Тарих • 01 Маусым, 2019

Алматыда «Халықтарды Қазақстанға депортациялау тарихынан» көрмесі басталды

1600 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде «Халықтарды Қазақстанға депортациялау тарихынан» көрмесі ашылды.

Алматыда «Халықтарды Қазақстанға депортациялау тарихынан» көрмесі басталды

Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары КСРО халықтарын күштеп депортациялау сталинизмнің қылмысы саналады.

Күштеп депортацияланғандардың алғашқы легіне қиыршығыстық кәрістер жатады. Корей халқымен бір уақытта оңтүстік шекаралардан күрдтер, армяндар мен ирандықтар көшірілді. Батыс Белоруссия мен Батыс Украинадан, сонымен қатар Балтық маңы республикаларынан депортацияланған поляктар 1939-1941 жылдары республика тұрғындарына айналды. Ұлы Отан соғысы басталысымен халықтарды депортациялаудың жаңа кезеңі басталды. Бұл кеңестік немістер еді. Олар Еділ бойынан, Грузиядан, Әзірбайжаннан, Армениядан көшірілді. Тұрғылықты халқының еркінен тыс Қазақстан түрлі ұлттардың сталиндік түрмесіне айналды. Қазақстанға 1937 жылы 18526 кәріс отбасы (шамамен 100 мыңнан астам адам) көшірілді. Соғыс қарсаңында 102 мың поляк Қазақстанға қоныстандырылды. Елдің батыс аудандарынан 1941 жылдың күзінде республикаға 532506 адам көшірілді. Қазақ КСР-іне 1941 жылдың күзінде тағы 361 мың Еділ бойы немістері көшірілді.

Оған қоса 1943-1944 жылдары Солтүстік Кавказ халықтары мен басқа да ұлт өкілдерінің 507 мың адамы қоныс аударылды. Орта Азия мен Қазақстан республикаларына 1944 жылдың қарашасында Месхетияның (Грузия КСР) 220 елді мекенінен 110 мыңнан астам көшірілді. Депортациялаудың ауыр зұлматы Солтүстік Кавказ халықтарын қиын жағдайға душар етті. 1943-1944 жылдары қарашайлар, балқарлар, шешендер мен ингуштар жер аударылды. Содан соң қалмақтар мен қырым татарлары көшірілді.

Халықтарды Қазақстанға депортациялау сталинизмнің қандықол саясаты жағдайында өтті. Қуғын-сүргінге душар болған халықтардың аман қалуына қазақ халқының бауырмалдығы мен адамгершілігі зор септігін тигізді.

Көрмеге ҚР Мемлекеттік Орталық музейі қорларынан алынған фото және деректі материалдар, кітаптар жіне депортацияға ұшыраған халықтардың тұрмыстық заттары қойылды.

Көрмені музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон ашты. Сонымен қатар көрменің ашылу салтанатына Түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Қазақбай Қасимов, Осетин этномәдени бірлестігінің төрағасы Қазбек Мамсуров, ҚР Мемлекеттік орталық архив құжаттарын жариялау және зерттеушілерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бағдаулет Омаров қатысты.