Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Көлік және инженерлік инфрақұрылым құрылыстары қарқындап келеді

1435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы үш жылда ішінде жеке секторда 170 км су құбырлары мен кәріз желілері тартылып, сумен қамтудың 94 км және су тартудың 88 км құбырлары жүргізілуде, нәтижесінде 40 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Көлік және инженерлік инфрақұрылым құрылыстары қарқындап келеді

Алатау ауданындағы көлік және инженерлік инфрақұрылымның, сонымен қатар әлеуметтік және тұрғын үй обьектілерінің құрылыс қарқынын тексерген Алматы әкімі Бауыржан Байбек ауданындағы 440-тан астам көшеге жаңа жолдар салу үшін жергілікті бюджеттен қосымша 4 млрд теңге бөлуді тапсырды.

Егер 3 жыл ішінде мұнда 15 км жол төселсе, енді жөндеу жұмыстары аяқталған соң 13 ықшам аудан тұрғындары 118 км жаңа жолға ие болады. Ауданда орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары қатар жүруде. Ұзындығы 3,2 км болатын Сайын көшесін Рысқұловтан Ақын Сараға дейін үңгілеуге қаржы бөлінді.

Әлеуметтік желілердегі өтініштерді қарап шыққан Алматы әкімі Саялы-2 ықшам ауданындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді барып көрді. Бауыржан Байбек құрылысшылардың назарын аула аумағын абаттандырудағы олқылықтарға аударып, үйді пайдалануға беруді жеделдетуді тапсырды.

Қаланың Баспсөз қызметінің мәліметтері бойынша, «Елбасы бастамасының арқасында Алатау ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс кең қанат жаюда. Өткен жылы екі мың отбасы жеке пәтерлеріне ие болды. Биылғы жылы да бірнеше тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Тұрғындар санының артуына орай көлікке қатысты мәселе туындауы мүмкін, оны алдын-ала шешу қажет. Сондықтан қалалық Мобилділік басқармасы әкіммен бірге Алатау ауданын қоғамдық көліктің жаңа бағыттарымен қамтамасыз етуі тиіс», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, Алатау ауданында Индустриалды аймаққа жақын жерде газбен жүретін 200 автобусқа арналған жаңа автобус паркінің құрылысы аяқталып қалды. «Бату travel» компаниясы 130 автобустық жеке автопарк салуда. Осылайша, қаланың қоғамдық көлігіне қызмет көрсететін және ұстап тұратын кәсіпорындар кластері қалыптасуда.

Алатау ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек жеті мың орынды жаңа мешіт құрылысының қарқынын тексерді. Жеке инвестиция есебінен салынатын нысан жобасында мешітте биіктігі 49 метрге дейін жететін бірнеше мұнаралар болады. Кешеннің орта тұсына бес күмбезді негізгі ғимарат орналасады.

Бұрындары құрылыс мерзімі учаскені су басып қалу қаупінен сақтау үшін жүргізілген инженерлік қорғау жұмыстарына байланысты ұзарған еді. Қазіргі кезде 3 мың свай бекітілді және іргетасы бетондалды. Негізгі блоктың арматуралы қабырғаларын орнату басталды.

Жалпы 10 жыл ішінде қалаға қосылған ауданға 430 млрд. астам теңге жұмсалды. 12 мектеп, 5 емхана, 98 мемлекеттік және жеке бала бақшалар, бірқатар спорт және мәдениет объектілері іске қосылды. «Универсиада мұрасы» жобасы бойынша кезекте тұрғандардың 1,7 мыңы Атлеттер ауылынан жайлы пәтерлер алды.

Ауданның Индустриалды аймағында жапондық, корейлік, ресейлік, қытайлық, итальяндық және өзге де шетелдік инвестициялар есебінен 39 жоба жүзеге асуда. Биылғы жылы құны 37,6 млрд. теңге болатын төрт жобаны іске қосу жоспарланған.

 

 

АЛМАТЫ