Ұрпақ жайын ойлаған ел ерте қимылдайды
Сенбі, 20 сәуір 2013 1:04
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шалатай МЫРЗАХМЕТОВПЕН әңгіме
– Шалатай Мырзахметұлы, өткен сәрсенбіде Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын бірінші оқылымында мақұлдады. Осы құжаттың мәні мен маңызына тоқталып өтсеңіз?
Сенбі, 20 сәуір 2013 1:04
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шалатай МЫРЗАХМЕТОВПЕН әңгіме
– Шалатай Мырзахметұлы, өткен сәрсенбіде Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын бірінші оқылымында мақұлдады. Осы құжаттың мәні мен маңызына тоқталып өтсеңіз?
– 1998 жылы еліміз зейнетақы жүйесін реформалауға және ұрпақтардың ынтымақтастығы әлеуметтік қағидатынан дербес зейнетақы жинақтары қағидатына кезең-кезеңімен өтуді жүзеге асыруға кірісті. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері қызмет етуінің халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып жүргізілген реформа нәтижесінде Қазақстанда базалық, міндетті (ынтымақты және жинақтаушы) және ерікті зейнетақымен қамсыздандыру деңгейлерінен тұратын көпдеңгейлі жүйе қалыптасты. Қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму негізінде зейнетақы бағдарламасын қаржыландыру арттырылды. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері үздіксіз өсірілді. Мұны ешкім жоққа шығармайды.
Келешекте ынтымақты жүйедегі зейнетақы төлемдерінің мөлшері төмендейтін болады. Бұл төмендеу жинақтаушы зейнетақы қорларынан берілетін төлемдермен өтеледі деп көзделген болатын. Алайда, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ұзақ қызмет етпеуі және тиімсіз болуы зейнетақымен қамсыздандырудың қажетті деңгейін қамтамасыз ете алмады. Ал еліміздің зейнетақы жүйесіне байланысты бұл заң жобасы бүкіл қазақстандықтарды толғандырып отырған өте маңызды мәселе. Жаңа құжаттың басты мақсаты – бүгінгі зейнеткерлеріміздің және болашақ зейнет жасына жететін азаматтарымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету екені бәрімізге де түсінікті.
Бірақ, бұл жан-жақты ойластырылмаса, өте күрделі мәселе екенін де естен шығармауымыз керек. Оның барлығы айтылып жатыр. Зейнетақы реформасы аясында құрылатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халқымыздың салымдарын сақтауда Үкімет кепілдік беретін сенімді қор екені күмән туғызбайды. Дегенмен, сақтау қаншалықты маңызды болса, оның инвестициялық табысын арттыру да соншалықты қажет. Сондықтан инвестициялық портфельдерді тиімді орналастыру жағынан Ұлттық қордағы мол тәжірибемізді пайдалана отырып, жаңадан құрылатын қордың қызметін бақылау жүйесін жан-жақты қарастыруымыз керек. Себебі, қор жұмысы барынша ашық, барынша әділ болуы қажет. Олай болмаса, бұл жаңа қордың да 15 жыл күткен үмітті ақтамай, жекеменшік қорлардың кебін киіп қалмасына кім кепіл? Осы жағын естен шығармауымыз керек.
Ал зейнет жасын өсіру керектігі дау туғызбайды. Бұл қажет. Өйткені, зейнет жасын көтеруді алғашқы болып біздің мемлекет бастап жатқан жоқ. Осыдан ондаған жылдар бұрын тиісті қадамдар жасап, кезең-кезеңімен зейнет жасын өсірудің арқасында осы салада ешқандай тоқырауға ұшырамаған мемлекеттер де бар. Ал, керісінше, кезінде ештеңе істемей-ақ, одан уақыт келген кезде сасқалақтап, халыққа да салмақ түсіріп, екі есе артық шығынға ұрынып жатқан мемлекеттер де жоқ емес. Біз олардың қателіктерін қайталауға жол бермеуіміз керек.
– Бүгінгі күні экономикалық ықпалдастық және даму ұйымына мүше елдердің жартысына жуығы зейнеткерлік жасты ұлғайтып жатыр, кейбірі жақын уақытқа жоспарлап отыр…
– Дұрыс айтасыз. Мысалы, Ұлыбритания, Германия, АҚШ сияқты дамыған елдерде зейнет жасы 67 жастан кем емес. Ал Жапонияда тіпті 70 жасты құрайды. Сондықтан әлі күнге дейін «керек пе, жоқ па?» деген сауалдың айналасында сөз таластыра бермей, «қалай?» деген сұрақ төңірегінде ортақ күшімізді біріктірудің уақыты келді. Яғни әйелдердің зейнет жасын көтерудің ең тиімді жолдарын қарастыру қажет. Бұл жерде Үкіметтің әйелдерді әлеуметтік жағынан қорғау туралы ұсыныстары бірінші кезектегі маңызды мәселе болмақ. Әйелдердің зейнетке шығу жасын 2014 жылдан бастап арттыру жөніндегі ұсынысты Үкіметке Ведомствоаралық жұмыс комиссиясы енгізген болатын.
