мол садақа беріп үлгерді ме, жоқ па? Әкем, анам үшін қыршын кеткен бауы­рым үшін» деп арнап берсеңіз ол марқұмға да, сізге де сауапты ізгі амал­дардан болмақ.

Ал мешіт, медресе салу, жол, көпір құрылысына үлес қосу, құдық, су көзі, бау егу сан ғасыр­лық үздіксіз сауапқа кенел­тетін садақаның түрінен сана­лады. 
Алла тағала кәміл мұсылман қатарынан етіп, қай-қайсысы­мыз­ды да «алушы қолдан емес, беруші қолдан ете гөр» деп тілейік, себебі біздің рухымыз бергеннен ләззат алатын, сауаптан азықтанатын болмыс екені аян.

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист