17 Наурыз, 2010

ЕКІ ЕЛ ДИПЛОМАТЫМЕН КЕЗДЕСТІ

718 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Норвегия Ко­роль­дігінің Қазақстан Республи­ка­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі Даг Малмер Халворсенді қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесу барысында жүздесуші­лер Қазақстан-Норвегия қатынас­тарының қарқынды дамып келе жатқанын және көптеген өңірлік және халықаралық мәселелерді шешудегі екі елдің көзқарастары ұқсас екенін атап өтті. Пар­ламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін тал­қылай келіп, тараптар екі ел пар­ламенттерінің байланысы заң шығару, демократияландыру, құқықтық азаматтық қоғам құру жайында табысты үнқатысуды да­мытуға бағытталғаны жайындағы ойларын ортаға салды. Сенат Төрағасы норвег дип­ло­матын үстіміздегі жылғы мамырда Алматыда “ЕҚЫҰ-ның еуразия­лық өлшемі” Трансазиялық пар­ламентшілер жиыны өтетіні туралы хабардар етіп, норвегиялық парламентшілерді осы шараға қатысуға шақырды. Д.М.Халворсен елдер арасын­дағы екіжақты қатынастарды одан әрі белсенділендіруді жақтайты­нын айтты. Ол сондай-ақ Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі табысты болатынына және бұл осы беделді халықаралық Ұйым­ның мәртебесін жаңа жоғары деңгейге көтеру мүмкіндігі екеніне сенім білдірді. *  *  * Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Стефан Нелленді қабылдады. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Швейцария ынты­мақтастығы мен екі мемлекет ара­сындағы қатынастардың маңызды құрамдасы болып табылатын парламентаралық байланыстар табысты өрістеп келе жатқанын атап өтті. Қ.Тоқаев Швейцария жағына ЕҚЫҰ Төрағасы лауазымына Қа­зақстан кандидаттығын қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, көз­қарастар ұқсастығы мен Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Швей­цариямен өзара іс-қимыл­дағы көптеген өңірлік мәселе­лер­дің оң шешілуіне ықпал ететінін атап өтті. Ол сондай-ақ үстіміздегі жылғы мамырда Алматыда өтетін “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” Трансазиялық парламентшілер жиынының мақсаты мен мін­дет­тері туралы айта келіп, швей­ца­риялық парламентшілердің осы шараға белсенді түрде қатыса­тынына сенім білдірді. Кездесу барысында бірлескен құқықтық-келісім негіздерін одан әрі жетілдірудің кейбір мәселелері талқыланды.