Президент • 05 Маусым, 2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының жұртшылығымен кездесті

1040 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Атырау облысы – мәдени және адам әлеуеті мол, экономи­ка­лық мүмкіндіктері зор аймақ. Ең бастысы, бұл жетістіктер аймақ халқының өмір сапасы мен табысының өсуіне ықпал етуі тиіс», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайлы аймақ жұртшылығымен кездесуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Атырау облысының жұртшылығымен кездесті

Өңірге білікті мамандар даярлау керек

Бұл ретте әкімдік, Үкімет, бизнес үштігінің бірлесе әрекет етуі маңыз­ды. Ел дамуын еселеу жолындағы нақ­ты қадамдарды айтқан Президент Атырау­дағы өзекті жайттарға да назар аудар­ды. Мәселен, өткен жылы мұнай-газ саласындағы ең ірі үш жобаның өнімдер мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 34 пайыз болды. Бұл көрсеткіш бір­неше жылдан бері алға жыл­жымай тұр. Не себеп? Отан­дық өндірушілерді дамыту үшін мұнай-газ секторының әле­уе­тін қаншалықты пайдала­нып отырмыз? Осы мәселені көлденең тартқан Мемлекет басшысы: «Біз бар­лық келісімшарттардың тұрақ­ты­­­лы­ғын берік сақтап келеміз, – деп атап өтті. – Соның өзінде мүм­­­кін­діктер толық­қанды игеріл­мей­­ді. Жергілікті кәсіп­кер­лердің өнім­­дері мен қызмет­терін сатып алуы­­на не кедергі? Бұл мәселені анық­­тап, шешімін бірге табуға тиіс­­піз. Жергілікті тұр­ғындар мен отан­­дық бизнес­тің күткені осы».

Мысалы, Қашаған жобасы бо­йынша қазақстандық компаниялар үшін тең дәрежеде қолжетімді етуге құны 20 млн доллардан асатын сатып алу жұмыстарына ғана келісім беріледі. 

«Сөйте тұра, қазақстандық ком­пания­лардың басым бөлігі осы межеден тө­мен деңгейде жұмыс істейді. Бұл мәсе­ленің шешімін табуы отандық бизнеске пайдалы болар еді. Жергілікті өнім өндіру­шілерге қолдау керек. Қазір салық және бюджеттік басқа да төлемдер бойынша тек шетелдік жеткізушілерге жеңілдік бар.

Соның кесірінен біздің кәсіпкер­лер байқауға қатысуға еш әрекет жасамайды, себебі одан еш пайда жоқ екенін біледі. Үкімет осы жағдайды өзгертуі тиіс. Барлық компаниялар арасында әділ және адал бәсеке болуын қамтамасыз ететін айқын жүйе жасау керек», деп нақтылады Мемлекет басшысы. 

Ірі өндіріс ошақтары шоғырланған Атырауда біліктілік деңгейлері бірдей жер­гілікті және шетелдік жұмыс­шы­лардың еңбекақыларын теңестіруге қатысты да мәселе бар. «Білікті мамандарды алаламай, лайықты жалақысын төлеу керек. Бүгінде отандық жұмыс беру­шілердің 70 пайызы колледж түлек­терінің білімдеріне көңілдері толмайды. Өңір­де мұнай-газ саласы үшін білікті­лі­гі жоғары жергілікті мамандарды даяр­лау­ды қолға алу қажет. Азаматтарымыз сапалы білім алып, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы үшін барлық жағ­дайды жасауымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жайық арнасынан тартылып барады

Әрине мұнай-газ саласының ел экономикасына қосатын үлесін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ бұл мәселенің көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау шараларын жасаудан айыппұл төлеуді жеңіл көретіндері рас. «Атырау экологиясы тек облыстың ішкі мәселесі емес, оны шешуге барлығымыз бір кісі­дей жұмылуымыз керек. Бұл – менің негізгі қағидамның бірі, – деп атап өтті Президент. – Қарт Каспий мен Ақ­жайық­тың айрықша әлеуетін сақтап, тиім­ді пайдалану қажет. Өндіруші ком­пания­лардың Каспий теңізіне залал кел­тіруіне жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдау керек, технологиялық үдерістердің бәрі қатаң бақылауға алынуы тиіс. Каспийдегі технологиялық қауіпсіздік әлемдегі ең үздік деңгейде болуы шарт».

