«Сауығудың бірден-бір шарты – сауықсам екен деп тілеу»
Жұма, 1 наурыз 2013 7:13
Науқас адамның ақ халатты жанның алдына барған кездегі көңіл-күйі белгілі ғой. Тамырын ұстап отырған дәрігер білікті, тәжірибелі, сауатты болса екен, сырқатымды дәл тапса екен деп ойлайды. Негізі науқас адам дәрігердің айтқанына имандай сенеді. Содан болар, жылы сөз дәметеді. Дәрігердің «Қорқатындай дәнеңе жоқ, біраз ем алып, өзіңізге күтім жасасаңыз, дертіңізден құлан-таза айығып кетесіз» деген жылы сөзінің өзі жарты ем. Сондықтан науқастар үшiн ең қажеттiсi – дәрiгердiң сауаттылығы, адалдығы, мейірбандығы.

Адам баласының бақытты болуының оннан тоғызы денсаулығына байланысты екен. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының 303 дәрiгерi мен 223 орта буын мейiрбикесi қайта даярлықтан өтіптi. 2844 дәрiгер мен 4863 мейiрбике бiлiмiн жоғарылатты. Олардың үштен бiрi халықаралық деңгейдегi бiлiмдi меңгерген.
Ал 2012 жылы медициналық ұйымдардың медициналық құрал-жабдықтармен жарақталуы 56,2 пайызға дейін артты. Облыста жүргізілген жаңа құрылыстардың 94,0 пайызын бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласы құрады. Жергілікті бюджет есебінен сәулелі диагностика мәселелері шешілді. Облыс орталығында зертханалық-диагностикалық қызмет толық көлемде жабдықталды. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 69,86 жасқа жетті. Елді қатты алаңдатып отырған қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім-жітім көрсеткіштері халықтың 100 мың адамға шаққанда 168,6-дан 124,4-ке дейін немесе 26,2 пайызға төмендеді. Жүрек қан айналымы аурулары аурушаңдығы мен өлімін азайтуда мамандардың біліктілігін арттыру жұмысы аса маңызды. Бұл бағытта 41 дәрігер біліктілігін жоғарылатты.
Міне, Оңтүстіктің денсаулық сақтау саласының мамандары заманға сай бейімделуде. Әйтсе де, біздің қоғамда дертке шалдыққанша денсаулықтың қадірін білмейтіндердің саны әлі де молдау екенін мойындау керек. Жақында ғана Парламент қабырғасында есеп берген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова алдағы уақытта ауылдарды тіс дәрігерлерінің аралайтынын жеткізді. Өз басым министрдің осы ұсынысын толық қолдаймын. Шынында аудан орталығында, болмаса, ауылдарда тіс емдеу орындары мүлдем жоқ. Сол елді мекендерде тісі ауырса елемей, әрі кеткенде халықтық ем-доммен емдеп, ақырында бүкіл тісі түсіп қалған қаншама жандар жүр десеңізші… «Сауығудың бірден-бір шарты – сауықсам екен деп тілеу» деген екен бір ойшыл. Сол айтпақшы, мемлекет медицинаға қаншама жақсылықты үйіп-төксе де халықтың өз ынтасы, денсаулығына деген жанашырлығы, жауапкершілігі болмаса, бұл саланың тірлігі оңға басуы қиын. Бұл істе тек дәрігер ғана емес, халық та сауатты болуы керек.
Жазира ТӨЛЕПБЕКОВА,
Шымкент медицина колледжінің оқытушысы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.