Спорт • 31 Мамыр, 2019

Хоккей: Тамбиев топ жаруы мүмкін

830 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғары хоккей лигасының (ЖХЛ) әр маусымы аяқталғаннан кейін түрлі аталым бойынша үздіктерді анықтау жақсы бір дәстүрге айналды.

Хоккей: Тамбиев топ жаруы мүмкін

Жуырда ЖХЛ-дың ресми сайтында 2018/19 жылдардағы маусымның ең үздік бапкері атағынан үміткерлердің толық тізімі жарияланды. Солардың арасында Қарағандының «Сарыарқа» клубының бас бапкері Леонид Тамбиев те бар. 

48 жастағы Латвияның тумасы кезінде мықты ойыншы болды. Өз елінде, Дания, Финляндия, Ресей, Швейцария, Италия және Австрияның түрлі командаларында өнер көрсетті. 1993-2007 жылдар аралығында Латвия құрамасы сапында екі Олимпиадаға, 11 әлем чемпионатына қатысты. 2010 жылдан бері бапкерліктің қамытын киіп, «Рига» және «Динамо» (Санкт-Петербург) клубтарын жаттықтырды. 2015/16 жылдардағы маусымда Қарағандының «Сарыарқасын» жаттықтырды. Былтыр осы командаға қайта оралды. Нәтижесі керемет болды. Өткен маусымда жерлестеріміз ЖХЛ-дағы ең белді атақ – Петров кубогын олжалады. Сол себепті де айтулы біріншіліктің ең үздік бапкері атағы Леонид Тамбиевке табысталса, еш таңданбаймыз. 

«Сарыарқаның» бас бапкері Леонид Тамбиевтен бөлек, осы атақтан үміткерлер тізімінде Михаил Кравец («СКА-Нева»), Руслан Сулейманов («Торос»), Михаил Звягин («Рубин») және Ильнур Гизатуллин («Нефтяник») сынды мамандар бар.