17 Наурыз, 2010

ӨМІРДІ ӨНЕРМЕН ӨРНЕКТЕГЕН ӨРЕНДЕР

2892 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
“Қазақстан КВН одағының” жыл сайынғы чемпиондар лигасын жастар тағатсыздана күтетіні белгілі. Сол себепті өткен сенбі күні 2009 жылғы көңілділер мен тапқырлар клубы командаларының ішіндегі ең үздігін анықтау үшін Астана жастары Конгресс-холл сарайына жиналды. Сөз ретіне қарай айта кетейік, қазіргі таңда бұл клуб жақсы же­тіліп, дамып келеді. Жастар ара­сында үлкен бедел мен абыройға ие оның мүшелері қоғам өміріне сай ойларды сәтті түйістіру арқылы қыз-жігіттерді отансүйгіштікке, саламатты өмір салтына, білім мен ғылымға ұмтылыс жасауға үлкен серпін беруде. Сондықтан да, тәрбиелік маңызы жоғары осындай көңілділер мен тапқыштардың ойындарын жастар тамсана тамашалайды. “Чемпиондар лигасы-2010” ойы­­нына республиканың әр өңірінен келген онға жуық команда қаты­сып, өзара бақ сынасты. Сахна мә­де­ниеті мен әртістік шеберлік, би, ән және қимыл-қозғалыс мә­не­рі, ой ұш­қырлығы сынды өнер атау­­лының түрлі жанрларын қам­ты­ған бұл ойын үш сағатқа созыл­ды. Бәрі өз өнер­лерінің шебері екен. Сондықтан да қазылар ал­қасының төрағасы  Қыдырәлі Болманов бастаған жюри мүшелері жастардың ойынын бағалауда кә­дім­гідей ойлануға тура келді. Ақы­рында Үлкен кубокты Шымкент қаласынан келген “Сөз тимесін” командасы иемденсе, кіші кубок Тараз қаласының “Тараз-2000” командасына бұйырды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ, Астана.