«Қолына алып толғанып, Қозы жауырын жебені, Ат үстінен шіреніп, Сонда тұрып тартады» деп батырлар жырында айтылғандай, елорда төріне жиналған әлем мергендері үш күн бойы «Алтын жебе» жүлдесін сарапқа салды. Яғни, жебесі жерге түспейтін сайыскерлер сапында: түркиялық қос мерген Альперен Алкан мен Явуз Аяз, сириялық Уалид Хауажки, иран мергені Али Гурмани, болгариялық Димитар Труканов, америкалық садақшылар Ходлей Халсон мен Франк Сихлер, оңтүстіккореялық Парк Беом Нам және Ли Сунг Хо, моңғолиялық мықтылар Эрденесувд Эрдене, Гантумур Иденбаатар, ресейлік Хонгр Уладаев, Мороко Любовь, украин азаматтары Виталий Гудын мен Виталий Янченко, румыниялық венгр Михай Козмей, қырғыз сайыпқырандары Акунов Алмазбек пен Қадырбекова Аяна, т.б. сынға түсті. Мәртебелі жарысты өткізуші ел ретінде Қазақстан атынан бес мерген қатысты.
Чемпионат «Түрік стилі» және «Қазақ стилі» бойынша өтіп, бас бәйге қазақ сұрмергені Ералхан Айкөзге бұйырса, келесі жүлде моңғол мергені Эрденесувд Эрдененің қанжығасын майлады, ал үшінші орынға оңтүстіккореялық Ли Сунг Хо ие болды.