Руханият • 04 Маусым, 2019

«Аладдин» рекордтық көрсеткішке ие болды

1188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тура бір апта бұрын ғана Disney өнімі – есімі әлемге белгілі кинорежиссер Гай Ричи түсірген «Аладдин» киномюзиклінің қазақ тілінде көрермен қауымға жол тартқанын айтып сүйіншілеп едік. Енді, міне, айтулы туындының отандық кинопрокатта апталық көрсеткіш бойынша көш бастағаны жайлы жеткен жағымды жаңалық және қуантып отыр.

«Аладдин» рекордтық көрсеткішке ие болды

«Меломан» компаниясы өкіл­дерінің айтуынша, про­кат­тың алғашқы дема­лыс күн­дерінде қазақ тілін­де­гі «Алад­дин» ертегісін кө­рер­мен­дер­дің рекордтық саны, яғни үш мыңнан астам адам тамашалапты. Аталған цифр осыдан екі ай бұрын ғана әлемдік премьерасы өткен «Дамбо» кинокартинасының табысынан екі есе асып түседі. Компания атап өткен­дей, бұл – орыс және қазақ тілінде прокатта жүріп жат­қан фильм­ге қатысудың ең жақсы көрсеткіші.

Демек, бұдан «Болашақ» кор­поративтік қорының «Өзің­нен баста» жобасы аясында қолға алынған әлемдік үздік фильм­дерді қазақ тіліне аудару және дубляждау ісінің бүгінде көрер­мен арасында кең қолдау тапқан­дығына көз жеткізуге бола­ды.

«Аладдин» кино­мю­зик­лімен қоса есептегенде 2011 жылдан бері аталған жоба аясын­да барлығы 29 гол­ли­вуд­тық кинокартина қазақ тілі­не аударылып, дубляжда­лып­ты. Нақтырақ айтсақ, «Walt Disney Pictures»/ «Pixar» студия­ларының 13 анима­ция­­лық фильмі және «Sony Pic­tu­res», «Disney», Lucasfilm Ltd. мен Marvel Studios Inc. студия­ларының отбасылық көр­се­тілімге арналған 16 филь­мі ана тілінде сөйледі. Олар­­дың қатарында «Тачки-2»/«Көліктер 2», «Мстители-2: Эра Альтрона»/ «Кек алушы­лар: Альтрон дәуірі», «Храбрая сердце»/ «Батыл жүр­ек», «Тайна Коко»/ «Коко құпиясы», «Моана», «Ма­ле­фи­сента» және басқа туындылар бар.

Аталған жоба арқылы бүгінде отандық 100-ден астам актер «Walt Disney Pictures» дауыстар қорында тіркелген. Оның ішінде, әсіресе, Қазақ­стан­ға дубляж бойынша халықа­ралық танымалдық әкел­ген ең алғашқы анима­ция­лық фильм – «Тачки 2»/«Көліктер 2» жобасында Мэтр рөлін дыбыстаған актер Аза­мат Қанапия даусының әлем­дегі ең үздік дауыс деп таныл­уын айрықша атап өтуге болады. Сонымен қатар Азамат бес жыл бойы актер Уил Смиттің дауысын дыбыстау құқы­ғына ие болды.

Осы тұста атап өтер тағы бір ма­ңызды дерек – қазақ тілі дубляжда түрік тілінен кейінгі екінші түркі тіліне айнал­ды және «Walt Disney» ком­паниясының тарихында 39-шы, ал «Sony Pictures» студиясы рейтингінде 7-ші орын тұғырына көтерілді. Сон­дай-ақ Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне арнап шығарылатын Blu-Ray-де тамашалауға қолжетімді гол­ливудтық фильмдердің алғаш­қы жетілігіне де еніп үлгерді. Бұл – қазақ дубляжы мен актер­ле­рі үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.