Руханият • 29 Мамыр, 2019

Жазушы Үміт Тәжікеннің жаңа кітабы жарық көрді

1017 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында белгілі жазушы Үміт Тәжікеннің «Бег устремлений» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Жазушы Үміт Тәжікеннің жаңа кітабы жарық көрді

Оқырманға ұсынылып отырған жинаққа «Ось существования» атты романы, «На берегу», «Девять умр для одной уммы» атты повестері мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалалары енген. Баспадан жаңа шыққан кітаптың таныстырылымына байланысты өткен шараны «ПЕН» клубтың президенті  Бигелді Ғабдуллин жүргізіп отырды.

Үміт Тәжікен – орыс тілінде жазатын жазушы. Шығармашылығы мен болмысы шынайы тұлға. Қаламгердің қоғамдық құбылыстарға бей-жай қарай алмай, жылдар бойы көрген-білгенін, жиған-түйгенін жүрегінен өткізе отырып, азаматтық тұжырыммен жазылған кезекті кітабы жайлы пікір білдірген қаламдастары көп болды. Қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері Әбдіжамил Нұрпейісов, Смағұл Елубай, Қуаныш Жиенбай жаңа жинақтың жарыққа шығуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып Үміт Тәжікеннің шығармашылығына аз-кем шолу жасап, прозадағы айшықты орны туралы әңгімеледі. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің де лебізін жеткізіп, соңғы жылдары жарық көрген жазбалардан құралған жинаққа сәт-сапар тіледі.

Шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан Үміт Тәжікеннің  өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі және жазушының қыл қаламмен достығын паш ететін суреттерінен  көрме ұйымдастырылады.