Конкурс жыл сайын үш деңгейде (аудандық, облыстық және республикалық) өтеді. Биыл байқаудың шарты бойынша сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары арасында өтініштер қабылданған. Нәтижесінде 70-ке жуық отбасы бақ сынауға ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырды.
– Олардың арасында шығармашылық саласының мамандары, әскери қызметкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, құрылысшылар, көп балалы отбасылар, сондай-ақ қоғамның өзге де түрлі салаларында қызмет етіп жүрген тұлғалар болды, – деді жеңімпаздарды құттықтауға келген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов.
Міне, бұл талаптарға түгел сәйкес келіп, қатарластарынан оқ бойы оза шыққан Сейітжан Қойбақовтар әулеті биыл қалалық кезеңнің бас жүлдесін иеленді. Бұл – Ұлы Отан соғысының батыры мен тыл ардагері, батыр анадан тараған әулет. Қазір әулеттің отанасы Бакира Нысанбайқызы – 91 жаста. Қосағымен 10 бала туып, өсіріп, олардан 32 немере, 31 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр. Оған қоса бұл отбасынан 3 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 2 заң қызметкері, 3 медицина маманы шыққан. Ал 7 адамы әскери қызмет саласында еңбек етуде. Олардың сол күнгі сахнаға сыйған өкілдерінің құшақтары гүлге толып, сый-құрметке бөленді.
Ал байқаудың I орны Дүйсенғазы Қасымұлынан тараған әулетке берілді. Бұл ақындар әулетінің ең танымалы – айтыскер Серікзат Дүйсенғазы бастаған топ қызылды-жасылды бүрмелі көйлек киген қыздарымен-ақ айналаны гүлдендіріп жіберді. Ал танымал ақын құттықтау рәсімінен соң қолына микрофон алып, ішкі қуанышты бұлқынысын әсерлі шумаққа айналдырып, төгіп-төгіп жіберді.
Конкурс қорытындысы бойынша жүлделі екінші орын екі отбасына – ұстаздығымен еңбегі сіңген көп балалы Еркін Дәуешов пен рухани тәрбие насихатшысы Азамат Мәлжанбай әулетіне, ал екі үшінші орын елордалық көп балалы отбасылар Ержан Оспанқұловтар мен Байділда Қадырбаевтар әулетіне бұйырды.
Бұдан бөлек, «Талантты отбасы», «Әлеуметтік белсенді отбасы» және «Спортшы отбасы» аталымдарының жеңімпаздары марапатталды.
Ұлтты ұйыстырып, шаңырақтарға шаттық сыйлайтын «Мерейлі отбасына» қатысуға ниетті және лайықтылар саны жыл сайын артып келе жатқаны да байқалды. Мұның өзі Елбасы бастамасының ұлт үдесінен шыққандығының көрінісі болса керек.
Ал «Қазмедиа холл» киноконцерт залында осы жандардың құрметіне еліміздің белгілі әншілері өнер көрсетті.