Бұл бағыттағы қызметті қаржыландыруға шамамен 40 млрд теңге «ҚИК» ИҰ» АҚ меншікті қаражаты мен нарықтық талаптарға сәйкес қарызға алынған қаражат жұмсалатын болады. Сондықтан бағдарламаны іске асыру мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ салмайды. Пәтерлер бастапқы жарнасыз, 20 жылға дейін жалға беріледі. Тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданбастан мерзімінен бұрын сатып алуға мүмкіндік бар. Егер кіріс жеткіліксіз болса кепілгерлерді тартуға болады.
«Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның ұсынысы бойынша Қазақстан Ипотекалық Компаниясы білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған тұрғын үйді ипотекалық несиелендіру бойынша бағдарлама әзірледі. Компаниямыз 2015 жылдан бері сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер салу мен сатып алуды қаржыландырып келеді. Осы кезге дейін біз Қазақстан бойынша 18 мыңнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Біздің компанияның тәжірибесі осы әлеуметтік маңызы бар жобаны нәтижелі іске асыруға мүмкіндік береді деген сенімдеміз», деді «ҚИК» ИҰ» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариевтің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда білім саласында қызмет ететін 10 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Бағдарлама бойынша алдағы екі жылда олардың 1500-і тұрғын үймен қамтылмақ.
Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзінше, бүгінде 15 мың медицина қызметкері баспанаға зәру. «Қазақстанда медицина саласында еңбек ететін 400 мыңға тарта қызметкер бар. Оның 15 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж. Меморандум негізінде 1,5 мың медициналық қызметкер жалға берілетін баспананы алатын болады. Бұл жұмысты әрі қарай жергілікті атқарушы органдармен жалғастырамыз. Менің ойымша, осы шаралар арқылы дәрігер мен мейірбикелердің әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Бұл тікелей медициналық қызметтің сапасын көтеруге септігін тигізеді», деді министр.
«Меморандумға қол қойылды. Министрліктер ендігі кезекте бір-екі аптаның ішінде үй кезегінде тұрғандардың тізімін беруі тиіс. Мұнан соң біз кезекте тұрған мұғалімдер мен дәрігерлердің төлем қабілетін тексереміз. Керекті құжаттардың барлығы дайын болғанда бағдарламаны бастаймыз», деген «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ атқарушы директоры Мақсат Меңдібаев алдағы 2-3 айда пәтерлердің беріле бастайтынын жеткізді.