Елдің бас газеті “Егемен Қазақстанға” мақала жазуға мені мәжбүрлеген нендей жәйт? Ол қазір шетелде жатып, өзі судан таза, сүттен ақ адам секілді әділдік іздеген болып жүрген Мұхтар Әбіләзовтің қылығы мен былығы. Бизнесте жолымыз тоғысып, талай жобаларды бірге баянды етпек болғанбыз. Жеме-жемге келгенде бәрі басқаша шықты да, неге бұлай болды екен деп, қапы қалып отырған жәй бар. Менің алдануымнан басқалар сабақ алсын деп тілеймін.
Мен кезінде ТұранӘлем банктің саясатына асығыстықпен сеніп, алданған іскер адамдардың бірімін. Бұл қаржылық құрылыммен байланысым 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы дағдарысқа ұшыраған бастапқы шарап жасау зауытынан бастау алады.
БТА бұл жобаға тікелей араласып, қаржыландырған болатын. Осыдан кейін де біздер күшімізді біріктіріп, тағы да төрт жобаны жүзеге асырдық. Қысқаша айтқанда, кризис-менеджер ретінде өзім жасақтаған команда жабылу алдында (немесе дағдарыста) тұрған кәсіпорындарды қайта жаңғыртты. Банк басшылары әрбір жобаға шақырғанда, кетеуі кеткен бизнесті жолға қойғанға дейін уәдені үйіп-төкті. Тіпті тең әріптес ретінде үлес иесі боласың деді.
Осындай опынысты сөз жазуыма мәжбүр болғаныма қарап “БТАбанк” АҚ басшыларымен жасалған мәміленің бірі де орындалмағанын аңғару қиын емес шығар. Неге қайта-қайта сан соғып қала бердім деген сауалға да жауап бере кетейін. Бұл менің сенгіштігім де емес, мен үшін көп адамдардың қолынан келе бермейтін істі дөңгелетіп әкету де өзіндік бір құштарлық қайтарымын іздеу, былайша айтқанда – азарт. Кәсіпорын болсын, басқа болсын, өзгелер қолын бір сілтеген жерде өндірістің қайта гүлдегенін көру – ештеңемен де салыстыруға келмейтін рахат сезім.
Алайда, барлық нәрсенің өз шегі бар. Әрбір қолға алынған жоба бірінен бірі ауыр болды. Оның бәрі де Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарының ұмыт қала бастаған шалғай жерлерінде қоныстанған еді. Сондықтан да, бесінші және ең күрделі жоба – Ақмола облысындағы су басқан шахтаны іске қоссам бұл менің іскерлік жеңістерімнің жалауы болады да, одан әрі қарай жолға қойылған бизнеспен айналысамын деп ойлағанмын. Айтқандай, шахта жұмысына мен өз еркіммен жегілген жоқпын. Әріптесімнен (ТұранӘлем банк) жұмыс істеп тұрған жобаларды – Алматы облысы Талғар ауданындағы шарап зауыты мен қала ішіндегі дәмхананы айналасындағы 0,8 гектар жерімен қаңырап тұрған шахтаға айырбастау туралы ұсыныс түскен-ді.
Менде басқа амал қалған жоқ – жұмыс істеп тұрған жобалар қосымша қаражат салуды талап етіп тұрған, банк оны қаржыландырудан бас тартты. Олар маған не шахтаны алу керектігін, не құралақан қалатынымды түсінікті тілмен жеткізді.
Осылайша мен де-факто, банкке кепілдікке салынған мүліктің толық қожайыны болып шықтым. Бұл өзі жеке жыр болса да, мәселе алданған сенімде. Үш жылдан астам уақытта мен шарасыз халде тұрған шахтаны іске қостым. Шахтаны судан арылтып, шетелден кұрал-саймандар, өндіріс жабдықтары алынып, алтын құрамды руданы өндіру бойынша технологиялық тізбек толығымен қалпына келтірілді. Техникалық сараптамадан өтіп, мемлекеттік комиссияның қабылдауымен пайдалы қазба жұмысы бойынша өндіріс іске қосылды. Ең бастысы, қазба жұмыстарды жүргізудің барлық рұқсат қағаздары да алынды.
