Руханият • 31 Мамыр, 2019

Ташкентте галерея ұйымдастырылса...

1200 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтырдан бері қазақтың саяси және рухани дүниесінде өзін­дік орны бар қайраткер Темір­бек Жүргеновке арнал­ған сан қырлы шаралар өтіп, кі­тап­тар шығып жатыр.

Ташкентте галерея ұйымдастырылса...

Темірбек бастапқы дәрісті Тұрмағамбет Ізтілеуовтен алған. Соның өзі оның бола­ша­­ғын ай­қын­дап тұрғандай. Жиырма жасы­нан бастап қо­ғам­­дық өмір­­ге белсене ара­ласқан газет қызметкері Ыр­ғыз­дағы болыс­тық, сосын облыстық атқа­ру комитетінің төрағасы қыз­ме­тін атқарған. 1926 жылы Таш­­кент қазақ педагогикалық ин­с­титутының директоры, Түр­­кістан Рес­публикасында Қазақ авто­номиясының толық өкі­­лет­ті өкілі болған.

Темірбек Жүргенов жөнін­де алғаш қайдан білгенім жайында менің өз басымнан өткен бір естелік бар. 1967 жылы көк­темде Ташкент ирригация инженерлері институтында 1-курстың 2 семестрінде Орта­лық Азия мемлекеттік уни­вер­ситетін бітірген соң, көп өтпей сол университетке ректор бол­ған, ағарту министрі, Үкімет басшы­сының орынбасары, Ұлт­тық ғылым академиясының пре­зиденті қызметтерінде бол­ған Ташмухамед Қары-Ниязов де­­ген кісі бізге математика пәні­­нен дәріс берді.

Емтихан алып отырып, ма­ған қарап: «Қазақсың ба?» деді.

– Иә, – дедім. Сол сәтті пайдаланып:

– Дамолла, сіздің кезіңізде бірге қызмет еткен қазақтардан кімді білесіз? – деп сұрадым. Академик атамыз: «Темірбек Жүр­геновпен жақсы таныс-біліс болдым, мен студент ке­зім­де ол да студент болды, екеу­міз екі университетте ректор бо­лып та бірге жүрдік», деді. Осы сөздер жадымда тап сол кездегідей сақтаулы.

1929 жылы Темірбек Жүр­ге­нов Тәжікстан өкіметінің қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары Өзбек­стан үкіметі халық ағарту комиссары бол­ға­ны тарихтан мәлім.

Өмірінің соңғы 5 жылын­да Қазақстан үкіметінің ха­лық ағарту комиссары болыпты. Сол жылдары елі­міз­де жаңадан 3000 мектеп са­лынған. Мәдениет пен өнер­ді өркендетуге үлкен үлес қос­қан. Опера театры ашылған. А.Затаевичке қазақ әндерін жи­нақ­тауға көмектескен. Қа­зақ тілінің тазалығы үшін кү­­рескен, терминологияға қа­тыс­ты ұсыныстар айтқан. Пуб­лицист. «Қазақстандағы мә­дениет революциясы», «Қа­зақ­стан­дағы сауатсыздықты жою» кітаптарын, «Саяси экономия» алғашқы оқулығын жазған.

1933 жылы оны Ташкенттен Алма­тыға қайтаруға Ғабит Мүсі­репов барған.

Алма­тыға келген соң Мир­зоянға: «Әкемнің малы тәр­кі­ленген деп бетіме ешкім бас­пасын, ағарту ісін көтеру үшін халық комиссары Өлкелік пар­тия комитетіне бюро мүшесі болуы тиіс және халық ағарту комиссариатына бөлінген қар­­жы­ға ешкім тиіспейтін бол­сын» деп үш батыл шарт қойған адам.

Сол кездегі қайраткерлерде бар­ғысы келген жерге ғана бару, тәуір үйде тұру, дүние жинау, қызмет таңдау сынды пен­делік ниет болмаған. «Тілді де тісті, жігерлі де іскер адам» де­ген атаққа ие болған. Бар-жоғы 40 жыл ғана өмір сүрген.

Кеңес өкіметінен бергі 100 жыл ішінде мәдениет пен руха­ни­ят саласында үш мемлекет қай­раткерінің есімдері ерекше аталады. Солардың біріншісі Темірбек Жүргенов, одан кейін Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібеков.

Темірбек жеті атасынан жілік майы үзілмеген бай әу­лет­тен шыққан. Әкесі Қара болыс болған, 10 мың жыл­қысы болыпты. Әйелі Дәмеш – Әлімхан Ер­мековтің қарын­да­сы. Жүр­ге­нов қамалған соң 18 жыл ғұ­мы­рын абақтыда өткізген.

Мұны айтып отырған себе­­бім, Таш­кенттегі Төле би ба­­баның кесе­несі жанында не­месе Қазақ­станның Өзбек­­­стандағы елші­лі­гін­де бұрын-соңды Таш­кент­те қыз­­­­мет атқарған Мұхтар Әуезов, Ғани Мұратбаев, Мұ­­ха­метжан Тынышпаев, Сма­ғұл Сәдуақасов, Сұл­тан­­бек Қожанов, т.б. қазақ қай­рат­кер­леріне бір ашық галерея ұйым­дас­тырып, ортасына субұрқақ қо­йылса, кесенеге немесе ел­ші­лікке келген әрбір адамның есіне тарихымыз түсіп тұрар еді және ол бұрын бір болған ұлттардың достығына қызмет етер еді.

 

Мырзагелді КЕМЕЛ