Президент • 03 Маусым, 2019

Білім берудің бірегей бренді

1157 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Назарбаев Университеттің (НУ) үздік түлектері Елбасының қолынан диплом алды. Биыл аталған жоғары оқу орнын 963 студент тәмамдады. Салтанатты шара барысында Тұңғыш Президент университеттегі Атлетикалық орталықтың тұсаукесеріне қатысты.

Білім берудің бірегей бренді

Н.Назарбаев қатысушы­лар­ға ерекше есте қалатын сал­та­натты жиынға жиналып отыр­ға­нын жеткізіп, «Сіздер үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Бүгін – ата-аналар, студенттер, оқытушылар үшін мерейлі мереке. Баршаңызды осы табыспен құттықтаймын!» деді. Елбасы­ның айтуынша, НУ – еліміздің білім беру жүйесіндегі бірегей жоба. Бұл республикадағы бар­лық жоғары оқу орындарына үлгі болуы керек. Сондай-ақ Нұр­сұл­тан Назарбаев студенттердің ғы­лы­­ми-зерттеу жұмысының нәти­желері жә­не қол жеткізген жетіс­тік­­терін атап өтті.

– Былтыр Ғылым және техно­ло­гия мектебінің студенттік ко­ман­дасы  Бостонда өткен iGEM гендік-инженерлік машина­лар халықаралық бай­қауын­да алтын медаль жеңіп алды. Ғылыми әзірлемелерді коммер­ция­лан­дыруға қатысты iGEM жоба­сын атап өтуге болады, – деді Қазақ­станның Тұңғыш Президенті.

Елбасы Университеттің жо­­ғар­ы білікті және бәсекеге қа­бі­летті кадрлары Қазақстан­ның жо­ғары технологиялы ин­дус­т­рия­­сын дамытуға зор үлес қосып отыр­ғанын айтты.
– 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, күш-қуаттарыңыз бен патриоттық сезім­деріңізге байланысты. Сіздер өз әлеует­теріңіз мен мүм­кіндік­теріңізді толық іске асыру үшін біз барлық жағдайды жасап отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті «NU – Назарбаев Уни­верситет» брэнді әлемдік акаде­мия­лық ортада ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару, бизнес, медицина, инновация, ІТ-тех­но­ло­гия саласында кеңінен танымал болғанын жеткізді.

– Бұл бастама Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл пост­ке­ң­естік кеңістікте озық жоба­ға айналып, өз саласында көш бас­тады. Университет қысқа мер­зім ішінде жоғары білікті кәсіби кадрлар дайындайтын, сондай-ақ отандық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамытатын еліміздің беделді оқу орны ретінде қалыптасты. Білім ор­дасының басты активі – оның зият­керлік әлеуеті саналатын адам­дар – оқытушылар, студенттер, ба­с­қарушы персонал, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев түлек­терді еліміз бен қоғамы­мызды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырды.

– Сіздер жоғары білікті мамандар ғана емес, сондай-ақ азаматтық жауап­кершілікті сезі­нетін қоғамның белсенді мү­ше­лері болуларыңыз керек. Оқуды одан әрі жалғастыру, ел игілігі үшін еңбек ету, Қазақ­стан­ның атынан шетелде болу немесе өз ісіңізді бастау сияқты қандай да бір жолды таңдасаңыздар да сіз­дерге ақ жол тілеймін, жос­пар­лары­ңыз табысты іске аса берсін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы құттықтау сөзін: «Жер бетінде біздің жалғыз Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. 

Сондықтан бүгінгі түлек­тердің әр салада жемісті жұ­мыс істеп, ел игілігі үшін еңбек ете­рі­не сенемін!», деп түйін­деді. 

Н.Назарбаев құттықтаудан кейін ең үздік академиялық үлгерім көрсеткен түлектерге өз қолы­мен диплом табыс­тады. Ал бітірушілер өз кезе­гінде Ел­басына, университет бас­шы­лы­ғы мен оқытушыларына Қазақ­­станда сапалы білім мен халықаралық дәрежеде диплом алғанына алғыс айтты.  