Нәтижесінде, қаңыраған ен далада 92 жұмыс орны жасақталды. Келешекте шахтада 157 адам жұмыс істейтін болады. Бірақ, дәл қазіргі уақытта “Байлюсты-Алтын тау-кен кәсіпорны” ЖШС-нің негізгі қызметі пайдалы қазбаны өндіру қаржыландыру тоқталғандықтан, тоқырап тұр. 92 адамның орнына 32 адам жұмыс істеуде. Банк бізді осылайша тәлкекке қалдырды.
Қазір БТА-ның бұрынғы жетекшісі Әбіләзовтің алыстағы әсем жерлерде отырып, Қазақстан басшыларын әділдікке шақырғанын есту әрі күлкілі, әрі өзекті өртейді.
Мұның бәрі не үшін? Әбіләзовтің кімнен қорғанғысы келеді және кімнен қайырым күтеді? Осындай кездерде ол өзін банк алдаған адамдардың орнына қойып көрді ме екен? Қолайлы рахат жағдайға ол мен сияқты банк төлемшілерінің арқасында жетті ғой. Алайда, біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоқан-лоқыға барып және күмәнді саяси тұрғыдағы айтыс-тартыстар жасап жатқан жоқпыз.
Мен өзім үшін ғана емес, экономиканың нақты секторын қайта қалпына келтіруде денсаулықтарына дейін құрбандық еткен адамдар үшін де өкпелімін. Осындай кезде БТА-ның адал әріптестерінің арқасында шетелде шалқып өмір сүріп жатқан Әбіләзов сияқтылар белшеден бейнетке батып жүрген Қазақстанның болашағынан үмітін үзбейтін қарапайым кәсіпкерлерді өзектен тепкенін сезінеміз.
“Цель оправдывает средства” дейтін қағида бойынша, Әбіләзов өзінің амбицияларын қанағаттандыра отырып, оған сенген әрбір кәсіпкердің ертеңге деген үмітін өшірді. Ал, біздің артымызда жалғыз кәсіпорын ғана емес, тірі адамдардың тағдыры тұр. Жоғарыда айтылғандай, тек менің кәсіпорнымда 92 адам бар.
Қазір мен осыны мойындауға қысыламын, алайда, бір кездері Әбіләзовтің алғырлығына тәнті болып, “қаржы данышпаны” деп атағаным да бар. Бірақ, бәрі басқаша болып шықты, уәделер... уәделер және әншейін пасық сөздер. Жеме-жемге келгенде, Мұхтар Әбіләзов өмірде көшбасшы болудан дәмелі болса, онда өзі құртқан әрбір жобаға және үміті алданған әрбір кәсіпкер үшін жауап беруі тиіс.
Ашынған сөзімді аяқтай отырып мен бөгделердің шайқасында біздің жеңісіміздің жоқтығын айтқым келеді. Бірақ, әркімнің өмірде жүз метрлік мәресі бар. Біреулер 33 қадамды артқа тастап Иса пайғамбардың тағдырын қайталайды, енді біреулер 41-ші метрге жеткенде мемлекеттік қылмыскерге айналып шыға келеді. Мұның бәрі түбінде неге барып тірелетіні тек бір Жаратқанға аян.
Меніңше, елдегі, бизнестегі, тіпті өз үйіңдегі былық қорқынышты емес, қара басыңның ішіндегі тәртіпсіз тірлік қорқынышты. Ендеше, Мұхтар Әбіләзов алдымен өзінің басындағы былығын тазартуы керек. Біздің бәріміз қарыздар Отан-Ананы ашық балағаттап, кемсіту ешкімге абырой әпермейтінін ұғуы керек. Азғантай қазаққа бір Борат та жетіп жатыр емес пе?!
Айжан МАРАЛОВА, “Байлюсты-Алтын” тау-кен кәсіпорны” ЖШС-нің бас директоры.