Аймақтар • 01 Маусым, 2019

Солтүстік Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етілді

1464 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары кең көлемде атап өтілді.

Солтүстік Қазақстанда саяси  қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етілді

Қала жұртшылығының, қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен ғасырдың  отызыншы жылдары жазықсыз жапа шеккендердің құрметіне арналған ескерткіш монументке гүл шоқтары қойылды.

Қаралы митингіде аймақ басшысының орынбасары Руслан Әлішев, «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықов, «Барбунг» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Рашид  Надиров, тағы басқалары сөйлеп, сталиндік зұлмат кезінде қыршынынан қиылған, итжеккенге айдалған, ату жазасы секілді ауыр айыптар тағылған боздақтар жайлы тебірене әңгімеледі.

«1997 жылдан бері  саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні  жыл сайын атап өтіледі. Облыс бойынша 7,6 мыңға жуық адам теперіш көрсе, 1500-дейі шейіт болған. Олардың қатарында менің әкем де ату жазасына кесілген. Сүйегінің қайда қалғаны белгісіз», дейді Болат аға.

Жұртшылық М. Жұмабаевтың ескерткішіне де тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатында «Мәңгілік мұң–шерлі шемен" атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қатысушылар жаппай саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен солтүстікқазақстандықтардың  қилы тағдырынан мұңлы сыр шертетін құжаттармен жан-жақты танысты. Мәселен, М. Жұмабаевтың төлқұжаттары мен жауап хаттары,обком қызметкерлерінің тізімі, Қазақстанға жер аударылған халықтың диаграммасы сияқты құнды құжаттар қойылды.

Мұрағатшы Зәмзәгүл Закиринаның айтуынша, Мәскеу мұрағатынан да қуғын-сүргінге ұшырағандардың тарихына, өміріне, қызметіне қатысты  көптеген құжаттар әкелініпті.