Байқау қорытындысы бойынша аймақ басшысының алғыс хаты Семғалиевтер (Атырау), Имашевтар (Жылыой), Тұрсынбаевтар (Индер), Аманбаевтар (Исатай), Ибраевтар (Құрманғазы), Доскенжиевтер (Қызылқоға), Иманғалиевтар (Мақат), Самалықовтар (Махамбет) отбасыларына тапсырылды. Жылыойлық Қабдрахмановтар, қызылқоғалық Араловтар мен мақаттық Жулимановтардың шаңырақтары жүлделі үшінші орынның тұғырынан көрінді. Жаңабаевтар (Атырау), Амановтар (Исатай), Түсекеновтер (Махамбет) отбасылары екінші орынды жеңіп алды. Ал ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде құрманғазылық Бақтыгереев пен индерлік Тілекқабыловтардың отбасылары жеңімпаз болып танылды. Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңге өңір атынан нақты қай отбасының баратынын алдағы уақытта арнайы құрылған комиссия анықтайды. Жүлдегер екі отбасына да Қостанайдағы «Қарағай орманы» шипажайына жолдама берілді.
Салтанатты шараға ұл-қыздарымен, немере-шөберелерімен келген отбасылар бақыт пен берекенің ұясына айналған шаңырақтары жайлы тағылымды әңгімелер айтты.Бақтыгереевтер отбасының алтын діңгегі Меңдіхан аға мен Шаттық апай 53 жылдан бері бірге ғұмыр кешіп келеді. Аймаққа ұстаздар әулеті ретінде танымал отбасы мүшелері білім беру саласында еңбек еткен. Бүгінде алты баласы мен немерелері де осы ізгі жолды жалғастырып отыр.
Ал екінші жүлдегер Аймекен Тілекқабылова – «Алтын алқа» иегері. 8 баласынан 28 немере, 16 шөбере сүйген ана ұрпақтарының ортасында мейірімнің шуағындай жайлы өмір сүруде.
Елбасы бастамасымен қолға алынған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қазақ еліндегі бірлік пен берекеге негізделген, түсіністік пен татулықты темірқазық қылған жарасымды отбасылардың жарқын өмірін, бақытты неке құндылықтарын үлгі етуге бағытталған. Ізгі ниеттен туындаған идеяға қолдау көрсетіп, қатысушылардың саны да жыл санап артып келе жатқаны қуантады.