Қазақстан • 04 Маусым, 2019

Қоғамдық комиссия құрылды

924 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­­сұлтан Назарбаев 2017 жылы өткен Дүниежүзі қазақтары құ­­рыл­­тайында еліміздегі қоғамдық жаңару аясында шетелдегі қа­зақ­­тарды қолдау мақсатында қор құруды тапсырған болатын. Нә­­ти­­жесінде «Отандастар қоры» КеАҚ құрылды. Кеше ұйымның ал­ғаш­­қы отырысы өтіп, қордың жанынан Қоғамдық комиссия құрылды.

Қоғамдық комиссия құрылды

Маңызды жиынды ашып сөз сөй­леген  «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Нұр­тай Әбі­қаев қордың басты бағы­ты – Дүние­жүзі қазақтары қауым­дастығымен бірлесіп, әлем қазақ­тарын бір шаңырақ астына топтастыру және сырттағы қазақ диаспорасы бойынша елмізде то­лыққанды мемлекеттік саясат­ты қалыптастыру екенін атап өтті.

Келесі кезекте қордың алдағы жұмыс жоспары жайлы баяндама жасаған «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов мырза бүгінгі күні шетел­дердегі қандастарымыз саны 7-8 миллионды құрап отырғанын айтты. «Бұл шамамен бар қазақтың 30 па­йызы. Сондықтан да «Отан­дастар қоры» КеАҚ өз жұмы­сын жобалық кеңсе форма­тында қызмет көрсетудің бір­­ың­ғай операторы ретінде ұйым­дастырады. Соның бір саласы – тез арада диаспоралық сая­сат бағдарламасын әзірлеп, жи­нақталған мәліметтерді жүйе­лендіріп, қосымша зерттеулер жүргізу қажет», деді ол. 

Ол үшін қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы заң қажет. Естуімізше ол құжат дайын­­далып жатқан сыңайлы. Осы заң негізінде «Қазақ картасын» енгізу көзделуде көрінеді. Яғни, бұл жоба іске асса, шетелдегі бауыр­ларымыз Қазақстан аума­ғында бизнеспен айналысуына, меншік иесі болуына, заңды түрде жұмысқа тұруына, тегін білім алуына, медициналық қыз­мет жүйесін қолдануға толық мүмкіндік туады.

Тағы бір жаңалық қор жанынан «Байланыс-орталығы мен қоғамдық қабылдау бөлмелері»  жұмысын бастап кетіпті. Мұндағы мақсат – барлық ақпарды шоғыр­ландырып, елге оралған немесе оралушы ағайындарға ақпа­раттық, құқықтық кеңес беру, қажет жағдайда көмек көр­сету мәселесін шешу. Бұл жұ­мыстар «бір терезе» қағидасы арқылы – Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі және Ішкі істер министрлігінің жұ­мыстарын үйлестірумен  іске аспақ. 

Бұдан бөлек «Отандастар қоры» КеАҚ веб-сайты іске қо­сылып, сонымен қатар диас­поралық саясатты қолдау мақ­сатында «Keńes» штабы арқылы ашық диалог алаңы және шетел­дегі қазақ жастары үшін «Jas Qazaq» клубы құрыл­мақ. Бұл құрылымның мін­деті – жас буынға қазақтың тілі мен дәстүрін үйрету екен. Оны іске асырудың жолдары: қашық­тықтан интерактивтік сыныптар ашу; тіл үйретуге арналған мобильды қосымшалар жасау; қазақстандық оқу орындарымен бірлесіп қазақ тілі мұғалімдеріне арналған интернет платформа құру; методологиялық құрал әзірлеу, т.б.

Келесі бір іргелі жоба – шет­елдегі қазақтар үшін «Qazaq úui» және «Абай» мәдени орта­лық­тары, «Атамекен» іскер­лік үйлерін ашу. «Осы арқылы қандастарымызға қазақ ұлтының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін бо­йына сіңіреміз», дейді жиынды ұйымдастырушылар.

Айта берсек әңгіме көп. Мұның бәрі іске асса шын мәнінде диас­пора саясатының көші түзелері сөзсіз. Мысалы, қор «Бизнес және инновацияларды дамыту» бағытын көздейтін «Saýda» штабы арқылы қазақ диаспорасы мен қазақстандық бизнес өкілдерінің іскерлік байланыс­тарын орнатуға ықпал етпекші. Осы ретте: «Отандастар» бизнес инкубаторы арқылы ұлттық нақыштағы өнім өндірушілерді қолдау; қандастар арасынан дарынды азаматтардың бизнес-идея­лары мен инвестициялық жобаларына қолдау көрсету, т.б.

– Бұл жұмыстар шетелдер­де құрылатын «Атамекен» қазақ іскерлік үйі желісі негі­зінде «Самұрық-Қазына», «Қазақ туризм», «Қазақ инвест», «Атамекен» палатасы сияқты қаржы институттарының араласуымен атқарылады, – дейді Мағауия Қанапияұлы. Ең бастысы, жоғарыда атап өткеніміздей еліміздегі диаспора саясатын арттыру мақсатында Үкіметтің жанынан ведомствоаралық комиссия құрылып, оның жұмысы вице-премьер деңгейінде қаралмақ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей қордың негізгі жұмыс жоспары жайлы толық мағлұмат алған Қоғамдық комиссия мүшелері өз­дері­нің пікірлерін білдірді. «Қазақстан заңгері» РҚБ төр­ағасы Серік Ақылбай жаңадан қабыл­дануы тиіс құқықтық құжаттарды уақыттық һәм заңдық тұрғыдан жетілдіру үшін дөңгелек үстел өткізіп, тақылау қажеттігін алға тарса, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет сырттағы қазақ қалам­гер­лер туындысын ба­рша қазақ оқыр­мандарына ортақ­тас­ты­ру жолын қарастыруды ұсынды.

Сол сияқты өз кезегінде құн­ды ойларын ортаға салған Ақ­парат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, бас­­тал­ған игі іске сәттілік тілесе, та­ны­мал дипломат Қайрат Лама Шариф Білім және ғылым ми­нистр­лігі еліміздегі ЖОО-да оқи­тын диаспора санын 4 мыңнан 7 мың­ға көтергенін құптап, келер жылы болатын Абайдың 175 жыл­дық мерейтойы шеттегі қан­дас­тарымыз үшін де ортақ қуа­ныш боларына сенім білдірді. Қоғам­дық комиссияның ал­да­ғы отырыстарда оралмандар­ды қабыл­дауға тиіс 7 облыстың дайындық шарасын талқылауды ұсынды.

Жиын соңында елімізге танымал, ғалым, қайраткер, депутат, заңгер, кәсіпкер және орал­ман­дар­ға қатысты тіркелген қоғамдық бір­лес­тік басшыларынан құрылған Қоғамд­ық комиссия мүшелері өз­деріне төраға ретінде сенатор Мұрат Бақтиярұлын сайлады. Жаңадан сайланған басшы әріп­тестеріне рахмет айта отырып, кешік­пей жұмыс жоспарын түзуді, әсі­ресе алда қабылдануы тиіс қазақ диас­порасын мемлекеттік қолдау тура­лы заң жобасына қатысты тал­қы­лаулар ұйымдастырып, қазір­гі таңда түйіні шешілмей келе жатқан мәселе – оралмандарды құ­жат­тандыру бойынша Ішкі істер министрлігінің жұмысын оңтайландыруды қолға алу қажет екеніне тоқталды.