Қоғам • 31 Мамыр, 2019

Бала – болашақтың бейнесі

1334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Осынау мерекенің бастау тарихына биыл 70 жыл. 1949 жылы Парижде Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының шешімімен бекітілді.

Бала – болашақтың бейнесі

Балалар өмірін, денсаулы­ғын, құқығын қорғау туралы федера­ция­­ның бастамасын БҰҰ өзі­нің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қабылдап, қолдау білдір­ді. Елімізде де атаулы мереке жыл сайын тойланады және БҰҰ жанындағы Unicef қоры қазақ­стандық балалардың өмі­рін жақ­сартуға атсалысып келеді. Ай­та­лық, Unicef Еуропалық одақпен бір­лесіп түрлі жағдаймен сотқа тар­тыл­ған, қылмыс жаса­ған еліміз­дегі балалар мен жас­өс­пі­рімдер­ді қоғамға қайта бейім­дейтін жоба жасады. Соның нәтижесінде 86 бала қатарға қосылды.

«Жетім көрсең, жебей жүр» дейді халқымыз. Бұл сөз бүгін­де мемлекеттік дамудың алғы­шартына айналғандай. Бала­лар­дың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мән­шүк Әбдікәрімнің айтуынша, 2008-2009 жылдары балалар үйлерінде 18 мыңнан аса бала болса, 2018 жылы 6 мың бала бол­ған. Жетім балалардың санын 12 мыңға дейін азайтуға қоғам­ның патронаттық тәрбиеге көңіл бөлуі мен мемлекет тарапынан жа­салған түрлі бағдарлама, жобалар ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған немесе қандай да бір көмекті қажет ететін балаларға арнап елімізде тегін 111 – сенім телефоны жұмыс істейді. Бұл – отбасылық, оның ішінде балалар құқықтарына қатысты психологиялық және заңгерлік кеңес беретін желі.

Қазақстанда 2018 жылы 397 799 сәби дүниеге келген. Әр жылда туатын осынша баланың өмірі – мемлекетіміздегі демо­графия­лық саясаттың басым бағы­ты. Сондықтан да бала денсау­лығы – басты назарда. Бұл сал­адағы жұмыс өз жемісін беріп келеді. Денсаулық сақтау министр­лігі Қоғамдық денсаулық сақ­тау сая­саты департаменті дирек­торы­ның орынбасары Зәуре Ахметова соңғы 25 жылда ат­қарылғ­ан іс-шара­лар арқасында Қазақ­стан­дағы бала туу көрсеткіші 19,6 па­йызға өскенін айтады. Ал бала өлімі 3,4 есе, ана өлімі 5 есе азай­ған. 

1 маусым – біздің балалар үшін асыр салар жазғы де­ма­лыстың бастауы. Білім және ғылым министрі Күләш Шәм­шидинова оқушылардың каникул уақытын көңілді де тиімді және қауіпсіз өткізуі үшін 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 1750-ден астам шатырлы лагерь жұ­мыс істейтінін жеткізді. Мұн­дай игі іске халықаралық, мем­ле­­кет­тік мекемелер ғана емес, же­к­е­леген ұйымдар да белсен­ділік танытуда. Мәселен, биыл 4 324 баланың дем­алысын ұйым­дас­тыруға елі­міздің 11 өңі­ріндегі ауыл­шаруа­шы­лық, мұнай, газ, тау-кен, энергетика сала­ларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер 504 млн теңге бөліп, қолдау көрсеткен.

Бала деген болашақ сөзінің баламасындай. Содан болар, атамыз қазақ қашанда ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы деп қарайды. Бүгінгі балалар – бола­шағымыздың бет-бейнесі. Біз солар арқылы еліміздің ертеңін қалыптастырамыз.