Медицина • 28 Мамыр, 2019

Сержан Әбдешов, акушер-гинеколог: Ана мен бала өміріне жауапты болу оңай емес

2977 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елордадағы алғашқы перзентхана саналатын №3 Перинаталдық орталық 50 жылдан астам уақыт тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Мұнда жылына орта есеппен 8200-дей бала жарық дүние есігін ашады. Сержан Әбдешовтің бұл перзентханада акушер-гинеколог болып жұмыс істеп жатқанына екі жылдан асқан. Біз стационардың күндізгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында перзентхананың бөлімшелерін аралай жүріп, Сержаннан осы салаға келу тарихын, жұмысының қиындығы мен қызықшылығы жөнінде сыр тарттық.

Сержан Әбдешов, акушер-гинеколог: Ана мен бала өміріне жауапты болу оңай емес

Перзентхананың алды қашанғы қалпынан танбай көңілді қарсы алды. Десте-десте гүл, айқасқан құшақ, ақжарма тілек, көңілді ел-жұрт. Бұл қуаныштың артында тоғыз ай тоғыз күнгі үкілеген үміт жатыр. Фототілші екеуміз думанды топты артқа қалдырып, табалдырықтан озғанымызда бір сәт уақыт лентасы кері айналғандай болды. Сыртта қалған мәре-сәре қуаныштың үні бірте-бірте көмескілене, сап тиылып, есесіне дәлізде зыр жүгірген дәрігерлер мен қабылдау бөліміндегі абыр-сабыр лек бізді қарап тұрғызбастан ілестіріп әкетті.

Жолай дәлізде осындағы тұрақты қаралушының бірі 23 жастағы Юлия Григорьевнамен ұшырасып қалдық. Фонендоскопы қашан да мойнында жүретін дәрігер тоқтай қалып, қал-жағдай сұрасты. Жүрек соғысы мен тынысын тыңдап болған соң, бізге бұрылып «Бала бірінші позицияда басымен орналасқан. Сондықтан өздігінен босануға толық мүмкіндігі бар. Ананың да, баланың да жүрек қағысы ритмді. Жалпы жағдайы жақсы», деді.

Жалпы мұндағы жұмыс таңғы сегіз болмай басталады. Яғни, түнгі кезекшілер осы уақытта ауысымды күндізгі кезекшілерге өткізеді. Одан кейін қабылдаулар басталып, жарты сағаттан соң дәрігерлердің жалпы отырысы өтеді. Онда бөлімшелердің тәулік бойғы, түнгі кезекшілік барысындағы атқарылған жұмыс реті баяндалып, нақтылы шешімдер қабылданады.

Сержанның айтуынша, перзентханаға жүкті әйелдердің ең көп түсу жиілігі әсіресе жаз айларында күрт артады.

– Мысалы, 2018 жылы шілдеде бір кезекшілікте 89 әйелді қабылдап алдым. Шағымдарын қараған соң, оның 52-сін шұғыл босандыру бөлімшесіне жатқыздық, – дейді дәрігер. Жұмыс қауырт мұндай кезде кезекшілікке дәрігерлерден үстеме бригада шақыртылады. Жарық дүние есігін ашуға асыққан сәбилер сағатқа қарамайды. Сондықтан мереке уағындағы, сенбі, жексенбі күндеріндегі демалыс осындағы дәрігерлер үшін екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. 

Орта есеппен тәулігіне 40 шақты босану тіркелетіндіктен, мұнда бір минут та дамыл тауып, қарап тұру деген жоқ. Екі қолға – бір қандауыр. Адам тағдыры қыл үстінде тұрған мұндай жұмыстың жауапкершілігі өз алдына, орасан физиологиялық күшті қажет етеді.

– Жалпы бұл салада ер адамдар саусақпен санарлықтай. Алғаш оқуға түскенде «Жалпы медицина» мамандығында екі-ақ жігіт оқыдық. Одан кейінгі акушерлік іс және гинекология бойынша интернатурадағы 84 интерннің бесеуі ғана ер, қалғаны қыздар болды. Негізі жұмыс өте ауыр, сондықтан ер адамдардың да осы салаға үлес қосқаны дұрыс, – дейді акушер-гинеколог Сержан Әбдешов.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де акушерлік іс және гинекология мамандығы бойынша интернатурада 2016-2017 оқу жылында 3 ер бала оқыса, 2017-2018 оқу жылында бұл мамандыққа жігіттер мүлде ат ізін салмаған. 2018-2019 оқу жылында 2 ер бала оқуға тапсырған.

Ал Астана медицина университетінде акушерлік іс және гинекология мамандығы бойынша 2016-2017 оқу жылы 6, 2017-2018 оқу жылы 3 ер бала оқыса,  2018-2019 оқу жылында бұл мамандыққа мүлде тапсырмаған.


Сержан Біржанұлы Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Нартай Бекежанов ауылында туып-өскен. Осы ауылдағы №156 қазақ орта мектебінде білім алған. Әкесі Біржан ұжымшар уағында механизатор, ал анасы Күлайна 36 жыл өмірін ұстаздыққа арнаған жан.

– Үйде жеті баламыз. Анам мұғалім болғаннан кейін, сөз келтірмеуді ойлап, барлығымыз үздік оқыдық. Медицинаға қызығушылығым мектептен басталды. Алтыншы сыныптан бастап өсімдіктану саласын меңгеріп, одан тәнтануға қарай ойыстық. Маған өте қызық болатын. Мектепте 40 жылдан астам уақыт мұғалім болған Тұрғанкүл Оразова апайымның өмірлік мамандығымды таңдауыма ықпалы зор болды. Нақты қай салаға баратынымды білмесем де, 8 сыныптан бастап дәрігер боламын деп бекіндім. Ол кісі тәрбиелеген оқушылардың алды бүгінде үлкен азаматтар, – дейді жас дәрігер. Сержанның акушер-гинеколог болатынын отбасы да, достары да күтпеген. Тіпті бұл шешімге Сержанның өзі де бір күнде бекінген жоқ.

