Руханият • 24 Мамыр, 2019

Академик Мәлік-Айдар Асылбековтің туғанына 90 жыл толуына орай конференция өтті

1223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Академик Мәлік-Айдар Асылбековтің тарихи демография мәселелеріне арналған еңбектері қоғамдық ғылымдарға барынша ықпал етіп, үстемдік жүргізген кеңестік идеологиялық факторлар салдарынан ұзақ уақыт бойы тоқырауға ұшыраған ғылым саласына ірі бетбұрыс әкелді деп батыл айтуға болады. Мәлік-Айдар Асылбековтың туғанына 90 жыл толуына орай Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен ғылыми-тәжірибелік конференция барысында институт директоры Зиябек Қабылдинов ғалымның еңбек жолына қарата осындай ойларымен бөлісті.

Академик Мәлік-Айдар Асылбековтің туғанына 90 жыл толуына орай конференция өтті

- Академиктің ғылыми шығармашылығында  зерттеу тақырыптарының жан-жақты, кешенді түрде болуы мен терең талдануы айшықталады. Индустриялық өзгерістер мен әлеуметтік-демографиялық даму үрдістерін бүкіл қоғам тарихымен тығыз байланыста қарайды. Ғалым зерттеулеріндегі методологиялық пайымдаулар зерттелген мәселелерді жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Ол Қазақстан халқы туралы өзекті мәселелерді қарастыру үшін өте маңызды, өзіндік бірқатар қағидаларды қалыптастырды. Ғалым тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» зерттеуге де көп көңіл бөлді» деп атап өтті Зиябек Қабылдинов.

Өмірдің қиын-қыстау белесінен өтіп, еңбек жолын жеті жылдық мектеп оқытушысынан бастап, ҚР ҰҒА академигі дәрежесіне дейін жеткен Мәлік-Айдар Асылбековтің Қазақстан ғылымының дамуына қосқан сүбелі үлесін ғылыми орта еске ала отырып,  шығармашылық мұрасына талдау жасады.

«Қазақ ғылымында алғашқылардың бірі болып жұмысшы табы, теміржолшылар тарихы тақырыбына тыңнан түрен салған ғалым» деп атап өткен институттың бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зирабүбі Төленова алғашқылардың бірі болып Қазақстан тарихы демографиясы ғылымының  негізін қалаған ғалым еңбектеріне шолу жасай отырып, ғылыми тақырыптарының ауқымдылығына көз жеткізе түсеміз, дейді. Ғалым-ұстаз әсіресе, теміржолшылардың, қазақ ұлттық тарихының қалыптасуын зерттеу барысында тұлғатану саласында өзіндік із қалдырды. Мысалға, 1965 жылдың өзінде қазақ қайраткерлерінің тағдырына, қызметіне тыйым салынған кезде Тұрар Рысқұлов туралы ең алғаш қалам тартып, көптеген ұлт қайраткерлерін өз тұғырына қондырып кетті. Мәлік-Айдар Асылбековтің ғалым  ретінде қалыптасуына ықпал еткен ұстаз Нығметулла Киікбаев, Ермұхан Бекмаханов секілді танымал тарихшылар болды. Студент кезінде осы бекмахановшылардың, яғни Бекмаханов идеясын қолдаушылардың бірі ретінде 50-жылдардың басындағы қазақ ғалымдарын қудалау кезінде осы лекке ұшырады. Өмірінің соңғы жылдарында Ресей архивтерінде ұзақ жылдар бойы зерттеуге рұқсат етілмеген 37-39-жылдардың санақ бойынша материалдарын жинақтап,  4 томдық еңбекті жарыққа шығаруды басқарды.

Елу жеті жыл бойы Ұлттық ғылым академиясының Тарих институтында еңбек етіп, отыз жыл бойы диссертациялық кеңесте жұмыс істеген ғалым еңбектері хақында Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Енсенов «Кеңестік Қазақстанда индустрияландыру, даму тарихын, тарихи демография және тұлғатану бойынша көптеген еңбектер жазған ғалым. Қазақ тарихының 5 томдық академиялық ғылыми басылымының негізгі авторларының бірі болды.  1995 жылы Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасын жасауда Манаш Қозыбаев жетекшілік еткен жұмыс тобында Кеңес Нұрпейісовпен бірге еңбек етті» деп еске алды. - Бұл құжат Кеңестік кезеңнен кейін тарихты жаңаша тану, тарихи сананы қалыптастыру, ақтаңдақтарды түгендеудің жолын айқындауға жол ашты» деп атап өтті. Ал академиктің ең жас шәкірттерінің бірі PhD Тимур Әпендиев, қазақстандық демография ғылымының негізін қалаушы, саналы ғұмырын отандық ғылымның дамуына арнаған ұстазы жайында ой толғап, ұлт тариxындағы көші-қон, демография саласын терең зерттеген ғалымның әлеуметтік демографияны зерттеу саласын қалыптастырып, дамытумен қатар өзінің ғылыми мектебін қалыптастырғандығына тоқталды.

Алқалы жиынға жиналған ғалымдар академик бастап берген игі жобаларды жалғастыру мәселесіне тоқталып, арнайы қарар қабылдады. Онда  тарихи демография мен тұлғатану мәселелерін зерттеуді күшейту, академик атындағы қордың құрылуы мен ғылыми стипендия тағайындау, сонымен қатар өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйге ескерткіш тақта іліп, көше атын беру және де ғалымның есімін өзі оқыған Шардара ауылының мектебіне беру туралы ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.