Талқылау үшін мына мәселелер ұсынылған еді. Әлемдік тәжірибеге және 1996 жылдан 2001 жылға дейін іске асырылған отандық тәжірибеге сәйкес зейнетақы жасын ұлғайту кезең-кезеңімен, жыл сайын 6 айдан қоса отырып 10 жыл ішінде жүзеге асырылады. Мәселен, 58-ге келген әйелдер 58,5 жасында зейнетке шыға береді, яғни 6 айдан кейін, ал 57-ге толғандар бір жылдан кейін немесе 59 жасында зейнетке шығады. Екіншіден (63 жаста зейнетке шығатын адамдар үшін), психологиялық тұрғыдан дайын болуға және бейімделуге, үшіншіден, әйелдердің нәтижелі жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Үкімет бала күтімі бойынша демалыстағы әйелдер, өз бетінше жұмыспен айналысатындар мен жұмыссыздар, сондай-ақ зейнеталды жастағы әйелдер үшін арнайы жұмыспен қамту бағдарламасын жоспарлауда. Себебі, ынтымақты жүйеден зейнетақы тағайындау 2043 жылға дейін жүзеге асырылатын болады, ал зейнетақы жасын біріздендіру ынтымақты жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушылары болып табылатын әйелдерге қатысты болады.
– Әйелдер үшін олардың зейнетақы жасын арттыру кезінде қандай жеңілдіктер жасалады?
– Әйелдердің зейнет жасын арттыру барысында оларды сүйемелдейтін бірқатар жағдайлар қарастырылып отыр. Олар жалдамалы әйел жұмыскерлердің біліктілігін өндірістен қол үзіп және қол үзбей арттыруды, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының шеңберінде өз бетінше жұмыспен айналысатын әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуға тартуды, кәсіпкерлікпен айналысатын немесе өз ісін ашуды қалайтын әйелдер үшін микрокредиттердің қолжетімділігін кеңейтуді, бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдерді таңдаған кәсібі бойынша оқытуды, Еңбек кодексіне жұмыс берушіге зейнеталды жастағы әйелдермен еңбек қатынастарын тоқтату бөлігінде қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейтін өзгерістер енгізуді, жүктілігі және босану, сондай-ақ бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауды қамтиды.
Екіншіден, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар әйелдер үшін зейнетақыға ерте шығу құқығы сақталады.Мысалы, жалпы еңбек өтілі 20 жылдан кем емес, бес және одан көп бала туған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жаста, «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 10 жыл төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұрған, кемінде 20 жыл жалпы еңбек өтілі бар әйелдер 45 жаста зейнеткерлікке шыға алады. Сондай-ақ еңбек өтіліне сәбилердің күтіміне байланысты жұмыс істемейтін аналардың күтім жасаған уақыты есептеледі.
– Ал өз бетінше жұмыспен айналысатын тұрғындардың «тағдыры» қалай болмақ?
– Бұл – өзекті проблема. Егер қазіргі кезде осы проблеманы шешу жөнінде тиісті шаралар қабылданбаса, еліміздің тұрғындарының көпшілігі зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейі үшін жеткілікті зейнетақы жинақтары көлемін жинақтай алмайды және олар келешекте халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының қатарын толықтыратын болады. Мәселен, қазіргі таңдағы өз бетінше жұмыспен айналысатын адамдардың басым бөлігі зейнетақы жарнасын рұқсат етілген мөлшерде төлейді. Бұл жалақының ең төменгі мөлшерінің 10 пайызы. Осылайша, жылына ең төменгі жалақының 1,2 еселенген мөлшерін төлейді. Биылғы жылды алсақ, ол кемінде 23 мың теңгеден келеді. Ал 35 жыл ішінде салымшының жалпы жинақ сомасы 42 еселенген ең төменгі жалақыны құрайды. Мұндай жинақтар ең төменгі жалақы мөлшері бойынша 3,5 жылға ғана зейнетақы төлеуге жетеді екен.
– Шалатай Мырзахметұлы, елімізде зейнетақы жүйесіне қатыспағандар да жетерлік қой.
– Егер өз бетінше жұмыспен айналысушылар зейнетақы жүйесіне қатыспаған жағдайда, зейнеткер жасына жеткеннен кейін оларды ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыз мөлшеріндегі әлеуметтік жәрдемақы күтеді. Осы проблеманы шешу үшін бірқатар шаралар жоспарланған. Бірінші – өз бетінше жұмыспен айналысатындар мәртебесін нақтылау және оларды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту жөнінде жүргізілетін шараларға орай, өз бетінше жұмыспен айналысатындар мәртебесін алған адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті қатысу туралы талап енгізіледі. Екінші – 2017 жылдан бастап жарналарды төлеу тәртібін өзгерту жоспарланады. Дәлірек айтқанда, өз бетінше жұмыспен айналысатын адамдар бүкіл табысын жариялап, сол сомадан зейнетақы жарнасын төлеуге тиіс болады. Үшінші – ең төменгі кепілдіктер жүйесі өзгертіледі. Базалық зейнетақы төлемі кемінде 5 жыл жинақтаушы зейнетақы қорларына қатысушы болып табылатын зейнет жасына жеткен өз бетінше жұмыспен айналысатындарға беріледі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
«Егемен Қазақстан».