Спорт • 03 Маусым, 2019

Австрияда дзюдошыларымыз төрт жүлде алды

750 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Австрияның Лейбниц қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Еуропаның ашық кубогын Қазақстан құрамасы төрт жүлдемен қорытындылады.

Австрияда дзюдошыларымыз төрт жүлде алды

48 кило салмақ дәрежесінде белдескен Ақмарал Науатбек пен Ғалия Тынбаеваның өнері ерекше сүйсінтті. Бастапқы екі бәсекеде қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан қазақтың қос қызының жолы жартылай финалда қиысты. Бұл тартыс Науатбектің пайдасына шешілді. Одан кейін финалда бразилиялық Лаура Ферейраны ұтқан Ақмарал алтыннан алға тағынса, ұлыбританиялық Сиан Бобровскаядан басым түскен Ғалия қола медальді мойнына ілді.

Ұлдар арасында 60 кило салмақта күрескен Болат Біләл венгриялық, франциялық, бразилиялық, әзірбайжандық және ресейлік балуандарды тегістей ұтып, финалға шықты. Шешуші тұста қандасымыз Бразилияның тағы бір мықты дзюдошысы Ренан Торрестен ұтылды. Сол секілді 66 кило салмақта күш сынасқан Ермек Аманкелді де бастапқыда бес бірдей қарсыласын қапы қалдырғанымен, ақтық айқаста жапониялық Юджи Аидаға оның әлі жетпеді.