Бұдан кейін Н.Назарбаев университеттегі  жаңадан ашыл­­ған Атлетикалық ор­талықта бол­ды. Бұл – жалпы ауда­ны 19 000 шаршы метрді құрай­тын, 660 көрермен­ге арнал­ған олим­пиадалық бассейн және пар­кет­тік аренасы бар көп функционалды спорт ғи­ма­раты. Орталықта сквош-корт, жек­пе-жек залы, жаттығу залы, сем­сер­лесу аймағы, кафетерийлер мен офис­тік үй-жайлар бар. Айта кете­йік, нысанның инф­рақұрылы­мы мүмкіндігі шек­теулі адам­дар­ға кедергісіз кеңіс­тік сыйлайды. Орталық НУ сту­дент­терін саламатты өмір салтын ұстанып, спортты өмірлік серік етуіне жағдай жасау мақсатында бой көтерген.  

Алғаш рет 2015 жылы университеттен 522 түлек қанат қаққан еді, бітірушілер саны биыл екі еседей көп. Биылғы түлектердің 565-сі бакалавр, 378-і магистр, 6-уы докторант және 14-і медицина докторы дәрежесін алды. Бакалавриат студенттерінің басым бөлігі (270) ғылым және технологиялар, инженерия (225) саласын, қалған 168 түлек гу­мани­тарлық және әлеуметтік ғы­лымдар мектебін тәмамдады. Ма­гистрлер арасында бизнес, білім беру, мемлекеттік саясат, ин­женерия, ғылым және технологиялар, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, медицина сала­сын бітірушілер бар. 

Биылғы магистратураны аяқтағандардың арасында алғаш рет тау-кен инжини­ринг саласындағы бола­шақ мама­ндар дайындалған. Ал докторант­тардың 3-еуі білім беру және 3-еуі инженерия саласын бітірген. 

НУ студенттерін даярлауға АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Грекия, Италия, Оңтүстік Корея, Ресей, Аустралия, Түркия және Үндістан елдерінің үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілері жұмысқа шақырылған. Оқыту­шы-профессорлар мен ғылыми қызметкерлердің 74 пайызы (477 адам) әлемнің 53 елінен келген, ал 26 пайызы – ұлттық кадрлар. 

Шырын Батталова қаржы саласы бойынша магистра­тураны оқып шықты. Ол уни­верситетке түсу де, оқу да оңай емесін айтады. «Оқу орны­на қабылдау кезінде үлкен ірік­теуден өттік. Мұндағы сту­дент­тердің әрбірі – білікті, білім­ді, нағыз үздік­тер. Олармен бірге оқығаныма мақтанамын. Біз – қаржы саласын бітірген алғашқы магистранттармыз. Сондықтан бізге артылатын жауапкершілік те жоғары», дейді Шырын. Оның айтуынша, қазірдің өзінде бірнеше мекемеден, соның ішінде Ұлттық банк­тен жұмысқа шақырту түскен. Магистр-қаржыгер еліміздің интернет банкингін дамытуға үлес қосуды мақсат етеді. «Электронды үкімет порталы секілді банктерді бір жүйеге біріктіріп, цифрлы жағдайын жақсартуды қалаймын.  Сол бағытта ғылым мен тәжірибеде елеулі жетістіктерге қол жеткіз­ген отандық және шетелдік профессорлардан тәлім алдым», дейді ол.

Түлектерді Элизабет Тұр­сынбаева, Юлия Галышева, Қара­қат Әбілдина, Динара Сәдуа­қасова, Александр Винокуров, Серік Сәпиев, Ержан Максим сынды спорт пен өнер саласы­ның белгілі өкілдері құттықта­ды. Олар видео жолдау арқылы бітірушілерді елге еңбек етуге шақырды.