Қоғам • 06 Маусым, 2019

High-tech: Сұлулық индустриясындағы 5 үрдіс

1064 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түрлі косметика брендтері соңғы технологиялық жетістіктерден қалыс қалар емес. Өзара қатаң бәсеке виртуалды шындықтан бастап, жасанды интеллектіге дейін әкелді. Бұл жанталас шынайы жанашырлық па, әлде кезекті назар аудартудың бір тәсілі ме?

High-tech:  Сұлулық индустриясындағы 5 үрдіс


L'Oreal фирмасы былтыр сұлулық саласында әлем­дік көшбасшы болу­ды мақсат етпейтінін мә­лім­­деген кезде, сұлулық индустриясындағы сала­лық өзгерістерді айқын бай­қатқан болатын. «Соңғы 30-40 жылда кос­ме­­ти­ка­лық өнімдерге қа­тыс­ты әйелдердің сұра­ныс­тары өзгерген жоқ, бірақ енді жаңа технология­лар неғұрлым талғампаз тұты­ну­шыны қалыптастырды, – дейді L'Oreal фирмасының техно­ло­гиялық бөлімшесінің вице-президенті Гив Балух. 

Соны­мен бұл саладағы техно­­логиялық дамудың озық жаңалықтары қандай?


 

1. Дербестік және жасанды интеллект

Гив Балухтың айтуын­ша, әйелдердің тең жартысы тері түсіне сай рең таба алмайтындарына шағым­да­на­ды. Ал бидай өңді, қара қыздар үшін таңдау еркі тіпті шектеулі. Мәселен, Lancome компаниясының Le Teint Particulier сканері 20 мың тональды крем ұсы­на­ды. Алайда осынша мың сан кремді дүкендерде бір уақытта ұстау мүмкін емес. Осы олқылықтың орнына аталған фирма Teint Particulier деп аталатын арна­йы аппаратты ұсынып отыр. Ол қолма-қол тері реңіне сай жасанды интеллект алгоритмін қолдана оты­рып, кремнің түстік гам­масын анықтап береді. Алын­ған деректер өңделіп, қажетті түс таңдалады. Крем рецебі бірден маши­на­ға бе­ріліп, дүкенде қажетті түс­тер араластырылады. Тиім­ділігі жөнінен сатып алушы­ларға ұнап та жатыр, әйткенмен бағасы да бар­шы­лық.


2. Виртуалды бояну

Онлайн-дүкендер ың­ғай­­лылық үшін қосымша нақты­лық техноло­гия­ла­рын қолданысқа шы­ғар­ды. DM неміс дүкені виртуалды макияж бағ­дар­ламасын ұсынды. Мы­са­лы, Sephora фирмасы қолданатын Virtual Artist бағдарламасы клиенттерге смартфондардың көмегімен ерін далабының мыңдаған түрін таңдауға көмектеседі. Қолданба тері құрылымына сай шешім қабылдап, бет әлпетіңізге қона кететін бояу­лар­ды дереу анықтайды. 2016 жылы Virtual Artist қосым­ша­сымен 200 миллионнан астам клиент тәжірибеден өткен.

 

3. «Ақылды» күтім

Бет күтімін бағалау үшін компьютерге қаншалықты сенесіз? Тайваньдық New Kinpo Group фирмасы жа­са­ған HiMirror құрыл­ғы­сы «ақылды айна» болуға талпынады. Құрылғыны іске қоссаңыз болғаны, бетті суретке түсіріп, әжімдер мен дақтар, құрғақтық пен сезімталдық деңгейін анықтап береді. Шектік шкал­а бойынша бағалап, косме­тика таңдауда жекелеген кеңестер ұсына алады. Техниканың аты техника, толықтай сене беруге де болмас, десе де белгілі бір шамада пайдалы екені рас.

 

4. 3D макияж

Ерте ме, кеш пе визажист роботтардың шығатыны расқа айналатындай. Биыл Лас-Вегастағы тұтынушы электроникасы көрмесінде таныстырылған Proctor and Gamble фирмасының Opté 3D құрылғысы көпшілікті таң-тамаша етті. Ерекшелігі сол, секундына 200 кадр түсіретін шағын камерасы арқылы бет терісін біркелкі сканерлей отырып, микропринтер сізді әп-сәтте бояндырып береді. Микропринтердің дәлдігі соншалықты, салыстырмалы шығын мейлінше аз жұмсалады. Бұйымның жаппай өндірісі 2020 жылға қарай жоспарланып отырғанын ескерсек, визажистердің қазірден бастап өзге салада іздене бергені дұрыс па дейсіз.

 

5. Виртуалды  косметика

Кең танылған вир­туалды косметика ешкімді таңғалдырмайтын болды. Әуелден солай болуы тиістей, әлеуметтік желі­лерде қалаған образ­да «боянып», дүр сілкініп шыға келетіндер көп. Яғни, бұрынғыдай бар өнеріңізді салып боянудың, шашыңыз­­­­­ды он күн тарап, бес күн өрудің қажеттілігі жоқ. Instagramm желісінде париж­дік Инес Марзет жасаған виртуал­ды сүзгілерін киіп алсаңыз болғаны, әп-сәтте қалаған образда қаһар­ман­ға айналып шыға келесіз. Әралуандығымен ерек­шеленетін оның фантас­ти­­калық бейнелері аз уа­қыт­та жаппай танылып кетті. Ол жасаған фильтр­лер сериясы Snapchat же­лі­сі қолданушыларын да әжеп­тә­уір қарық қылып тастаған тәрізді.