– Астана медицина университетіне 2010 жылы оқуға түстім. 4 курста студенттер акушерлік іс және гинекология, хирургия, терапия, педиатрия циклі бойынша екі айдай орталықтарда сабақ өтеді. Біздің топ №3 Перинаталдық орталық базасында №1 акушерлік іс және гинекология кафедрасында оқыдық. Осы уақытта кадр бөлімінен санитарлық жұмысқа орын бар екенін білдім. Сөйтіп сабақ оқи жүріп, қосымша жұмыс ретінде тазалықшы болып бір жылдан аса жұмыс істедім, – дейді. Осылайша перзентхана жұмысымен етене танысқан ол бұдан кейін Жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімшесіне ауысып, алты айдай балалар күтіміне жауап берген.

– Акушер-гинеколог болуыма мені жұмыс барысы алып келді. Балалар реанимациясында жүргенімде, акушерлік қызметке орын табылып, босану бөлімшесіне ауысып кеттім. Бұл саланың маған жаттығы жоқ, – деген Сержан ауысу оңай болғанымен, мамандықты нақты таңдарда үй ішінің қарсы болғанын айтады. Ауылдастары да, сыныптастары да «жігітке жараспайтын жұмыс» деп қағытқан. «Әкем келешекте отбасыңа кері әсерін тигізеді деп мүлдем қарсы болды. Алматыда тұратын әкемнің ағасы да күнде хабарласып, бұл мамандықтың пайдасы аз екенін айтып, бас тартуға үгіттеді. Тек анам ғана «өзің біл» деп жөніме қалдырды. Ақыры жұмысты бастап кеткен соң, қолдарынан келер қайран болмады. Бұрынғыдай емес, қазір жақындарым маған сенеді», дейді.

Перзентханаға қаралушылар лек-легімен толассыз келіп, кетіп жатады. Келгендердің қуанышын бөлісіп, ауыртпалығын қайыспай көтеретін дәрігерлер қауымы күн сайын сан түрлі тағдыр иелерімен жолығысады. Қуантатын, кейде мұңайтатын сәттер де аз емес.

– Астанадағы бір үйдің бес баласы бірдей өртенгенде қайғырмаған жан кем де кем. Маған да ауыр тиді. Қаралы хабарды жаңалықтардан естігенде фамилиясы өте таныс көрінді. Ертесі жұмысқа келіп, тіркелгендердің тарихын қарасам, сол отбасының бесінші баласы біздің перзентханада туған екен. Баласы мен анасын үйге шығару туралы анықтаманы мен жазып беріппін, – дейді дәрігер.

Акушерлік жұмыстың қиындығы көп-ақ. Өйткені мұнда хал үстіндегі ана мен баланың өмірі жатыр. Әр минут санаулы. Жұмыс уақыты аяқталды деу дәрігер үшін шарттылық қана. Науқастардың жағдайын ауық-ауық сұрап, үнемі байланыста болады.

– Мен бұл жұмысты «үздіксіз қоңырау» деп атар едім. Түнгі кезекшілікте ауыр науқас түскен жағдайда бас дәрігер, бас дәрігердің орынбасарына кез келген уақытта хабарласып, 10 минут ішінде шақырып аламыз. Келген бетте операцияға кірісіп кетеді. Үнемі қоңырау арқылы байланыста боламыз. Жеке-дара өзім ғана шығамын деу болмайды, бұл – ұжыммен атқарылатын жұмыс, – дейді Сержан.

Тағы бір айта кетерлік жайт, перзентханада 2013 жылдан бері ана мен бала өлімі тіркелмеген, сондықтан да мекеме қаладағы алдыңғы қатарлы орталық саналады. Мысалы, орталықта 2014 жылдан бастап метропластикалық күрделі операциялар жасалады. Бұрын бала жолдасы (плацент) жатыр қабырғасына кірігіп (бітіп) кететін мұндай жағдайда жатыр түгел алынып тасталатын. Таяуда орталықта жатырды сақтап қалатын осындай 12-ші операция сәтті жүргізіліп, оған акушер-гинеколог Сержан да қатысқан. Әдетте күрделі саналатын мұндай операцияға біліктілігі жоғары, таңдаулы мамандар жоспарлы түрде таңдалып алынады.

Сержанның айтуынша, акушерлік жұмыс оның есеюіне, өмірлік көзқарастарының қалыптасуына көп әсер еткен. Осында жүріп еңбекқорлыққа, табандылыққа шыңдалды.

– Ұзақ уақыт баласыз жүрген отбасылардың кішкентайлы болған кездегі қуанышына куә болу ерекше сезім. Жүрегіңді елжіретеді. Екі адамның өміріне бірдей жауаптылық таныту оңай емес. Өмірде текке жүрмегеніңді түсінесің. Кейде көпшілік орындарда, көшеде көріп, танып қалған ата-аналар келіп алғыс білдіріп жатады. Бұл – біздің жұлдызды сәтіміз, – деген сөзінен кісіліктің биік өлшемін байқатты. Ізгі мұрат жолында мамандықтың кісі таңдамайтынына кезекті рет куә болдық. Олардың бұлжымас бір ғана мақсаты бар, ол – өмір мен өлім алдында дәрмені жоқ қос бірдей жанның өміріне араша түсу.

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР,


«Egemen Qazaqstan»