Тұлға • 18 Қараша, 2024

Баспа саласының білгірі

129 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шерияздан Елеукеновтің баспа ісі мен кітаптанадағы, ғылым мен әдебиеттегі еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы ғалымның баспа комитетінің төрағасы болған кезде жарық көргенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Кезінде осы батыл әрекеті қатаң сынға алынып, ақырында «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» деген желеумен қызметтен босатылғанын ғалымның универсиеттегі дәрістерінен де талай естідік.

Баспа саласының білгірі

Күні кеше Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында «Ұлттық кітаптана мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда қайраткердің кісілік қыры мен ғылымдағы ұстанымы баяндамаларға арқау болды.

Жиынды Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты Қанат Әуесбай жүргізді. Университеттің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абай Қазмағамбетов сөз сөйлеп, ғалымның ғылымға қосқан үлесін зор бағалады. «Адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық қағидаларын басты орынға қойған Шерияздан Елеукенов қандай қызмет атқарса да ұлттық ұстанымынан танған емес» деген ол ғалым осы табанды еңбегі мен ізденістерінің нәтижесінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлық лауреаты атанғанын айрықша атап өтті.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Ш.Елеукеновтің ұстаздық жолы мен ғылымдағы өнегесін баяндамасына арқау етті. Сондай-ақ профессорлар Жанғара Дәдебаев, Намазәлі Омашұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Қоңыр Мұқатайқызы, Темірғали Көпбаев, Сағатбек Медеубекұлы кітаптану мәселелерімен қоса қайраткердің әдебиеттану, баспа ісі саласындағы еңбегіне талдау жасады. Профессор Темірғали Көпбаев ғалымның көптомдығын шығару ісі тоқтап қалғанын айтып, осы жағдайдың шешілуі керек екенін жеткізді. Ал Нұрдаулет Ақыш, Серікқазы Қорабай, Гүлжаһан Орда, Елена Дудинова секілді бір топ ғалым Шерияздан Рүстемұлының қаламынан шыққан туындылар жөнінде әңгімеледі.

Өз кезегінде ғалымның ұлы, физика-математика ғылымының докторы Дастан Елеукенов халықаралық конференцияны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, әке аманаты мен ұстанымы қандай болғанын айтып берді.

Шерияздан Елеукенұлының еңбектері түркі еліне де құнды. Қырғыз Республикасы Ж.Баласагын атындағы ҚҰУ-нің Журналистика және коммуникация институтының директоры, әлеуметтік ғылым кандидаты, доцент Ширин Костюк және Түркияның Сакария университетінің профессоры Мухаммед Билал Челик осылай деді. Шетелдік ғалымдар да түркі еліне ортақ тұлға Ш.Елеукеновтың қайраткерлік қыры мен баспа ісіндегі еңбегіне тоқталды.

Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып жарық көріп, іс-шара барысында көпшілікке таныстырылды. Бұған қоса іс-шара аясында әл-Фараби кітапханасының фойесінде ғалым шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды.


Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ, 

баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы