Руханият • 24 Мамыр, 2019

Соғыс балалары ма, майдангер балалары ма?

1301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқырманның әр кез көңілінен шы­ғып, ой-толғамына жауап беріп отыратын елі­міз­дің бас газетінің биылғы 9 мамырдағы санында жария­ланған Гүлбаршын Айтжан­бай­қызының «Соғыс балалары терминін енгізу қажет пе?» деген мақаласы көптен бері кө­кейде жүрген ойды қозғап кетті.

Соғыс балалары ма, майдангер балалары ма?
Мақалада 2015 жылы сена­тор Қ.Айтахановтың соғыс жыл­­дары дүниеге келген ба­ла­­­ларға жәрдемақы беру жө­нін­­дегі ұсынысы Үкімет тара­­пынан қолдау таппағаны айтыл­­ған. Үкіметтің ұстанымы – «қазақ жерінде соғыс өрті бол­­ған жоқ» болыпты. 

Алдымен осы ұғымды, яғни қазақ даласында соғыс өрті болды ма, болған жоқ па, осыны анықтап алайық. Қазақ жерін фашистердің аяғы баспағаны, олардың қолдарына от-алау ұстап, үй-үйді өртемегені рас. Соған қарап, қазақ жерінде соғыс өрті болған жоқ деуге бола ма? Шынында, қазақ жеріне соғыстың өрті келмесе де, шарпуы тиді. «Соғыс кезінде фашис­терге атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасал­ған» деп, «Қазақстан же­ңіске мынандай-мынандай көмек көрсетті, тылда қал­ған әйелдер мен балалар ауыл шаруа­шы­лы­ғында немесе өндірісте орасан жетістікке жетті» деп айтқанда ауыз тол­тырамыз. Соның бәрі оңай­лық­пен болып па еді? Соғыс кезінде тылда еңбек еткен әйелдер мен балалардың қан­ша­сы қиындықтан о дүниелік болып, қаншасы жазылмас ауру тапқанының есебі де жоқ. Демек, Қазақстанда соғыс өрті болмаса да, соғыс өртінің шарпуы талай мың жанды жазалаған.

Мен соғыс кезінде, малды ауылда туып өскенмін. Соғыс кесапаты жайлы өз көзіммен көрген бірер оқиғаны айтсам, соғыс Қазақстанға қандай қасірет әкелгені түсінікті болады. Ерлері соғысқа кеткен кіл әйелдер қыстыгүні таң сәріде тұрып, мал жайлауға шыға­тын еді де, қас қарая бір-ақ кіретін. Біз аштан бұралып, әрі от жағылмаған салқын үйде бүрісіп, төсекте жататынбыз. Анамыз қараңғы түскенде келіп, ыстық бірдеңе дайын­даған соң, сәл-пәл жылынып, жүрек жалғаған соң қайта ұйқыға кететінбіз. Сонда үлкен­дер біреулердің екі-үш жасар сәбилерінің кешке мал жайлап келгенде өліп қал­ға­нын әңгімелеп отыратыны есім­де. 

Соғыс біткеннен кейін он жыл шамасы өткен соң, аудан орталығындағы жалғыз орта мектептің тұл жетімдер мен аналары алыс мал жайы­лы­мындағы жартылай жетім­дер жататын пансионына іліккенмін. Сондағы сегізінші сы­ныпта жасы жиырмадан асқан соқталдай қыз-жігіттер оқы­ғанын айтпағанда, жүйкесі тоз­ғаннан талма ауруына ұшы­раған немесе өкпе, сүй­ек ауруына шалдыққан, қол-аяқтары созылмайтын ауру­шаң оқушылардың талайын көз алдымыздан өткізгенбіз. Кейбіреулерінің түн ішінде ауруы ұстап, зәреміз кеткен кездер де көп болды. Осылар соғыстың өрті емей, соғыстың зардабы емей немене?!

Сондықтан жоғарыда көр­се­­­­тіл­ген мақалада өте өзекті мә­се­­­ле көтеріп отыр­ған газетке де, оның қыз­мет­кері Гүлбаршын Айт­жан­­байқызына да алғысым шексіз. Өткен жылы мамырда Парламент спикері, қазіргі Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Атырауға келіп, облыс активімен кездесуінде мен осы мәселені көтерген болатынмын. Қайталап айтамын, соғыс кезіндегі балаларға ерекше мәртебе керек. Бірақ оны басқа елден көшіріп, соғыс бала­лары деп емес, майдангер балалары деп атау қажет. Себебін түсіндірейін. Мақала авторының айтуынша, Ресейде соғыс балалары деп, 1928-1945 жылдар арасында туғандарды атайды екен. Қазақстанда тыл ардагері деген категория бар. Оған 1938 жылы туғандарға дейінгілер жатады. Ішінара 1939 жылы туғандардың да осы тізімге іліккендері бар. Демек, 1928-1938 жылдар аралығында туғандарға қосымша атақ берудің қажеті жоқ. Сондықтан 1938 жылы туғандардан, яғни әкелері соғысқа кеткенде үш жасқа толмағандардан бастап, «Соғыс балалары» емес, «Майдангер балалары» деген атақ беру қажет. Алдымен, бұл тізімге әкелері майдан даласында қаза болғандар мен жараланып елге қайтпай қалған боздақтардың балалары ілінсе дейміз. Себебі олар – майдан даласында ерлікпен қаза тапқан әкелерін көрмей өскен шерменделер. Майданда жүріп қан төкпесе де, тылда жүріп жас төккендер. Соғыстың қасіретін жөргегінде жұтып, жеңіс қуанышын есі кірмей түсінгендер. Әкесі барларға қызыға қарап, соғысқа лағнет айтқандар. «Ұлар жылап, су ішіп, ұлан жылап, күн кешкендер». 

Бүгінде майдангер бала­ла­ры­ның алды сексенге толып, арты да сол жасқа жақындаған. Олардың саны да көп емес. Демек, оларға көрсетілетін азды-көпті әлеуметтік көмек мем­лекетке ойсыраған шығын әкел­мейді де. Ал «Майдангер балалары» деген атақ, соғыс қор­лығын көргендерге тек материал­дық қана емес, тарт­қан азабының өтеуі ретінде де, бір рет болса да, кеудесін керіп, адам ғұрлы сезінуіне пайдалы шара болар еді. 
Менің осы ұсынысымды ел президенттігіне кандидаттарға берер аманатым деп түсі­ніңіз­дер.

Абат КЕНЖЕҒАЛИ,

зейнеткер

АТЫРАУ