Руханият • 31 Мамыр, 2019

Арқа төрінде ақын рухы асқақтады

1303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында қазақтың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы өтті. Ардақты ақынның дүбірлі мерейтойына қоғам қайраткерлері, сәкентанушы ғалымдар мен тарихшылар, ақынның туыстары және жастар қатысты.

Арқа төрінде ақын рухы асқақтады

Ең әуелі, Сәкен Сейфуллин мұра­жайын­да Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арнал­ған «Үш арыс» бұрышының ашы­лу салтанаты болды. Онда аяулы тұлғалардың форфордан жасалған мүсін­дері орналасқан. Бір жылда дүние есігін ашып, өнерде де, өмірде де үзеңгі қағы­сып қатар жүрген, ұлт үшін күресте бір төбеден табылған арыстардың әде­мі мүсіндері бұдан былай Сәкен Сей­фул­лин музейінде жарқырап тұра бермек.

Айтулы шара «Үш бәйтерек» кіта­бы­ның тұсаукесерімен жалғасын тапты. Алып тұлғалардың таңдамалы шығар­ма­ларынан құрастырылған бұл жинақ аяулы ағаларымыздың биылғы тарихи мерейтойларына тамаша тарту болмақ.

Мерейтой «Сәкен мұрасы – халық қазынасы» атты ғылыми-практикалық конфе­ренциямен жалғасты. Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбді­кәрім ақын тойы еліміздің әр өңірінде атап өтілетінін жеткізді. Сәкентанушы ғалым Күләш Ахметова ардақты тұлғаның есімі мәңгілік ел жүрегінде сақталатындығын, өзінің бар ғұмырын Сәкенге арнаған әйгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің ерен еңбегін тілге тиек етті. Сәкентанушы ғалым Амантай Кәкен болса ардақты тұлғаның ел үшін істеген елеулі еңбектеріне айрықша тоқталды.

Жалпы, «Қазақтың ірілері, Абай­дың інілері» атанған үш арыстың есі­мін ардақтау, Сәкен мұрасына сәкен­та­нушылардың еңбегін қосу, талдау мақсатында өткен мерейтой көптеген ауқымды іс-шараны қамтыды. Аталған мерейтойға орай Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрында елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен «Сәкеннің сырлы саздары» атты музы­ка­лық концерт те өтті. Жалынды жас­тар ардақты тұлғаның отты жырларын жатқа оқыды. Елімізге танымал өнер жұл­дыздары Сәкен Сейфуллиннің әсем әнде­рін тебіреніспен шырқады. Көңілді толқытар күй орындалды.

 

Алаш ТҰРСЫНӘЛІ,

Сәкен Сейфуллин музейі экскурсия және тарихи таным бөлімінің қызметкері