25 Сәуір, 2013

Берекесі мен бірлігі жарасқан Жетісу

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Берекесі мен бірлігі жарасқан Жетісу

Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:23

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достықтың жол картасы» атты мега-жобасын жүзеге асыру мақсатында таяуда Алматы облысының делегациясы Алматы қаласына эстафета тізгінін табыс еткен болатын.

 

Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:23

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достықтың жол картасы» атты мега-жобасын жүзеге асыру мақсатында таяуда Алматы облысының делегациясы Алматы қаласына эстафета тізгінін табыс еткен болатын.

Аталмыш мега-жоба Қазақстан халқы ассамблеясының ХVІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасына орай 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысынан бастау алған еді. Ұлттар достығы мен ғалами бейбітшілікті үндейтін «Достықтың жол картасы» жобасы еліміздің барлық өңірінде игі іс-шаралар өткізіп, отандастарымызға мемлекеттің ішіндегі өзара татулық пен түсіністікті насихат етуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясына орай Алматы облысынан арнайы келген делегация қалада бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырды.

Оңтүстік астананың Достық үйінде облыс пен қаланың ұлттық мәдени орталықтары жетекшілерінің басқосуымен «Қазақстанның Ел бірлігі Доктринасын жүзеге асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» атты дөңгелек үстелді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова ашты. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің сәлемін басқосуға жиналған жұртшылыққа жеткізген Зәуреш Жұманәлиқызы Астана қаласында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессия­сы мен 1 мамыр күні тойланатын Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов бастаған арнайы делегация осы күні “Алматы облысы туризмінің тартымды мүмкіндіктері” тақырыбында шығарылған фотоальбомдардың тұсаукесер рәсіміне қатысты.

«Достықтың жол картасы» – Қазақстан халқы Ассамблеясының мега-жобасы аясында ұйымдастырылған шаралар тізбегі Алматы қаласындағы А. Розыбакиев атындағы № 153 мектеп-гимназияда жалғасын тапты. Сондай-ақ, бұл мега-жобаны жалғастырған оңтүстік астананың айтулы орындарының бәрінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, онда Қазақстан халқының бірлігі мен  ынтымағы паш етілді.

Облыс өңірінен келген түрлі ұлт өкілдерінің мәдени орталықтары өздерінің салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін дәріптейтін көрмелерді қала тұрғындарына ұсынды. Әсіресе, Жеті­судан келген корей, дүнген, ұйғыр, түрік, күрд, грек, украин, татар ұлттарының жаса­ған бұйымына, тағамына, әшекейі мен нақыштарына елдің назары ерекше ауды.

Аталмыш рәсімнен кейін облыс өнерпаз­дары ұйымдастырған мерекелік концерт шымылдығын ашты. Мәдени шара түрлі ұлттардың мың бұралған биіне, шалқыған күйіне, әсем әндеріне ұласты. Жетісудан келген қонақтардың өнерін тамашалауға жиылған көпшілік арасында түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Алматы қаласы тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы осы шарамен үндес «Тіл – татулық тірегі» атты қалалық фес­тиваль өткізді. Қазақстанда тұратын барлық этностардың тiлдерiн сақтау, ұлт бiрлiгiн нығайту, қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, дарынды жастарға қолдау көрсету ісін алдына мақсат тұтқан бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінен көп қолдау тауып отыр.

АЛМАТЫ.