Атырау экологиясы туралы сөз қозғалғанда, «Сасықсайды» айтпай кету мүмкін емес. Бірнеше жыл бойы қоршаған ортаны бүлдіріп, өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына теріс әсерін тигізіп келе жатқан «Сасықсай» көп ұзамай жабылады. Мем­­лекет басшысы буландыру алаңын тік­­ұшақпен арнайы аралап, жағдаймен та­­нысты. Қазір облыс орталығының сол жаға­­лауында кәріз суын тазарту кешені са­лы­нып жатыр. «Бұл – халықтың ден­сау­­лы­ғына қатысты мәселе», деген Мем­­лекет басшысы кешен құрылысын уақы­тын­да және сапалы аяқтауды тапсырды.

Атырау жұртшылығымен жүздескен Президент өңірдің су қорын қалпына келтіру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. «Жайықтың су ресурстарын сақтау және қалпына келтіру саласында Ресеймен ынтымақтастықты нығайта түсу қажет», деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жұмыстар жіті бақылауында болатынын айтты. Шыны керек, Жайық пен Қиғаш өзендерінің суы тартылып барады. Өзендердің гидрологиялық жағдайын жақсарту, ауыз сумен қамту мәселесі сондықтан да кезек күттірмейді. 

Ашық пікірталас алаңына айналған кездесуде Атырау қалалық №5 емхана­ның дәрігері Айдана Ертілеуова халық ден­сау­лығына қоршаған орта тазалығы тікелей байланысты екенін айта келіп, мемлекет тарапынан жекелеген компа­нияларға талап күшейтілсе деген тілегін жеткізді. 

Балық шаруашылығы: комитет құрыла ма?

Өткен жылдың соңында Жайық өзенінде жаппай балық қырылды. Бүкіл елді алаңдатқан оқиғаның салдарынан 118 тоннаға жуық су маржанының өлексесі ғана қалды. Бұл, сөз жоқ, орасан шығын. «Қазір тергеу аяқталды. Кінә­лі­лер жазаларын алады», деді Президент. 

Атырау – бұрыннан балықпен аты шыққан аймақ. Тіпті әлемдегі ірі балық шаруашылығы орталығы ретінде белгілі болды. Қазіргі ахуал қандай? Өңірдің балық өнеркәсібін қалпына келтіру және дамытудың тиімді жолдарын іздестіру керектігін айтқан Қасым-Жомарт Кемел­ұлы браконьерлікті кәсіпке айнал­дыр­ғандармен күресті күшейту маңыз­ды міндет екенін атап өтті. Каспий теңі­зін­дегі бекіре балықтардың саны жыл санап азайып барады. Осы жайтты ашық айтқан Президент балық зауытының жұмысын жандандырып, инвесторлар тартуды тапсырды.

«Амангелді» ЖШС басшысының көмек­шісі Санат Тілепберген балық шаруа­­шылығын дамытуға қатысты күн­­­де­лікті жұмыстарында кездесіп жүр­­­­ген келеңсіздіктерді жасырмады. Қазір­­­гі талап бойынша балықшылар ба­лық­­­­ты пайдаланғандары үшін алдын ала төлемді толық төлеуге міндетті. Мы­салы, көршілес Ресейде 10 пайызын ғана алдын ала төлейді, қалғанын жыл бойына төлеу қарастырылған. «Біз осыны қате деп есептейміз, – деді С.Тілеп­берген. – Ауланбаған балық – түспеген кіріс. Осы салықты алып тастап, басқа сала­лар­дағыдай жұмыстың нәтижесі арқылы төлесек, әлдеқайда жақсы болар еді». 

