Аймақтар • 05 Маусым, 2019

Алматыда рәміздер күні аталып өтті

1348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан 27 жыл бұрын 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ресми бекітіліп, мемлекеттігіміздің айшықты белгісіне айналды. Осы айтулы шараға орай Алматыдағы Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Мемлекеттік рәміздердің 27 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Алматыда рәміздер күні аталып өтті

Жастардың алдында сөйлеген сөзінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қазақстанның мемлекеттік рәміздері Отанға, ел тарихы мен мемлекеттік тілге, мәдениет пен дәстүрге деген шынайы сүйспеншіліктің көрінісі екенін атап өтті.

Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек осыдан 27 жыл бұрын Алматының нақ төрінде аса маңызды тарихи оқиға – тұңғыш рет мемлекеттік рәміздер қабылданды. Ту, Елтаңба мен Әнұран - халқымыздың арманы мен аңсарының, дархандығы мен даралығының, әлеуеті мен мүмкіндігінің жиынтық көрінісі, деп атап өтті. - Бүгінгі Қазақстан - тұрақты дамыған, өркен жайған мемлекет. Сіздер, тәуелсіз Қазақстанның өскелең ұрпақтары терең білім, ерен еңбек және өзара топтасу арқылы Отанымызды, білім мен ғылымды, экономиканы алға жылжытасыңдар. Елбасы бір сөзінде «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» - деген еді. Тұңғыш Президентіміздің осы нақыл сөзін еліміздің әрбір азаматы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстап, орындауы қажет» деген қала басшысы барша қауымды рәміздер күнімен құттықтады.

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.


АЛМАТЫ