Балық шаруашылығына жауапты дербес орталық мемлекеттік органның болмауы салдарынан балықшылар Үкі­меттен көмек ала алмай отыр. Айталық теңіздегі кейбір балық түрлерін аулауға қуатты кемелер керек, ал оны сатып алуға кооперативтердің мүмкіндіктері бола бермейді. Жалпы, еліміз бойын­ша 200 мыңнан астам адам балық шаруа­шылығы саласында еңбек етеді екен. Атыраулық балықшылар Ауыл шаруа­шылығы министрлігі жанынан бөлек комитет құрылса деген тілекте.

Сапасыз жол – елге сын

Аймақта 2000 шақырымнан астам автокөлік жолы бар, бірақ соның тең жартысына жуығының жағдайы сын көтермейді. «Нағыз сапалы жол қандай болуы керек? Ең алдымен, сол жолды пай­даланатын тұрғындарды діттеген жеріне жылдам жеткізетін қауіпсіз бо­луы тиіс. Қазір Индер мен Миялы ара­сын­дағы 120 шақырымды жүріп өту үшін 5 сағат керек, ал жөндеуден кейін бұл уа­қыт 3 сағатқа қысқарады», деді Президент.

Елбасы былтыр облысқа келген сапарында Атырау – Астрахань жолын жөндеу туралы тапсырма берген болатын. Күре жолдың алғашқы 60 шақы­ры­мын жөндеуге 26 млрд теңге бөлінді. 2020 жылдың соңына дейін жөндеу жұмысы аяқталуы тиіс. «Қалған 217 шақырым жолды жөндеу жұмысын 2021 жылдан кешіктірмей қолға алуды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында сөз алған Исатай аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жұмажан Қадымов әбден қазаншұңқырға айналып, жүру қиындап кеткен Атырау – Астрахань жолының құрылысы тезірек қолға алынса деген тілегін айтты.

Өткен бес жыл ішінде облыста 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Баспанамен қамту мәселесінде өңірде біраз ілкімді істер бар. Тек өткен жылдың өзінде 5700 отбасы қоныс то­йын тойлады. Осындай көрсеткіштерді айтқан Мемлекет басшысы: «Баспаналы болу – кез келген адамның тілегі. Біз бұған қажет жағдайдың бәрін жасауымыз керек. Әр азамат жайлы да заманауи үйде тұруы тиіс», деді. 

Жиында өңірдегі медицина сала­сының көрсеткіштерін арттыру, жем­қорлыққа қарсы күрес саясатын күшей­ту жайы да кеңінен қозғалды. 

– Елдің дамуына бағытталған, Ел­ба­сы бастамасымен жүзеге асып жат­қан бағдарламалардың, халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде сіз берген тап­сыр­малардың нәтижесінде Атырау облысында әлеуметтік-экономика­лық оң даму динамикасы қалыптасты. Қа­зір­гі таңда облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. 

Мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым, ардагерлер, кәсіподақтар мен жастар ұйым­дарының өкілдері, мемлекеттік қызмет­кер­лерден құралған өңір жұртшы­лы­ғы­мен емен-жарқын жүздескен Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қойнауы қара алтынға толы Аты­рау – ел дамуына елеулі үлес қосып отыр­ған облыс. Ол, ең алдымен, жергілікті халық­тың арқасы. Атырау жұрты – білім­ді, еңбекқор, дәстүрді сақтап отыр­ған ел. Орталарыңызға үлкен ризашы­лық­пен келіп отырмын», деді.
Мемлекет басшысы бірқатар азаматқа елеулі еңбектері үшін ризашылық біл­діріп, алғыс хаттар табыстады. 

АТЫРАУ